Үкімдерді дайындау практикасын зерделеу олардың көбінің заң талаптарына сәйкес қабылданатынын көрсетті. Сонымен қатар, кейбір соттар үкімдерді дайындаған кезде олардың нысаны мен мазмұны жөнінде қойылатын заң талаптарын әрдайым сақтай бермейді. Мұның өзі үкімдердің өзгертілуіне және бұзылуына әкеп соғуда.
Внимание! Документ утратил силу с 29.05.2018
Сот үкімі туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысы. 2002 жылғы 15 тамыз N 19
Осы Нормативтік қаулы күшін жойды 2018 жылғы 29 мамырдан бастап ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 жылғы № 4 Нормативтік қаулысына сәйкес
Редакция 25.06.2010 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Сот үкімі - қылмыстық іс жөніндегі бүкіл өндірістің қорытындысы шығарылатын құқықты қолданудың аса маңызды кесімі болып табылады. Конституциялық қағидаларға сәйкес үкім Қазақстан Республикасының атынан шығарылады әрі заңды және негізді болуға тиіс.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты сот практикасын жинақтаудың нәтижелерін талқылай келе, орын алған кемшіліктерді жою және үкімдердің сапасын жақсарту мақсатында қаулы етеді:
1. Заң бойынша үкім - Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі Конституция) 77-бабының 3-тармағында және Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК) 2-тарауында көрсетілген әділ сот принциптерін сақтай отырып, сотталушыға қатысты оның кінәлілігі немесе кінәлі еместігі, қылмыстық жазаны оған қолдану немесе қолданбау туралы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың сот мәжілісінде Қазақстан Республикасының атынан шығарған қылмыстық іс бойынша шешімі болып табылады.
ҚІЖК-нің 411-бабы бірінші бөлігінің 4)-6) тармақтарында қарастырылған шешімдерді қабылдаған кезде, апелляциялық саты бірінші сатыдағы сот үкімінің (қаулысының) күшін жою туралы қаулы шығарады, содан кейін ҚІЖК-нің 44-тарауының талаптарын сақтай отырып, жаңа үкім шығарады.
Үкімді бұлжытпай орындау ешқандай ерекшеліксіз барлық мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін өзі басқару органдарына, заңды тұлғаларға, лауазымды адамдар мен азаматтарға міндетті болып табылады.
Үкімнің мемлекет атынан шығарылуы, оның маңыздылығы судьялардан оның заңдылығы мен негізділігі үшін ерекше жауапкершілік сезінуді талап етеді.
1-тармақ өзгертілді ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2010 № 17 Нормативтік қаулысымен (09.03.2006 жылғы редакцияны қараңыз).(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз)
2. Үкім, егер ол оның сотқа қарастылығы ережелері сақталып, тараптарға дәлелдемелерді тең негізде зерттеуге мүмкіндік беру қамтамасыз етіле отырып, тараптардың бәсекелестігі және тең құқықтылығы принциптерінің негізінде сот талқылауын жүргізу туралы қылмыстық іс жүргізу заңының талаптарына сәйкес, құқық нормалары дұрыс қолданыла отырып соттың заңды құрамымен шығарылса заңды болып табылатынын соттардың ескергені жөн.
Заң талаптары сақтала отырып жиналған және тікелей сот отырысында толық, жан-жақты және объективті тексеріліп, талданған, тиісті баға берілген дәлелдемелерге негізделген, тұжырымдары дәлелденген үкім негізді болып табылады.
3. Сот қабылдаған шешімдердің мазмұнын неғұрлым толық ашуға әсер ететін үкімнің процессуалдық нысанын сақтау маңыздылығына соттардың назары аударылсын. Ол нысаны мен мазмұны бойынша ҚІЖК-нің 377-383-баптарына сәйкес келуі тиіс. Үкім сот отырысы жүргізілген тілде, анық, түсінікті сөзбен жазылуға тиіс әрі кіріспеден, сипаттау-дәлелдеу және қорытынды бөліктерден тұруы қажет. Үкім дәйекті баяндалады, оның әрбір жаңа қағидасы бастапқы қағидадан туындап, онымен үйлесімді болуға тиіс. Қаралып жатқан іске қатысы жоқ оқиғаларды сипаттауға, анық емес тұжырымдарды, ресми құжаттарда қолданылмайтын қысқартулар мен сөздерді пайдалануға болмайды. Айыпталушылардың, жәбірленушілердің, куәлардың жауаптары үшінші жақта келтіріледі. Үкім мәтініндегі қателерді өңдеуге болмайды. ҚІЖК-нің 377-бабының 5-бөлігіне сәйкес, үкімге түзетулерді кеңесу бөлмесінде енгізуге болады, судья оған келісіп, қол қоюға тиіс. Үкім жарияланғаннан кейін оған қандай да болмасын түзетулер енгізуге жол берілмейді. Үкімдегі барлық мәселелер оны орындаған кезде қиындық тудырмайтындай болып шешілуге және жазылуға тиіс.
3-тармақ өзгертілді ҚР Жоғарғы Сотының 25.06.2010 № 17 Нормативтік қаулысымен (09.03.2006 жылғы редакцияны қараңыз).(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз)
4. Бір сот талқылауында іс бойынша сотталғандардың санына қарамастан бір үкім шығарылатыны соттарға түсіндірілсін. Егер айыпталушыға бірнеше қылмыс жасаған деп айып тағылса, сот негіз болған жағдайда оған қатысты бір үкім шығаруға құқылы. Осы үкіммен айыптаудың кейбір эпизодтары бойынша ақтауы, басқа эпизодтары бойынша соттауы мүмкін.
Бірнеше адамға қатысты істі қараған кезде сот анықталған мән-жайларға сәйкес бір үкімде біреулерін ақтау, енді біреулерін айыпты деп тану туралы шешім шығара алады.
5. Егер сот қылмыстың орын алғанын, оны сотталушының жасағандығын, оның қылмыс жасаудағы кінәсін, кінәсі заң талаптарын сақтай отырып жиналған дәлелдемелермен расталғандығын даусыз анықтаса, сонымен қатар іс өндірісін қысқарту және істі қосымша тергеуге жолдауға негіздер болмаған жағдайда ғана айыптау үкімін шығарады. Егер сот кінәсіздік презумпциясын басшылыққа ала отырып, дәлелдерді тікелей зерттеп, барлық сейілмеген күдіктерді тиісті құқықтық процедура шеңберінде сотталушының пайдасына түсіндіре отырып, ҚІЖК-нің 371-бабында көрсетілген барлық сұрақтарға жауап берген жағдайда ғана адамның қылмыс жасаудағы кінәсі дәлелденген деп танылады.
6. Сотталушының өтеуге тиіс қылмыстық жазасын тағайындау жөніндегі айыптау үкімі қылмыстың жасалуына кінәлі адамға қатысты, егер ол жасалған қылмыс үшін жазалануға жатса және жазаны тағайындау мен өтеуге кедергі болмаған жағдайда шығарылады.
7. Егер сот отырысында заңда көрсетілген жағдайлар, атап айтқанда:
- егер үкімді шығарған кезде жасаған қылмысы үшін сотталушыға тағайындалған жазаны қолдануды жоятын рақымшылық жасау кесімі шығарылса;
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (әрі қарай - ҚК) 62-бабында белгіленген алдын ала қамауға алуды есепке алу ережелерін ескере отырып, іс бойынша сотталушының қамауда болған уақыты сот тағайындаған жазаны қамтыса;
- егер онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамның жазаны өтеуі төтенше жағдайларға байланысты оның отбасы мүшелері үшін немесе оның өзіне аса ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкін жағдайлар (ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі) анықталса, ҚІЖК-нің 375-бабының 6-бөлігіне сәйкес айыптау үкімдері қылмыстық жаза тағайындап және оны өтеуден босата отырып шығарылады.
Полная версия

