Близость слов: Окончание:





Қазақстан - 2030 Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы
Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы
Жаңа ғасыр табалдырықтан аттайды, басқа дәуір туып келеді Вергилий
Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ Қазақтың халық мақалы
Мен сіздерге, Қазақстан халқына, қоғамымыздың болашағы мен мемлекетіміздің мұраты хақындағы өзімнің пайымдауымды жолдап отырмын. Мен Сіздерге осынау болашаққа қол жеткізіп, өз мұратымызды іске асыруға жәрдемдесе алады-ау деген сенім ұялататын стратегияны ұсынғым келеді.  
Мен сіздермен келер ғасырға, жаңа мыңжылдыққа, алыс перспективаға ендеп бойлайтын болашақ жайлы өзімнің ой-толғаныстарыммен бөліскім келеді. Біз өзіміздің болашағымызды және балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті.  
Бұл бізге не үшін қажет? Менің ойымша, біздің әрқайсымызда ендігі жерде тек бүгінгі күнмен ғана, ағымдағы міндеттерді толассыз шешумен ғана өмір сүруге болмайтындығын терең түсіну сезімі пісіп-жетілді.  
Біз ненің іргесін тұрғызғымыз келетінін, таңдап алған мақсатымызға алып келетін өз дамуымыздың траекториясы, даңғылы қандай болуға тиіс екендігін анық білуге және ұғынуға тиіспіз.  
Өзіміздің басым мақсаттарымызды дұрыс айқындап, тиісті стратегияларымызға таңдау жасап, осы жолмен жүру үстінде ерік-жігер мен төзімділік таныта отырып, біз өзімізді бұралаң-бұрылысты сенделістерден, күш-қуатымызды, уақытымыз бен ресурстарымызды жөнсіз зая кетіруден сақтандырамыз.  
Мықты стратегияға ие болып әрі табандылық таныта отырып, біз жолымызда кездесер кез келген күрделі кедергілерді абыроймен еңсере аламыз.  
Бүгінгі таңда басымыздан кешіп отырған қиын жағдайлар бізді күш-қуатымыз бен үміттен айырмауға тиіс. Перспективаларымызды айқын ұғыну, жолымызда тұрған қиындықтар мен қауіп-қатерді бүкпесіз түсіндіру біздің қоғамымыздың барша азаматтарын осынау ортақ міндетті шешу үшін жұмылдыруға жәрдемдеседі.  
Біз бүгінгі кезеңнің міндеттерінен өзге біздің ұрпақтың келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалайтынын: әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз.  
Біз өз балаларымыз бен немерелерімізді сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді?  
Олар әл-ауқатты өмір сүре ме, тоғайған, дендері сау әрі білімді-білікті бола ма?  
Олар жақсы әрі азат қоғамда өмір сүре ме?  
Олар өз қауіпсіздігі мен балаларының қауіпсіздігі үшін алаңсыз бола алар ма, көшелермен емін-еркін жүріп, өз дүние-мүлкі үшін қауіптенбес болар ма?  
Біз оларға қуатты мемлекет пен өзіміздің жақын және алыс көршілерімізбен достық қарым-қатынасымызды мұра етіп қалдыра аламыз бар?  
Полная версия
ИС BestProfi