Близость слов: Окончание:





Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 7 маусымдағы № 42 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 16 маусымда № 32832 болып тіркелді 
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 15-бабының 2) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актісінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы М. Абылкасымова
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Басқармасының
2023 жылғы 7 маусымдағы
№ 42 Қаулыға
1-қосымша
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін жүзеге асыру қағидалары
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс)15-бабының 2) тармақшасына және «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Бағалы қағаздар рыногы туралы заң) сәйкес әзірленді және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
Қағидалардың ережелері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының арасында жасалатын сенімгерлікпен басқару шартының шеңберінде жүзеге асырылатын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқаруға қолданылмайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) баға белгілеу - пошта, электрондық немесе факсимильдік байланыс арқылы алынған қарсы әріптестердің қаржы құралдары бойынша баға ұсыныстары;
2) қарсы әріптес - Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес қаржы құралдарымен мәмілелер жасау құқығы бар заңды тұлға;
3) «таза» зейнетақы активтері - бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтеріне жататын міндеттемелер (зейнетақы төлемдері, аударымдар бойынша міндеттемелер және ұқсас міндеттемелер) шегерілгеннен кейінгі зейнетақы активтері;
Полная версия
ИС BestProfi