Близость слов: Окончание:





Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы № 687 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 9 қазанда № 35238 болып тіркелді
Редакция 07.09.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 21) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының сатып алу заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі М. Такиев
Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2024 жылғы 9 қазандағы
№ 687 бұйрығына 1-қосымша
Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары
1. Осы Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң), «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы», «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Қағидалар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібіне сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.
3. Осы Қағидаларда Заңның 3-бабында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуетті өнім берушінің қаржылық орнықтылық көрсеткіші – осы Қағидалардың 275-тармағында айқындалған тәртіппен қолданылатын Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес интеграциялау жолымен алынған мемлекеттік кірістер органдарының немесе Қазақстан Республикасының резиденті емес әлеуетті өнім берушінің тиісті уәкілетті органының ақпараттық жүйелерінің деректеріне сәйкес веб-порталда автоматты түрде айқындалатын әлеуетті өнім берушінің кірістері, төленген салықтары және еңбегіне ақы төлеу қоры бойынша көрсеткіштердің жиынтығы (бұдан әрі-Мемлекеттік кірістер органдары);
2) бастапқы баға – әлеуетті өнім беруші аукцион өткізілгенге дейін ұсынған, аукционға қатысуға өтінімге қоса берілетін, аукцион нысанасының бөлінген сомасынан бес пайыздан аспайтын баға;
3) бірыңғай сатып алу платформасы (бұдан әрі – веб-портал) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі, ол мемлекеттік сатып алудың және «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткiзудiң бірыңғай нүктесiн ұсынады;
Полная версия
ИС BestProfi