Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 5-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына, 17-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Үлгілік біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 5 сәуірдегі № 71 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 5 сәуірде № 32237 болып тіркелді
Редакция 17.09.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Үлгілік біліктілік талаптары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметке іріктеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Үлгілік біліктілік талаптарының 2-тармағы 2) тармақшасының екінші абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Д. Жазыкбаев
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы 2023 жылғы 5 сәуірдегі № 71 бұйрығына 1-қосымша
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын Үлгілік біліктілік талаптары
Осы Талаптар жаңа редакцияда жазылды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының м.а. 30.11.2023 жылғы № 231 Бұйрығына сәйкес (05.04.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 05.12.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1 – тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Үлгілік біліктілік талаптары (бұдан әрі – Үлгілік біліктілік талаптары) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 5-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына, 17-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 150 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімімен (бұдан әрі – Тізілім) айқындалған «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік лауазымдары санаттары үшін белгіленген және оларға жатқызылған лауазымдарға орналасуға үміткер азаматтарға қойылады.
2. Үлгілік біліктілік талаптарына мыналар жатады:
1) осы санаттағы нақты лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес салалардағы білім деңгейі бойынша талаптар;
2) нақты мемлекеттік лауазымда кәсіби қызметті тиімді орындау үшін қажетті құзыреттер, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге тестілеуден өткені туралы жарамды сертификаттың, сондай-ақ қажет болған жағдайда белгілі бір саладағы біліктілікті растайтын сертификаттың болуы бойынша талаптар (бұдан әрі-құзырет).
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады Осы Бұйрықтың 5-тармағына сәйкес 2-тармақшаның екінші абзацы келесі редакциясында әрекет етеді: Болашақ басылымның мәтінін ##көрсету@@
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге тестілеуден өткені туралы жарамды сертификаттың болуы жөніндегі талап мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ Заңның 15-бабының 3, 3-2, 4, 5, 6-тармақтарында, 27-бабының 7 және 8-тармақтарында көрсетілген адамдарға қолданылмайды.
Полная версия