Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасы прокуратурасының құзыретін, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібін айқындайды.
Прокуратура туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 2022 жылғы 5 қарашадағы № 155-VII ҚРЗ
Редакция 12.09.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Прокуратураның мақсаты
Прокуратура мемлекет атынан заңда белгіленген шектерде және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
2-бап. Прокуратура органдары қызметінің құқықтық негізі
Прокуратура органдары қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Конституциялық заң, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
3-бап. Прокуратура органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметінің қағидаттары
1. Прокуратура өз өкілеттіктерін заңдылық, басқа мемлекеттік органдардан және лауазымды адамдардан тәуелсіз болу, Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп беру, жариялылық қағидаттарында жүзеге асырады.
2. Прокуратура органдары өз функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде олардың қызметіне қандай да бір араласуға тыйым салынады.
3. Прокуратура кәсіпкерлік субъектілерінің, ұйымдардың және мемлекеттік органдардың қызметіне араласуға, олардың қызметін тексеруді тағайындауға, заңда көзделмеген негіздер бойынша ақпарат не құжаттар сұратуға құқылы емес.
4. Прокуратура органдары Қазақстан Республикасының адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бөлігіндегі, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңдарының талаптарына қайшы келмейтіндей шамада жария түрде әрекет етеді.
4-бап. Прокуратураның мақсаттары мен міндеттері
Прокуратура адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында мынадай міндеттерді:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді;
2) заңдылықтың бұзылуын, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарларын анықтауды және жоюды;
3) құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіруді;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де міндеттерді жүзеге асырады.
2-тарау. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ ЖҮЙЕСІ МЕН ҚҰЗЫРЕТІ
Полная версия