«Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 15) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ұлттық әл-ауқат қоры мен Ұлттық әл-ауқат қорының ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 30 қарашадағы № 1253 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 2 желтоқсанда № 25488 болып тіркелді
Редакция 01.01.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Ұлттық әл-ауқат қоры мен Ұлттық әл-ауқат қорының ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Е. Жамаубаев
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 30 қарашадағы № 1253 бұйрығымен бекітілген
Ұлттық әл-ауқат қоры мен Ұлттық әл-ауқат қорының ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын жүзеге асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ұлттық әл-ауқат қоры мен Ұлттық әл-ауқат қорының ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және кейіннен сатып алу құқығымен жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сенімгерлік басқаруға берілген, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияларға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаларды қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тікелей немесе жанама тиесілі ұйымдардың, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (бұдан әрі – квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері) сатып алуын жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2-тарау. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) алдын ала біліктілік іріктеу-әлеуетті өнім берушілерді осы Қағидаларда көзделген біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан бағалау процесі;
2) анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің тендер, аукцион, бір көзден алу және баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен сатып алуға қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты құжаттардың шынайы мазмұнын бұрмалайтын және әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің ұсынылған өтініміне сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;
3) әлеуетті өнім беруші – сатып алу туралы шарт жасасуға үмітті, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), консорциум;
4) бастапқы баға – әлеуетті өнім беруші аукцион өткізілгенге дейін ұсынған, аукционға қатысуға өтінімге қоса берілетін баға;
Полная версия