ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 30 шілдедегі № 611 Жарлығы
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары (бұдан әрі - Ұлттық даму жоспары) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар:
1) өз қызметінде Ұлттық даму жоспарын басшылыққа алсын;
2) осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 30 шілдедегі № 611 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 2029 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ҰЛТТЫҚ ДАМУ ЖОСПАРЫ
2024 жыл, Астана қаласы
КІРІСПЕ
2023 жылы Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында орнықты, сапалы және инклюзивті өсу траекториясына шығу мақсатында экономикалық дамудың жаңа парадигмасын іске асыру қажеттігін белгілеп берді. "Орташа табыс тұзағынан" құтылу және Қазақстанның табысы жоғары елдер қатарына орнығуы үшін берік институционалдық және әлеуметтік- экономикалық негіздерді қалыптастыру - орта мерзімді кезеңге арналған дамудың негізгі мақсаттары.
Жаһандық экономикалық, климаттық және технологиялық мегатрендтердің артып келе жатқан қысымы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық салада жинақталған теңгерімсіздіктердің қауіпті деңгейі жағдайларында қойылған міндетке қол жеткізу міндетгерге басымдық беруді және елді дамытудың жаңартылған орта мерзімді жоспарын қалыптастыруды талап етеді.
Протекционизм мен шектеу шараларының күшеюі аясында қатар басталған жаһандық тізбектер мен сауда-экономикалық байланыстарды қайта құру үрдісі әлемдік экономиканың өсу әлеуетінің төмендеуіне, жоғары инфляцияның ұзақ цикліне және инвестициялар үшін жоғары бәсекелестіктің болуына әкелді. Мұндай жағдайларда Қазақстан экономикасының экспорттық-шикізат моделі бюджет кірістерін қалыптастыру және оны әртараптандыруға инвестиция салу мүмкіндігі тұрғысынан шектеледі.
2014 жылдан бастап ұлттық экономиканың орташа жылдық өсу қарқыны баяулады және бүгінде 5%-дан аз. Аса жеткіліксіз инвестициялау, инновацияның және экономика өнімділігінің төмен деңгейлері аясында бұл жойылып бара жатқан негізгі қорларды дамыту және орнын толтыру үшін жеткіліксіз.
Бұл ретте 2022 жылы ЖІӨ-нің 15%-дан астамы және Қазақстан экспортының 70%-ы минералдық шикізатпен байланысты салаларға тиесілі болды.
Сонымен бірге қазба отындарына әлемдік сұраныстың шыңы жақындаған сайын және ресурстық базаның сарқылуымен экономикадағы құрылымдық өзгерістердің және мемлекеттік қаржы саласында теңгерімді саясат жүргізудің қажеттілігі артады.
Полная версия