Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы
Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 20 желтоқсандағы № 1017-ХII Заңы
16-1-баптың бірінші бөлігінің 1-тармақшасы өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР 13.05.2020 № 327-VІ Заңына сәйкес (өзгеріс «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар күшіне енген күннен бастап күшіне енеді).
Осы Заң Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелерін реттейді.
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР 11.07.2017 жылғы № 91-VI Заңына сәйкес (22.12.2016 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 14.07.2017 жылы № 133 (28512) „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды
1-бап өзгертілді ҚР 17.05.2002 жылғы № 322-II Заңымен (03.10.1995 ж. редакцияны қараңыз)
1-бап жаңа редакцияда жазылды ҚР 11.07.2017 жылғы № 91-VI Заңына сәйкес (22.12.2016 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 14.07.2017 жылы № 133 (28512) „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды
Қазақстан Республикасының азаматтығы адамның мемлекетпен орнықты саяси-құқықтық байланысын айқындайды, бұл олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын білдіреді.
Қазақстан Республикасының азаматын азаматтығынан, өзiнiң азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға болмайды, сондай-ақ Қазақстанның шегінен тыс жерге аластауға болмайды. Террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыруға жол беріледі.
Қазақстан Республикасы өзінің мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдары арқылы Республика азаматтарының алдында жауапты, ал Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының алдында жауапты. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, Қазақстан Республикасының мүдделерін, оның аумақтық тұтастығын қорғауға, әдет-ғұрыпқа, дәстүрге, мемлекеттік тілге және оның аумағында тұратын барлық ұлттардың тілдеріне құрметпен қарауға, Қазақстан Республикасының күш-құдіретін, егемендігін және тәуелсіздігін нығайтуға жәрдемдесуге міндетті.
1. Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру кезеңдерінде, адамгершілікке жат өзге де саяси шаралар салдарынан Республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының өз территориясына қайтып оралуы үшін, сондай-ақ басқа мемлекеттер территориясында тұратын қазақтар үшін жағдай жасайды.