Близость слов: Окончание:





Внимание! Документ утратил силу с 06.01.2012
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiгi туралы
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы N 233 Заңы
Осы Заң күшін жойды 27.01.2012 жылдан бастап ҚР 06.01.2012 жылғы № 527-IV Заңына сәйкес
Редакция 11.12.2009 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының тәуелсiз егемендi мемлекет ретiнде дамуының басты шарты болып табылады.
Осы Заң мемлекеттiк органдардың, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың және азаматтардың ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы құқықтық қатынастарын реттейдi, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң мақсатын, жүйесi мен бағыттарын белгiлейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) азық-түлік қауіпсіздігі - тұтынудың физиологиялық нормаларын және демографиялық өсуді қанағаттандыру үшін жеткілікті болатын сапалы азық-түлік тауарларына халықтың нақты және экономикалық қол жеткізуін қамтамасыз етуге мемлекеттің қабілетті екендігін білдіретін экономиканың жай-күйі;
2) ақпараттық қауіпсіздік - мемлекеттік ақпараттық ресурстардың, сондай-ақ ақпарат саласында жеке адамның құқықтары мен қоғам мүдделері қорғалуының жай-күйі;
3) әскери қауіпсіздік - елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына әскери сипатта төнген нақты және ықтимал қауіп-қатерлер мен қол сұғушылықтан Қазақстан Республикасы қорғалуының жай-күйі;
4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі (бұдан әрі - ұлттық қауіпсіздік) - елдің ұлттық мүдделерінің нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі;
5) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері (бұдан әрі - ұлттық мүдделер) - іске асырылуына мемлекеттің адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын, Қазақстан қоғамының құндылықтарын, негіз қалаушы мемлекеттік институттарды қорғауды қамтамасыз ету қабілеті байланысты болатын Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық әлеуметтік және басқа да қажеттерінің жиынтығы;
6) қоғамдық қауіпсіздік - Қазақстан Республикасының азаматтары өмірінің, денсаулығының және игілігінің, сондай-ақ Қазақстан қоғамы құндылықтарының нұқсан келтіруге қабілетті ықтимал қауіптер мен қатерлерден саяси-құқықтық, рухани-адамгершілік, әлеуметтік жағынан қорғалуы;
7) сыртқы қауіпсіздік - Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделерінің шет мемлекеттер, шетелдік ұйымдар мен азаматтар тарапынан туындайтын қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі;
8) ұлттық қауіпсіздік объектілері - жеке адам, оның құқықтары мен бостандықтары, қоғам, оның материалдық және рухани құндылықтары, мемлекет, оның конституциялық құрылысы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы;
9) ұлттық қауіпсіздік субъектілері - өз өкілеттігін биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарының органдары арқылы жүзеге асыратын мемлекет, азаматтар мен ұйымдар;
10) ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатер - ұлттық мүдделерді іске асыруға кедергі жасайтын немесе оларға қауіп төндіретін жағдайлардың, процестер мен факторлардың жиынтығы;
11) ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасы - жеке адам мен азаматтардың конституциялық құқықтарын, Қазақстан қоғамының құндылықтарын, негіз қалаушы мемлекеттік институттарды қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі ресми қабылданған көзқарастар мен шаралар жүйесі;
12) экологиялық қауіпсіздік - жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделері мен құқықтарының қоршаған ортаға антропогендік және табиғи әсерлер салдарынан туындайтын қатерлерден қорғалуының жай-күйі;
13) экономикалық қауіпсіздік - Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының тұрақты дамуы мен экономикалық тәуелсіздігіне қатер төндіретін ішкі және сыртқы жағдайлардан, процестер мен факторлардан қорғалуының жай-күйі.
1-бап жаңа редакцияда ҚР 11.12.2009 № 229-IV (10.07.2009 жылғы редакцияны қараңыз) Заңымен.(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз)
Полная версия
ИС BestProfi