Осы Заң ұлттық стандарттау жүйесінің жұмыс істеуіне бағытталған құқықтық негіздерді айқындайды.
Стандарттау туралы Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 қазандағы № 183-VІ Заңы
Редакция 17.07.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әскери ұлттық стандарт – белгілі бір және арнайы пайдалану мақсатында әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) объектілерге қағидаларды, жалпы қағидаттар мен сипаттамаларды белгілейтін, оның ішінде мемлекеттік құпияларға жатқызылатын және таратылуы шектеулі мәліметтерді қамтитын өнімдерге, процестер мен көрсетілетін қызметтерге арналған стандарттау жөніндегі құжат;
2) дайындаушы – өткізу үшін өнім өндіретін жеке немесе заңды тұлға;
3) көрсетілетін қызмет – жеке және заңды тұлғалардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелерінің материалдық мәні болмайтын қызмет;
4) мемлекетаралық стандарт – стандарттау жөніндегі өңірлік ұйым – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңесі қабылдаған өңірлік стандарт;
5) негізге алынатын ұлттық стандарт – ұлттық стандарттау жүйесінің жалпы ұйымдастырушылық-әдістемелік ережелерін белгілейтін және қолданылу саласы кең немесе белгілі бір стандарттау саласы үшін жалпы ережелерді қамтитын стандарттау жөніндегі құжат;
6) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры – Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылатын нормативтік техникалық құжаттарды, стандарттау жөніндегі құжаттарды (әскери ұлттық стандарттарды және ұйымдардың стандарттарын қоспағанда), сондай-ақ бұлар туралы мәліметтерді қамтитын, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, жалпыға қолжетімді мемлекеттік ақпараттық ресурс;
7) өзара байланысты стандарттар – техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін ұлттық стандарттар және (немесе) мемлекетаралық стандарттар;
8) өнім – қызметтің материалдық-заттай нысанда ұсынылған және шаруашылық және өзге де мақсаттарда одан әрі пайдалануға арналған нәтижесі;
9) өнiмнiң өмiрлiк циклi – өнiмдi жобалау, өндiру, пайдалану немесе тұтыну, сақтау, тасымалдау, өткiзу, жою және кәдеге жарату процестерi;
10) өңiрлiк стандарт – стандарттау жөніндегі өңiрлiк ұйым қабылдаған стандарттау жөніндегі құжат;
11) процесс – өнiмнiң өмiрлiк циклі кезеңдерін қоса алғанда, қандай да бiр тапсырылған нәтижеге жету жөнiндегi өзара байланысты және ретімен орындалатын iс-қимылдар (жұмыстар) жиынтығы;
12) ресми басылым – нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры басып шығаратын, ұлттық стандарттау белгісі салынған стандарттау жөніндегі құжаттың (әскери ұлттық стандарттарды және ұйымдардың стандарттарын қоспағанда) баспа не электрондық мәтіні;
13) стандарттардың ақпараттық көрсеткіші – стандарттау жөніндегі қабылданған құжаттар, оларға өзгерістер туралы ақпаратты, сондай-ақ оларды қолданысқа енгізу мерзімдерін және қосымша ақпаратты қамтитын мерзімділікпен басып шығарылатын көрсеткіш;
14) стандарттау – нақты қойылып отырған және әлеуетті міндеттерге қатысты жалпыға бірдей, көп рет пайдалану үшін ережелер белгілеу арқылы стандарттау объектілерінің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге және стандарттау объектілеріне қойылатын талаптарды ретке келтірудің оңтайлы дәрежесіне қол жеткізуге бағытталған қызмет;
Полная версия