«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 98-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 4 қарашадағы № 1296 Қаулысы
Редакция 04.05.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасының Біртұтас авиациялық іздеу-құтқару қызметі (БАІҚҚ) туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 4 қаңтардағы № 13 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 4 қарашадағы № 1296 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар
Қағидалар өзгертілді ҚР Үкіметінің 20.12.2013 жылғы № 1353 Қаулысымен (04.11.2011 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту қолданысқа енгізіледі 01.01.2014 жылдан бастап)
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе ұшыраған әуе кемелерін (бұдан әрі – ӘК), сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін іздестіруді және құтқаруды ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалардың ережелері Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды қамтамасыз етудің іздестіру-құтқару қызметін бірлесіп құратын барлық мемлекеттік органдардың, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарының, іздестіру-құтқару командаларының, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтерінің, КОСПАС-САРСАТ іздестіру мен құтқарудың халықаралық спутниктік жүйесінің іздестіру мен құтқарудың байланыс пункттері, ӘК пайдаланушылар мен әуежайлардың арасында жауапкершілікті бөлу және іс-шараларды ұйымдастыру арқылы іске асырылады және қамтамасыз етіледі. Ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз ету қызметінің схемасы осы Қағидаларға 1-қосымшада келтірілген.
2-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 21.04.2026 жылғы № 302 Қаулысына сәйкес (10.08.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 04.05.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
3. Осы Қағидаларда:
1) авариялық хабардар ету тәртібі, апатқа ұшырау жағдайындағы немесе ұшыраған әуе кемелерін, сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін іздестіруді және құтқаруды ұйымдастыру схемасы;
2) персоналға және әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарын, іздестіру-құтқару командаларын, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтерін, әуе кемелері мен әуежайларды пайдаланушыларды қажетті жабдықпен және байланыс құралдарымен жарақтандыруға қойылатын талаптар;
3) іздестіру-құтқару операцияларын (жұмыстарын) (бұдан әрі – ІҚО (Ж)) жүргізу жоспарын әзірлеу, келісу және бекіту тәртібі;
4) барлық мемлекеттік органдардың, әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының, әуе қозғалысын басқару органдарының, КОСПАС-САРСАТ іздестіру мен құтқарудың халықаралық спутниктік жүйесінің іздестіру мен құтқарудың байланыс пункттерінің, мемлекеттік органдардың іздестіру-құтқару командаларының, іздестіру, авариялық-құтқару қызметтерінің, ӘК пайдаланушылардың және әуежайлардың арасында іздестіру мен құтқаруды қамтамасыз ету бойынша жауапкершілікті бөлу және іс-шараларды ұйымдастыру;
4-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 21.04.2026 жылғы № 302 Қаулысына сәйкес (10.08.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 04.05.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
5) азаматтық авиация ұйымдары ІҚО (Ж) жүзеге асырған және оларды қамтамасыз етуге қатысқан жағдайда, олардың шығындарын өтеу тәртібі айқындалады.
4. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:
1) авариялық кезең – әртүрлі жағдайлар кезіндегі айқынсыздық кезеңін, алаңдаушылық кезеңін немесе апат кезеңін білдіретін жалпы термин;
Полная версия

