Осы Заң педагог мәртебесін айқындайды, педагогтің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейді.
Педагог мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 293-VІ Заңы
Редакция 11.01.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) педагог – педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, білім беру қызметін әдістемелік қолдау немесе ұйымдастыру бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адам;
2) педагогтік әдеп – педагогтердің Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген мінез-құлық нормалары;
3) педагогтік әдеп жөніндегі кеңес – білім беру ұйымдарында және білім беру саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінде құрылатын, педагогтердің педагогтік әдепті сақтау мәселелерін қарайтын алқалы орган;
3-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 23.02.2024 жылғы № 64-VIII Заңына сәйкес (20.04.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 27.04.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
4) тәлімгерлік – педагогтің орта білім беру ұйымында педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кіріскен адамға кәсіптік бейімделуіне практикалық көмек көрсету жөніндегі қызметі.
2-бап. Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
Осы Заңның күші мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, мамандандырылған, арнаулы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға қосымша білім беру ұйымдарында, сондай-ақ әдістемелік кабинеттерде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерге қолданылады.
Әскери оқу орындарының педагогтеріне осы Заңның күші «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктермен қолданылады.
3-1-бап. Осы Заңның негізгі мақсаттары, қағидаттары мен міндеттері
Осы Заң 3-1-баппен толықтырылды ҚР 30.12.2024 жылғы № 148-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 11.01.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1. Осы Заңның негізгі мақсаттары педагогтердің ерекше жағдайына қол жеткізу және оны сақтап-тұру, олардың мәртебесін бекіту, сондай-ақ құқықтық жағдайын арттыру болып табылады.
2. Осы Заң ізгілік, әділеттілік, педагогтердің кәсіптік қасиеттерін еркін дамыту, педагогтердің кәсіптік қызметпен айналысу құқықтарының теңдігі, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қағидаттарына негізделеді.
3. Осы Заң мынадай негізгі міндеттерді орындауға бағытталған:
1) педагогтерге әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету;
Полная версия

