Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 4-9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезіндегі фотограмметриялық жұмыстар жөніндегі әдістемені бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 21 қазандағы № 335 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 22 қазанда № 30299 болып тіркелді
1. Қоса беріліп отырған Цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезіндегі фотограмметриялық жұмыстар жөніндегі әдістеме бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Е. Карашукеев
«КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі 2022 жылғы 21 қазандағы № 335 бұйрығымен бекітілген
Цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезіндегі фотограмметриялық жұмыстар жөніндегі әдістеме
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезіндегі фотограмметриялық жұмыстар жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 4-9) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Әдістеме цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезінде фотограмметриялық жұмыстар жүргізу үшін қолданылады.
3. Цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезінде фотограмметриялық өңдеу үшін ғарыштық аппараттардан, басқарылатын әуе кемелерінен және пилотсыз ұшу аппараттарынан алынған суреттер қолданылады.
4. Осы Әдістемеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аэрофототүсірілім – жер иеліктерінің шекарасын картаға түсіру, анықтау, қоршаған ортаны зерттеу мен оның мониторингі үшін аэрофотосуреттерді пайдалану мақсатында аэрофотоаппараттың көмегімен әуе кемелерінен және басқа да ұшу аппараттарынан жергілікті жерді фотосуретке түсіру;;
2) аэрофотограмметрия – әуе кемелерінде орнатылған түсіру жүйелерінен алынған фотограмметриялық суреттерді өңдеуге жататын фотограмметрия бөлімі;
3) бөлшектеу – көп парақты топографиялық картаны жеке номенклатуралық парақтарға бөлу;
Полная версия

