"Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Внимание! Документ утратил силу с 27.08.2015
Теңіз кемелерін жабдықтау жөніндегі ережені бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 тамыздағы N 687 Қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 27 тамыздан бастап ҚР Үкіметінің 10.08.2015 жылғы № 624 Қаулысына сәйкес «Теңіз кемелерін жабдықтау жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.01.2015 жылғы № 92 Бұйрығын қараңыз
1. Қоса беріліп отырған Теңіз кемелерін жабдықтау жөніндегі ереже бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 тамыздағы N 687 қаулысымен бекітілген
Теңіз кемелерін жабдықтау жөніндегі ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Теңіз кемелерін жабдықтау жөніндегі ереже (бұдан әрі - Ереже) "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және теңіз кемелерін жабдықтау жөніндегі тәртіпті белгілейді.
2. Осы Ереженің әрекеті Теңіз кемелерінің мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын теңіз кемелеріне қолданылады.
3. Теңіз кемелерінің жабдықтары халықаралық талаптарға сәйкестік мәніне куәландыруға жататын құтқару және сигнал құралдарынан, радиожабдықтан және навигациялық жабдықтан тұрады.
2. Теңіз кемелерін құтқару құралдарымен жабдықтау тәртібі
4. Барлық теңіз кемелері олардың мақсатына және жүзу ауданына қарамастан, құрамына мыналар кіретін құтқару құралдарымен жабдықталады:
1) құтқарушы және кезекші қайықшалар;
2) құтқару салдары;
3) құтқару дөңгелектері;
4) құтқару кеудешелері;
5) гидротермокостюмдер;
6) жылу қорғау құралдары;
7) түсіріп-отырғызатын сырғымалар;
8) түсіргіш құрылғының шығырлары.
5. Кеменің борты арқылы түсірілетін құтқару қайықшалары еспелі бұрамадан алыста, кеменің тұмсығына орналастырылады және түсіру құрылғыларына бекітіледі.
Кезекші қайықшалар оларды түсіруге және көтеруге ыңғайлы жерде бес минуттан аспайтын уақыт ішінде түсіруге әрдайым дайын жағдайда орналастырылады.
Құтқару және кезекші қайықшалардың көлемі және оларға сиятын адамдардың саны оларға анық және шайылмайтын белгілермен жазылады.
6. Құтқару салдары олардың бекітпесін қолмен босатып алатындай етіп орналастырылады.
Құтқару салдарына олардың көтере алатын адамдардың саны анық және шайылмайтын белгілермен басылады.
7. Теңіз кемесіндегі әрбір адам үшін құтқару дөңгелектері көзделеді.
Кемеде құтқару дөңгелектері кеменің екі бортында да және мүмкіндігінше барлық ашық палубаларда оңай қол жететіндей етіп орналастырылады.
Әрбір құтқару дөңгелегінде кеменің атауы мен тіркелген порты латын әліпбиінің баспа әріптерімен басылады.
Құтқару дөңгелектерінің кемінде жартысы суда сөнбеуге тиіс өздігінен тұтанатын оттармен жабдықталады. Осы оттар оларды дөңгелектерге бекіту үшін қажетті құралмен бірге оларға арналған дөңгелектерге жақын орналастырылады.
8. Теңіз кемесіндегі әрбір адам үшін құтқару кеудешесі көзделеді.
Теңіз кемесінде құтқару кеудешелері кез келген уақытта пайдалануға дайын болатындай етіп сақталады.
Вахталық персоналдарға арналған құтқару кеудешелері вахта болу орындарында (көпіршеде, радиорубкада және машина бөлімінде) сақталады.
9. Теңіз кемесі командасының әрбір мүшесі үшін гидротермокостюм көзделеді.
Гидротермокостюм су өткізбейтін материалдан жасалады және адам организмін суық суда суық өтуден сақтауға арналған.
Егер гидротермокостюм құтқару кеудешесін киюді талап етсе, онда құтқару кеудешесі гидрокостюмнің сыртынан киіледі.
10. Теңіз кемесіндегі әрбір адам үшін жылу қорғау құралы көзделеді.
Су өткізбейтін материалдан жасалатын жылу қорғау құралы құтқару кеудешесінің сыртынан киіледі және бетін қоспағанда, адамның барлық денесін жауып тұрады және төменгі ауа температурасы кезінде өз функциясын атқарады.
11. Қолайсыз жағдайлар кезінде құтқару және кезекші қайықшалардың қауіпсіз түсірілуін қамтамасыз ету үшін теңіз кемесінің палубасында орналасқан жерден не құтқару немесе кезекші қайықшадан бір адам әрекетке келтіретін түсіріп-отырғызатын сырғымалар қолданылады.
12. Түсіру құрылғыларының шығырлары құтқару және кезекші қайықшаларды пайдалану жүзеге асырылатын жағдайларда тростың босаңсуының туындауын болдырмайтын автоматты жоғары жылдамдықты қатайту құрылғысымен жабдықталады.
13. Осы Ереженің 4-тармағында санамаланған барлық құтқару құралдары әрбір он екі айда техникалық қызмет көрсетуден өтеді.
3. Теңіз кемелерін дабыл құралдарымен жабдықтау тәртібі
14. Барлық теңіз кемелері оның мақсатына және жүзу ауданына қарамастан, құрамына мыналар кіретін дабыл беру құралдарымен жабдықталады:
1) дабыл-айырғыш фонарлар (2 тополық, оң борттың 1 борттық, сол борттың 1 борттық, 1 артқы, 2 ақ шеңберлі, 2 қызыл шеңберлі);
2) дабыл-жарқылдақ фонарлар (маневр көрсететін 1 фонарь, күндізгі дабыл беретін 1 шам);
3) дыбыстық дабыл құралдары (1 ысқырғыш, 1 қоңырау, 1 даңғыра);
4) дабыл фигуралар (3 шар, 1 конус, 1 ромб);
5) пиротехникалық дабыл құралдары (12 парашюттік зымыран);
6) радиолокациялық шағылыстырғыштар (1 радиолокациялық шағылыстырғыш).
15. Дабыл беру құралдары кез келген уақытта пайдалануға дайын күйінде болатындай етіп теңіз кемесіне орнатылады және онда сақталады.
16. Негізгі және қосалқы жиынтық фонарлар үшін оларды орнатуға штаттық орындар көзделеді.
4. Теңіз кемелерін радиожабдықтау жөніндегі тәртіп
17. Барлық теңіз кемелері оның мақсатына және жүзу ауданына қарамастан, құрамына мыналар кіретін кеме радиожабдығымен жабдықталады:
1) радиобайланыс құралдары (УҚТ, ҮТ және ҮТ/ҚТ радиоқондырғылар);
2) жылжымалы спутниктік байланыстың халықаралық ұйымының кеме жер станциясы (ИНМАРСАТ);
3) теңіздегі қауіпсіздік жөніндегі ақпаратты қабылдауға арналған кемеге навигациялық, гидрометеорологиялық ақпаратты және 518 кГц жиілікте апат туралы ақпаратты беретін халықаралық автоматтандырылған қызмет құрылғысы (НАВТЕКС);
4) аварияға ұшыраған теңіз кемелері мен ұшақтарды табу және тұрған жерін анықтау халықаралық спутниктік жүйесінің (КОСПАС-САРСАТ) немесе жылжымалы спутниктік байланыстың халықаралық ұйымының (ИНМАРСАТ) спутниктік автоматты радиобуйы;
5) автоматты радиобуйдің УҚТ;
6) радиолокациялық жауап бергіш (кемелік);
7) қабылдағыш;
8) радиоқондырғы;
9) антенна құрылғысы;
10) жерге тарту;
11) қоректендіру көзі;
12) зарядтау құрылғысы;
13) кәбіл желісі.
18. Әрбір теңіз кемесі:
1) кемінде екі жеке тәуелсіз құралдармен "кеме-жағалау" бағытындағы апат туралы құлақтандырулар беруді;
2) "жағалау-кеме" бағытындағы апат туралы құлақтандыруларды қабылдауды;
3) "кеме-кеме" бағытындағы апат туралы құлақтандыруды беруді және қабылдауды;
4) іздеу мен құтқаруды үйлестіру үшін хабарларды беруді және қабылдауды;
5) апат болған жерден хабарларды беруді және қабылдауды;
6) теңіздегі қауіпсіздік жөнінде ақпаратты беруді және қабылдауды;
7) кемелердің маневрі кезіндегі өзара іс-қимылды келісу жөніндегі радиоалмасуды және кеме қозғалысын басқару қызметтерінің жұмыс істеуі үшін ақпарат беруді;
8) жалпы мақсаттағы радиохабарларды беруді және қабылдауды;
9) "көпірше-көпірше" хабарларын беруді және қабылдауды қамтамасыз етуге қабілетті байланыс құралдарымен жарақталады.
19. Радиожабдық механикалық, электр немесе өзге де көзден шыққан зиянды шулар оның тиімді қолданылуына бөгет болмайтындай, оның қауіпсіздігінің жоғары дәрежесі қамтамасыз етілетіндей, сондай-ақ судың зиянды әсерінен, қоршаған орта температурасының кенет өзгеруінен және басқа да қолайсыз жағдайлардан қорғалуы қамтамасыз етілетіндей етіп орналастырылады.
20. Теңіз кемесінде радиожабдықты орналастыру үшін металл қалқасы бар арнайы үй-жайлар көзделуге тиіс.
21. Теңіз кемесінде орнатылған байланыс құралдары пайдалану және қызмет көрсету үшін оларға еркін қол жеткізу қамтамасыз етілетіндей, ал оларды қолдану теңіз кемесін басқаруға бөгет болмайтындай және персонал үшін қауіп төндірмейтіндей етіп орналастырылады.
5. Теңіз кемелерін навигациялық жабдықтау жөніндегі тәртіп
22. Барлық теңіз кемелері олардың мақсатына және жүзу ауданына қарамастан, құрамына мыналар кіретін навигациялық жабдықпен жабдықталады:
1) жолдың бас магниттік компасы;
2) қайықша компасы;
3) гидроскопиялық компас.
23. Кеменің навигациялық жабдығы мен оны навигациялық жарақтандыру кеме жүргізушіні кеменің тұрған жері, бағыты және жылдамдығы туралы дұрыс ақпаратпен, сондай-ақ ұйғарылған аудандарда және пайдалану жағдайларында теңіз кемесінің қозғалысын қауіпсіз басқаруға мүмкіндік беретін ақпаратпен үздіксіз қамтамасыз етілуге тиіс.
24. Теңіз кемесінде орнатылған навигация құралдары пайдалану және қызмет көрсету үшін оларға еркін қол жеткізу қамтамасыз етілетіндей, ал оларды қолдану теңіз кемесін басқаруға бөгет болмайтындай және персонал үшін қауіп төндірмейтіндей етіп орналастырылады.
Полная версия