Близость слов: Окончание:





Мемлекеттік аппараттың жұмысын жақсарту, төрешілдікке қарсы күрес және құжат айналымын қысқарту жөніндегі шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 31 шілдедегі N 427 Жарлығы
Редакция 21.11.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын және оның ұзақ мерзімді " Кәсіби мемлекет " басымдығын орындау мақсатында Қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі: 
1) 2000 жылғы 1 қазанға дейін орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жақсарту, олардың ұйымдық құрылымдарын оңтайландыру, басқару буындарының санын қысқарту жөніндегі түбегейлі шаралар кешенін әзірлесін; 
2) орта буын басшыларының - министрліктер құрамындағы комитеттер мен департаменттердің, агенттіктердің және жергілікті атқарушы органдар басшыларының алдында тұрған стратегиялық мақсаттар мен нақты міндеттерге қарай олардың рөлі мен жауапкершілігін күшейтсін; 
3) министрліктер ведомстволарының санын, штат санының лимиттерін, министрлер орынбасарларының санын ұлғайтуды тек қана Мемлекет басшысының не ол уәкілеттік берген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен жүргізетін болсын;
3-тармақша өзгертілді ҚР Президентінің 27.11.2007 жылғы № 447 Жарлығымен (31.07.2000 ж. редакцияны қараңыз)
3-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР Президентінің 03.01.2024 жылғы № 429 Жарлығына сәйкес (21.11.2013 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 09.01.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
3-1) Ішкі істер, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрліктерінің қызметтерін, ведомстваларын, департаменттерін құруды, таратуды, қайта ұйымдастыруды, сондай-ақ штат санының лимиттерін ұлғайтуды Мемлекет басшысымен не ол уәкілеттік берген Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен алдын ала келісу бойынша жүргізсін;
1-тармақ 3-1-тармақшамен толықтырылды ҚР Президентінің 03.01.2024 жылғы № 429 Жарлығына сәйкес (өзгерту 09.01.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
4) бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыруды жеделдетсін, 2000 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, жекелеген орталық және жергілікті атқарушы органдардың неғұрлым дайын жүйелерінің базасында оның негізгі элементтерін пысықтап, Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесін кезең-кезеңімен құруға кіріссін;
4-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР Президентінің 03.01.2024 жылғы № 429 Жарлығына сәйкес (21.11.2013 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 09.01.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
5) олардың тиімді пайдаланылуына бақылауды қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік органдарды ақпараттандыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыру үшін қажетті қаржылық ресурстарды іздестірсін; 
6) бюджет қаражатын үнемдеуді қамтамасыз етсін, мемлекеттік аппаратты ұстауға жұмсалатын шығыстардың өсуіне жол бермейтін батыл шаралар қолдансын, мемлекеттік органдарға қызмет көрсетудің үнемді әдістері мен құралдарын енгізсін, қымбат тұратын қызметтік автомобильдерді, байланыс құралдары мен кабинеттік жиһаздың артығын сатуды көздесін. 
Үнемдеу нәтижесінде алынған қаражатты 2000 жылдың соңына дейін заңдарда белгіленген тәртіппен халықтың әлеуметтік тұрғыда шетін топтарын қолдауға, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын көтеруге және мемлекеттік мекемелерді ақпараттандыруға бағыттасын.
1-1. Орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері ведомстволардың санын, мемлекеттік органдардың штат санының лимиттерін, олардың басшы лауазымды адамдарының санын ұлғайтуды Мемлекет басшысымен не ол уәкілеттік берген Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келіссін.
Жарлық 1-1-тармақпен толықтырылды ҚР Президентінің 27.11.2007 жылғы № 447 Жарлығына сәйкес
1-1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Президентінің 03.01.2024 жылғы № 429 Жарлығына сәйкес (21.11.2013 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 09.01.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-1-тармақ өзгертілді ҚР Президентінің 21.11.2024 жылғы № 709 Жарлығымен (03.01.2024 ж. редакцияны қараңыз)
Мемлекеттік органдардың штат санының лимитін ұлғайту:
Қазақстан Республикасының Президенті енгізетін төтенше жағдайға ден қою қажет болған;
орталық мемлекеттік органдар немесе олардың ведомстволары құрылған;
«Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық құрылыс өзгерген;
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша өзге жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бос штат бірліктерін мемлекеттік органдар арасында қайта бөлу жолымен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары аппараттарының, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ штат санының лимиті 100 бірліктен аз мемлекеттік органдардың бос штат бірліктері мемлекеттік органдар арасында қайта бөлуге жатпайды.
Орталық мемлекеттік органдар (Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратын қоспағанда) мен жергілікті атқарушы органдардың штат санының лимиттерін ұлғайту жөніндегі ұсыныстар Үкіметтің және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның тиісті қорытындылары ескеріле отырып қаралады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарының, азаматтық қорғау органдарының, Қорғаныс министрлігінің штат санының лимиттерін ұлғайту жөніндегі ұсыныстар мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның қорытындысынсыз енгізілуі мүмкін.
1-2. «А» корпусының жаңа мемлекеттік әкімшілік лауазымдарын енгізу немесе олардың санын ұлғайту туралы ұсыныстарды Мемлекет басшысымен не оның уәкілеттік беруімен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссиямен келіссін.
Жарлық 1-2-тармақпен толықтырылды ҚР Президентінің 21.11.2013 жылғы № 697 Жарлығына сәйкес (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 26.11.2013 жылы „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды
2. Басқару технологияларын жетілдіру мен мемлекеттік қызмет кадрларының біліктілігін арттыру мақсатында: 
1) орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары: 
- басқару технологияларын жетілдіру жөнінде шаралар қолдансын, жұмыс регламентін әзірлесін немесе қайта қарасын, құжаттардың есепке алынуын, өтуін, келісілуін және орындалуын бақылаудың ережелері мен рәсімдерін мейлінше тиімді етсін, қағазбастылыққа жол бермеу, құжаттардың көлемі мен мөлшерін қысқарту жөнінде түбегейлі шаралар қолдансын; 
- келіп түскен құжаттар мен материалдардың, әсіресе азаматтардың өтініштерінің қаралу мерзімдерін мейлінше қысқартсын; 
- мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырудың кешенді шараларын әзірлеп, іске асыруды бастасын, аппараттарда қызметкерлердің кәсіптік және құқықтық оқуы, әрбір мемлекеттік қызметшінің интеллектуалдық өсуі жөніндегі жұмысты ұдайы жүргізетін болсын; 
2) Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 2001 жылғы оқу жылынан бастап, тиісті мемлекеттік оқу орындарының бағдарламаларында кеңсе және құжаттамалық жұмыс негіздерін оқытуды көздесін.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Президенті
Полная версия
ИС BestProfi