Близость слов: Окончание:





Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы
Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 21 мамырдағы № 122-VII Заңы
Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2022 жылғы 11 тамыздағы № 123-ө өкімін қараңыз
Редакция 08.06.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Осы Заң Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздерін айқындайды және биологиялық қатерлерді болғызбауға бағытталған.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ауруға бейім организм – патогенді биологиялық агентке инфекциялық және (немесе) паразиттік аурудың дамуы арқылы реакция беретін немесе оның тасымалдаушысы болатын адамның, жануардың, өсімдіктің организмі;
2) әлеуметтік қашықтық – адамдар арасындағы инфекция жұқтыру тәуекелінің деңгейін төмендетуге қажетті оңтайлы арақашықтық;
3) биологиялық қауіпсіздік – адамдардың және табиғи ортаның жекелеген компоненттерінің (атмосфералық ауаның, жерүсті және жерасты суларының, жер бетінің және топырақ қабатының, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің және өзге де организмдердің (бұдан әрі – табиғи ортаның жекелеген компоненттері) қауіпті биологиялық факторлардан қорғалуының, оның ішінде биологиялық қорғау шараларымен қамтамасыз етілетін жай-күйі;
4) биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптар – Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ осы Заңның 9-бабының 11) тармақшасына сәйкес бекітілетін тізбеге енгізілген нормативтік техникалық құжаттарда, ұлттық және (немесе) мемлекетаралық стандарттарда қамтылған, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін нормалар;
5) биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган – биологиялық қауіпсіздік саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
6) биологиялық қорғау – патогенді биологиялық агенттерді құқыққа сыйымсыз пайдаланудан физикалық қорғау (ұйымдастырушылық іс-шаралардың, инженерлік-техникалық құралдардың және оларды қорғау жөніндегі іс-қимылдардың жиынтығы), патогенді биологиялық агенттермен қауіпсіз жұмыс істеуді бақылау, есепке алу және қамтамасыз ету, олардың жоғалуын, жымқырылуын, оларға санкцияланбаған қол жеткізуді немесе олармен санкцияланбаған жұмыс істеуді, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттер пайдаланылатын және (немесе) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қатысты терроризм актілерін және (немесе) диверсияларды болғызбау жөніндегі шараларды қабылдау арқылы іске асырылатын биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені;
7) биологиялық тәуекел – патогенді биологиялық агенттердің адамдардың, жануарлардың саулығына, өсімдіктерге зиян келтіру ықтималдығы, сондай-ақ олардың табиғи ортаның жекелеген компоненттеріне түсу ықтималдығы;
8) көмекші персонал – патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілердің патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу кезінде қосалқы функцияны орындайтын жұмыскерлері;
9) қауіпті биологиялық фактор – патогенді биологиялық агенттердің және оларды қамтитын объектілердің, тасымалдаушылар мен жұқтырғыштардың адамдардың, жануарлардың саулығына, өсімдіктерге теріс әсер ету, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттердің табиғи ортаның жекелеген компоненттеріне түсу тәуекелдерін арттыруға алып келетін оқиға, жағдай, қасиет және (немесе) процесс;
10) микроорганизм штаммы – белгілі бір биологиялық қасиеттері бар микроорганизм түрінің біртекті өсіндісі;
11) патогенді биологиялық агент – адамның, жануардың немесе өсімдіктің организмінде инфекциялық және (немесе) паразиттік процесті туғызуға қабілетті микроорганизмдер, биологиялық және өсімдік тектес улар (уыттар), гельминттер, нематодтар;
12) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу – патогенді биологиялық агенттерді зерттеу, жою және (немесе) иммундық-биологиялық препараттарды әзірлеу мақсатында оларды бөлуге (табуға), әзірлеуге (жасауға), өндіруге (дайындауға), олардың айналымына (оның ішінде әкелуге (әкетуге), сақтауға, тасымалдауға) тікелей бағытталған патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу процестері (сатылары);
13) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын маман (бұдан әрі – маман) – техникалық және кәсіптік және (немесе) орта білімнен кейінгі білімі және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары білімнен кейінгі білімі және (немесе) ғылыми дәрежесі бар және белгіленген тәртіппен патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге жіберілген жеке тұлға;
14) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъект – осы Заңда белгіленген тәртіппен және шарттарда патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
Полная версия
ИС BestProfi