Близость слов: Окончание:





Внимание! Документ утратил силу с 18.09.2023
Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидаларын бекіту туралы
   Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 5 қазандағы № 791 қаулысы
Осы Қаулы 2023 жылғы 18 қыркүйектен бастап күшін жойды ҚР Үкіметінің 06.09.2023 жылғы № 770 Қаулысына сәйкес 
«Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 3-бабының 10-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі. 
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә. Смайылов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы « »
№ қаулысымен
бекітілген
Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидалары
1. Осы Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 3-бабының 10-1) тармақшасына, «Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына сәйкес әзірленді және ғылыми, ғылыми-техникалық кадрлардың біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтарда және өзге де ұйымдарда (бұдан әрі – шетелдік ұйымдар) ғылыми тағылымдамадан өту үшін үміткерлерді конкурстық іріктеуді ұйымдастыру және жүзеге асыру, сондай-ақ ғылыми тағылымдамадан өту тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) әкімші – шетелде кадрларды даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың халықаралық бағдарламалары бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұйым;
2) ғылыми тағылымдама – «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберіндегі тағылымдаманы қоспағанда, таңдалған ғылыми зерттеулер бағыты бойынша кәсіби құзыреттілікті дамыту мақсатында шетелдік жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтарда және өзге де ұйымдарда ғалымдардың тағылымдамадан өтуі;
3) жұмыс беруші – жұмыскер Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша еңбек қатынастарында тұратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы, оның филиалы, өкілдігі;
4) кешенді тестілеу – зияткерлік қабілеттер, тұлғалық-іскерлік құзыреттілік, шетелде оқуға психологиялық әзірлік деңгейін айқындау бойынша тестілеу;
5) конкурс жеңімпазы – осы Қағидаларда көзделген барлық турлардан өткен, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешіміне сәйкес ғылыми тағылымдама тағайындалған үміткер;
6) сараптама комиссиясы – Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы жанындағы ғылыми тағылымдамадан өту конкурсына (бұдан әрі – конкурс) қатысатын үміткермен жеке әңгімелесуді жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган;
7) үміткер – осы Қағидаларда көзделген талаптар мен шарттарға сай келетін және конкурсқа қатысатын Қазақстан Республикасының азаматы;
8) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия – Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы және ғылыми тағылымдамалардан өту мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган (бұдан әрі – Республикалық комиссия);
9) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында салааралық үйлестіруді және басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі – жұмыс органы).
3. Ғылыми тағылымдама ғылыми тағылымдамадан өту үшін ғылыми зерттеулердің басым бағыттары тізбесіне (бұдан әрі – тізбе) сәйкес жүргізілетін ғылыми зерттеу шеңберінде жүзеге асырылады.
Полная версия
ИС BestProfi