Близость слов: Окончание:





Внимание! Документ утратил силу с 30.12.2015
Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі ұлттық операторының спутниктік навигациялық қызметтерді ұйымдастыру және ұсыну қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 мамырдағы № 645 Қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 30 желтоқсаннан бастап ҚР Үкіметінің 25.12.2015 жылғы № 1063 Қаулысына сәйкес
«Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі ұлттық операторының спутниктік навигациялық қызметтерді ұйымдастыру және ұсыну қағидаларын бекіту туралы» ҚР Инвестициялар және даму министрінің 28.04.2015 № 496 Бұйрығын қараңыз
«Ғарыш қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 8-бабының 11) тармақшасына сәйкес   Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі ұлттық операторының спутниктік навигациялық қызметтерді ұйымдастыру және ұсыну қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі ұлттық операторының спутниктік навигациялық қызметтерді ұйымдастыру және ұсыну қағидалары
1. Осы Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі ұлттық операторының спутниктік навигациялық қызметтерді ұйымдастыру және ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ғарыш қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі ұлттық операторының спутниктік навигациялық қызметтерді ұйымдастыру және ұсыну тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің арнайы секторы (бұдан әрі – ДжСНЖ арнайы секторы) – жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің (бұдан әрі – ЖНСЖ) функционалдық толықтыруларын әскери тұтынушылардың пайдалану, Қазақстан Республикасының қорғанысын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде спутниктік навигациялық технологияларды енгізу рәсімдерін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бөлімшесі;
2) дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі (бұдан әрі – ДжСНЖ) – кеңістікті координаталарын, жылдамдық пен сағат түзетудің құрауыштарын айқындаудың дәлдігін арттыруға мүмкіндік беретін қосымша ақпаратпен тұтынушыларды қамтамасыз етуге арналған жерүсті және (немесе) ғарышта орналасқан техникалық құралдарды қамтитын ЖНСЖ-ның функционалдық толықтыруы;
3) дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторы (бұдан әрі – ДжСНЖ операторы) – спутниктік навигациялық қызмет саласында технологиялық қамтамасыз етудің тұтастығын іске асыратын, сондай-ақ оны пайдалану негізінде қызметтер көрсететін Қазақстан Республикасының дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесін басқаруды және пайдалануды жүзеге асыратын ұйым;
4) жаһандық навигациялық спутниктік жүйе – жерүсті, су және әуе объектілерінің координаттық-уақыттық (географиялық координаттары мен биіктіктерінің, қозғалыс жылдамдығы мен бағытының, уақыттың) параметрлерін айқындауға арналған ғарыш жүйесі;
5) кеңістікті деректер инфрақұрылымы (бұдан әрі – КДИ) – ақпараттық қызметтер алу мақсатында заңды және жеке тұлғаларға қолжетімділікті қамтамасыз ететін ақпараттық-телекоммуникациялық жүйе;
6) навигациялық қызмет объектілері – навигация құралдарымен жабдықталған және (немесе) оларды навигациялық қызмет мақсатында пайдаланатын объектілер;
7) цифрлық навигациялық карта – тұтынушылардың навигациялық аппаратураларында пайдалануға және навигациялық міндеттерді шешуге арналған деректерді ұсынудың цифрлық нысанында жасалатын арнайы карта;
8) спутниктік навигациялық қызметтерді тұтынушы (бұдан әрі – тұтынушы) – ДжСНЖ операторының қызметтерін пайдаланатын заңды немесе жеке тұлға;
9) спутниктік навигациялық ақпарат – ұсынылу нысанына қарамастан, координаталық - уақыттық және навигациялық қамтамасыз ету міндеттерін шешу үшін пайдаланылатын заттар, фактілер және құбылыстар туралы мәліметтер (хабарламалар, деректер) жиынтығы;
10) стандарттық дәлдіктегі навигациялық сигналдар – санкцияланған қол жеткізу режимімен байланысты, шектеусіз координаталық-уақыттық және навигациялық қамтамасыз ету міндеттерін шешуге арналған ЖНСЖ сигналдары;
11) тұтынушыларды координаталық-уақыттық және навигациялық қамтамасыз етудің ерекше режимі – Қазақстан Республикасының ерекше маңызды мемлекеттік, стратегиялық, режимді объектілері мен стратегиялық маңызы бар экономика салаларының объектілері орналасқан аудандарда, мұндай объектілерді қорғау және шетелдік техникалық барлауға қарсы әрекет ету шараларын ұйымдастыру қажеттілігіне байланысты радиотехникалық құралдар жұмысының ерекше режимі.
3. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалану кезінде спутниктік навигациялық қызметтер ұсынуды жүзеге асыру үшін ДжСНЖ операторының, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сәйкес сертификатталған есептеу техникасының құралдары және мемлекеттік құпиялар туралы заңнамаға сәйкес рұқсаты мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі штаттық бөлімшесінде берілген.
4. ДжСНЖ операторы жылына кемінде бір рет ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органға спутниктік навигациялық қызметтерді тұтынушыларды координаталық-уақыттық және навигациялық қамтамасыз ету аудандарын көрсете отырып, осы Қағидалар талаптарының сақталуы жөнінде толық есеп береді.
Есептің мазмұны мен оны ұсыну тәртібі ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес айқындалады.
5. Қазақстан Республикасының қорғанысын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде ДжСНЖ пайдалануды ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ДжСНЖ жерүсті басқару кешенінде ДжСНЖ арнайы секторын құрды.
2. ДжСНЖ операторының спутниктік навигациялық қызметтерді ұйымдастыру тәртібі
6. Спутниктік навигациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушыларды координаталық- уақыттық және навигациялық қамтамасыз ету дәлдігін, сенімділігі мен қол жетімділігін арттыру мәселелерін шешу мақсатында ЖНСЖ функционалдық толықтыру ретінде ДжСНЖ құрады.
7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, заңды және жеке тұлғалардың спутниктік навигациялық қызметтерге мұқтаждығын қамтамасыз ету үшін ЖСНЖ операторы республикалық бюджет қаражаты есебінен ДжСНЖ құрады.
8. Стандарттық дәлдіктегі навигациялық сигналдарды пайдалану бөлігінде ЖНСЖ-ның функционалдық толықтыруларын қалыптастыру және одан әрі пайдалану міндеттері ДжСНЖ-ның операторына жүктеледі.
9. Спутниктік навигация аппаратурасы мен жабдығына сертификаттық сынау жүргізу және тексеру мақсатында, ДжСНЖ операторының бөлімшесі болып табылатын спутниктік навигациялық аппаратураның сәйкестігін бағалау зертханасы (бұдан әрі – зертхана) құрылады.
Спутниктік навигация аппаратурасы мен жабдығын сынау және тексеру сәйкестендіру (топтастыру тобына және партиясына тиістілігі, техникалық құжатқа сәйкестігі, шығу тегі), спутниктік навигация аппаратурасы мен жабдығының адам өмірінің қауіпсіздігі мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету талаптарына сәйкестігін растау арқылы орындалады, сертификаттық сынаулар, сондай-ақ өлшеу құралдарының қолдануға жарамдылығын белгілеу техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестігін айқындау және растау жүргізіледі.
10. ЖНСЖ-ның функционалдық толықтыруларының жабдыққа, тұтынушылардың навигациялық аппаратураға қажеттіліктерін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының аумағында навигациялық қызмет объектілерін басқару жүйелерін жаңғырту үшін тиісті құрастыру өндірісі құрылады.
11. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде ДжСНЖ операторы азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимылдар кезінде қауіпсіздік және халықты төтенше жағдайлар туралы ақпараттандыру саласындағы іс-шараларды жүргізу үшін спутниктік навигациялық қызметтерді пайдаланудың абсолютті басымдығын қамтамасыз етеді.
3. ДжСНЖ операторының спутниктік навигациялық қызметтерді ұсыну тәртібі
12. ДжСНЖ операторы ұлттық және мемлекетаралық стандарттардың, стандарттар мен ұйым ұсынымдарының, навигациялық аппаратураны құруға және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағындағы тұтынушылардың пайдалануына арналған техникалық шарттардың талаптарына, ережелері мен нормаларына сәйкес координаталық-уақыттық және навигациялық қызметтерді (бұдан әрі – қызметтер) ұсынуды жүзеге асырады, сондай-ақ спутниктік навигация аппаратурасын тексереді және сертификаттық сынауды жүргізеді. Осы мақсатта ДжСНЖ операторы басқа жүйелердің ақпараттық ресурстарын және телекоммуникациялық құралдар ресурстарын пайдалана алады.
Бұл ресурстарды пайдалану ДжСНЖ операторының қызметтері құнының өсуіне, координаталық-уақыттық және навигациялық қамтамасыз етудің тұтастылығының, сенімділігі мен қолжетімділігі дәрежесінің төмендеуіне апарып соқпайды.
13. ДжСНЖ операторының қызметтері ДжСНЖ негізінде, сондай-ақ тұтынушылардың навигациялық аппаратураға, сандық навигациялық карталарға және тиісті КМИ қажеттілігін қамтамасыз ету арқылы қалыптастырылады.
14. ДжСНЖ операторы қызметтерді тарату, қызмет көрсету орталықтарын, спутниктік навигациялық қызметтерді көрсету, қолдану саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесін құрады және дамытады.
15. ДжСНЖ операторының қызметтері тіркелген тұтынушыларға ақылы негізде ұсынылады.
16. ДжСНЖ операторы қазақстандық тұтынушыларға спутниктік навигациялық ақпаратты табыс ету мүмкіндігін Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық кеңістігінде, ал жекелеген жағдайларда бақылау және басқару ведомстволық жүйелерімен қатынас жасау арқылы қамтамасыз етеді.
17. ДжСНЖ операторының ДжСНЖ арнайы секторымен өзара іс-қимыл жасауының технологиялық және ұйымдастыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бірлескен бұйрығымен бекітілетін нұсқаулықта айқындалады.
18. ДжСНЖ операторының координаталық-уақыттық және навигациялық қызметтерін (бұдан әрі – 1-қызмет) алу үшін тұтынушылар шарт жасасқаны туралы өтінішті ДжСНЖ операторына береді.
Өтініште қызмет түрлері, координаталық-уақыттық және навигациялық қызметтерді пайдалану мақсаты, 1-қызметті көрсету ауданы мен деректемелері көрсетіледі.
Өтініште көрсетілген қызмет түрімен айналысуға құқығын растайтын құжаттар, сондай-ақ жеке тұлға үшін тұтынушының жеке басын куәландыратын құжаттар, заңды тұлға үшін – мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеу туралы куәлік (филиалды немесе өкілдікті есепті тіркеу туралы куәлік) қоса беріледі.
19. ДжСНЖ операторы үш жұмыс күн ішінде тұтынушының 1-қызметті алу құқығының, сондай-ақ сұратылған ауданда 1-қызметті көрсетудің техникалық мүмкіндіктерінің болуы тұрғысынан өтінішті қарайды. ДжСНЖ операторы қарау нәтижелері бойынша тұтынушыға 1-қызметті көрсетуге келісімі не бас тартуы туралы хабарлама жолдайды.
20. 1-қызмет көрсету келісілген жағдайда тұтынушы хабарлама алғаннан кейін үш жұмыс күн ішінде ДжСНЖ операторы мен тұтынушының арасында 1-қызмет көрсетуге шарт жасасады.
Шартқа қол қойылған сәттен бастап бір жұмыс күн ішінде тұтынушы 1-қызметке қосылады.
21. Тұтынушы сертификатталмаған жабдықты пайдалану фактісі анықталған жағдайда, сондай-ақ 1-қызметке уақтылы ақы төлемегенде, бұзушылық туралы жазбаша хабарламадан кейін күнтізбелік он күн өткен соң ДжСНЖ операторы жабдықтың сертификатталғанын растайтын құжаттарды ұсынғанға дейін, сондай-ақ 1-қызметке ақы төленгенге дейін тұтынушының 1-қызметке кіруін тоқтата тұрады.
22. 1-қызметті ақы төлеу нысаны мен тәртібі шартта көрсетіледі.
23. ДжСНЖ операторы техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес спутниктік навигация аппаратурасына (бұдан әрі - СНА) тексеру және СНА сертификаттық сынау жүргізу қызметтерін (2-қызмет) көрсетеді.
24. Зертхана сертификаттау мақсатында тексеру және сынау жөніндегі қызметті шартты, сондай-ақ шартсыз негізде жүзеге асырады.
Зертхана өзіне берілген аккредиттерге сәйкес тексеру және сынау нысанының барлық болу мерзімінің ұзақтығында үлгілерді (ӨҚ сынау жағдайында) іріктеуді, қабылдауды, тасымалдауды, сақтауды, тексеруді және сынау нысанын бұзылудан қорғауды жүзеге асырады және 2-қызметті тұтынушының мүдделерін қорғауға кепілдік береді.
25. Зертхана ӨҚ тексеруге және сынауға қабылдауды және тексеру/сынау өткізілгеннен кейін белгіленген үлгідегі ӨҚ қабылдау-табыстау актісіне сәйкес тапсыруды жүзеге асырады.
Тексеруді және сынауды жүзеге асыру мерзімі мен әдістері берілген акредиттеуге сәйкес рәсімдік түрде айқындалған. Өткізілетін тексеру және сынау нәтижелері өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделеді.
26. Тұтынушыларды координаттық-уақыттық және навигациялық қамтамасыз етудің ерекше режимін қамтамасыз ету тәртібі уәкілетті мемлекеттік органның, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және қарамағында аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық, режимді объектілер мен стратегиялық маңызы бар экономика салаларының объектілері болатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары басшыларының бірлескен бұйрықтарымен бекітілетін нұсқаулық-әдістемелік құжаттарда айқындалады.
27. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының навигациялық қызметтегі объектілерін навигация құралдарымен жабдықтау ДжСНЖ операторына жүктеледі.
28. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының навигациялық қызмет объектілерін навигация құралдарымен жабдықтау, координаталық-уақыттық және навигациялық қамтамасыз етудің геоақпараттық және автоматтандырылған жүйелерін кешенді дамыту ДжСНЖ пайдалану мүмкіндігін есепке ала отырып жүзеге асырылады.
Полная версия
ИС BestProfi