Осы Заң Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасына құжаттама
Қараңыз: Жолдаманы Қараңыз: Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы
ЖОБА
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы»
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган – қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары;
3) негізгі қызмет түрлері – Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру мақсаттарына сәйкес келетін Оператор қызметінің түрлері;
4) радиоактивті ластанған объектілер – қоршаған орта объектілері және адамның антропогендік қызметі нәтижесінде құрылған, ол жерлерде болған кезде сәулелену дозалары нормативтік мәндерден асатын объектілер;
5) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы – Қазақстан Республикасы аумағының шектеулі бөлігі, осы Заңда көзделген Семей ядролық қауіпсіздік аймағының арнайы құқықтық режимі қолданылатын, нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған Семей сынақ полигоны аумағының аймағы;
6) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы инфрақұрылымының объектілері – Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында орналасқан және оның жұмыс істеуі үшін пайдаланылатын, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жер учаскелерінде орналасқан өндірістік және сынақ алаңдарының, техникалық құралдардың, құрылғылардың, инженерлік коммуникациялардың, ғимараттардың, құрылыстар мен жер учаскелерінің кешені;
7) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының операторы (бұдан әрі – оператор) – Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы Заңға сәйкес айқындалатын заңды тұлға;
8) ядролық қауіпсіздік аймақтарының жері – Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген, ядролық қауіпсіздік аймағын құруға және оның жұмыс істеуіне арналған жер санаты;
9) ядролық қару сынақтары жүргізілген аумақтарды кешенді экологиялық тексеру – ядролық қару сынақтары, әскери техника, соның ішінде зымыран техникасының сынақтары жүргізілген жер учаскелеріндегі қоршаған ортаның жай-күйін бағалауға бағытталған экологиялық тексеру.
2-бап. Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
Полная версия

