Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 62-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2011 - 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 ақпандағы № 95 Қаулысы
Редакция 30.12.2013 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 ақпандағы № 95 қаулысымен бекітілді
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары 1-бөлім. Миссиясы мен пайымдауы
Миссиясы: Мемлекеттің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру міндеттерін шешу үшін құқықтық инфрақұрылымды жаңғырту және қамтамасыз ету.
Пайымдауы: Тиімді құқықтық қорғаумен, сондай-ақ құқықтық мемлекеттің стандарттары мен қағидаттарына сәйкес мемлекеттік және заңгерлік қызметтермен қамтамасыз етілген дамыған азаматтық қоғам.
2-бөлім. Ағымдағы ахуалды және қызметтің тиісті салаларындағы (аясындағы) даму үрдістерін талдау
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (бұдан әрі – Әділет министрлігі) іске асырылуы елде жүргізіліп жатқан өзгерістерді тиісінше құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өзара байланысты емес қызметтердің ауқымды спектрін орындайды.
Өткен жылдар Әділет министрлігі үшін алға қойылған барлық міндеттерді орындап, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген кезең болды.
Осы 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарда Әділет министрлігінің алдында алты негізгі бағыт айқындалды.
1. Заңнаманы жетілдіру, сапалы норма шығару қызметі.
Реттелетін сала немесе қызмет аясын дамытудың негізгі параметрлері.
Қоғамдық қатынастарға нәтижелі және мақсатты құқықтық әсер етуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі құралы норма шығару қызметі болып табылады. Норма шығару қызметі – оның ұйымдастырылуында мұқият салыстырылған және теңдестірілген тәсілді талап ететін күрделі және көпжақты процесс. Осыған байланысты норма шығару қызметінің сапасын арттыру, соның ішінде заң шығаруды жетілдіру стратегиялық бағытпен айқындалды.
Заң шығару қызметі құқық шығармашылық қызметтің аса маңызды бөлігі, норма шығару процесінің жалпы жүйесінің бір бөлігі болып табылады.
Заң шығару саласындағы негізгі міндет әзірленетін заң жобаларының сапасы болып табылады, бұл олардың заңдық пысықталуына ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік, экономикалық, қаржылық маңызды мәселені шешудің пысықталуына, статистикалық деректерді зерделеуге, құқықтық қолдану практикасын талдауға, халықаралық оң тәжірибенің қолданылуына және т.б. байланысты болмақ.
Әділет министрлігі Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының үйлестірушісі ретінде, заң жобаларының сапасына ерекше назар аударады.
Полная версия