Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
Осы редакция 13.10.2011 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды.
Қазақстан Республикасының Су Кодексі Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі N 481 Кодексі
1-БӨЛIМ. Жалпы ережелер
1-тарау. Негізгі ережелер
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
1) ағын су - ойпаңды жер бетінде ылдиға құлай аққан судың қозғалысымен сипатталатын су объектісі;
2) акватория - табиғи, жасанды немесе шартты шекаралармен шектелген су кеңістігі;
3) ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері - су тұтынушылар үшін ауыз сумен жабдықтаудың олардың ауыстырылуы мүмкін емес және мақсатқа сай келмейтін бірден-бір көздері;
4) басқарудың бассейндік принципі - өзендердің, көлдердің және басқа да су объектілерінің бассейндері шегінде су ресурстарын әкімшілік-аумақтық бірліктер арасында бөлу кезінде іске асырылатын су қорын гидрографиялық белгілер бойынша басқару;
5) гидромелиорациялық жүйе - жерді суаруға, суландыруға және құрғатуға арналған технологиялық жағынан өзара байланысты гидротехникалық құрылыстар, құрылғылар мен жабдықтар кешені;
6) гидромелиорациялық кондоминиумге қатысушылар - ортақ үлестік меншік құқығындағы гидромелиорациялық кондоминиумнің құрамына кіретін бір гидромелиорациялық жүйемен немесе оның элементтерімен суарылатын жеке меншік немесе уақытша өтеулі пайдалану құқығында жер учаскесі бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
7) гидротехникалық құрылыстар - су ресурстарын басқару, су пайдаланушыларға су беру, сумен жабдықтау және су бұру, судың зиянды әсерінің алдын алу үшін пайдаланылатын инженерлік құрылыстар;
8) жағалау белдеуі - экологиялық талаптарды сақтай отырып, навигациялық белгілер мен жабдықтарды орнатуға арналған су объектілері жағалауының бойындағы жағалау жиегінен ені жиырма метр құрлық белдеуі;
9) жағалау жиегі - су объектісі жағалауының судың барынша көтерілуі (лық толуы) нәтижесінде пайда болатын жиегі;
10) жер асты суларының бассейні - жер қойнауында орналасқан су тұтқыш жиектер жиынтығы;
11) жер асты суларының көздері мен учаскелері - шегінде жер асты суларын шығару мен алу үшін қолайлы жағдайлары бар су тұтқыш жиектердің бөліктері;
12) жер асты шаруашылық-ауыз сулары - өзінің табиғи жай-күйіндегі немесе өңделгеннен кейінгі сапасы бойынша нормативтік талаптарға сай келетін және адамның ауыз суға және тұрмыстық қажетіне, не ауыз су өнімдерін өндіруге арналған жерасты сулары;
13) жер үсті су объектілері - шекарасы, көлемі мен су режимі бар, құрлық бетінде оның бедері нысанында сулардың тұрақты немесе уақытша жинақталуы;
13-1) коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган – елді мекендер шегінде сумен жабдықтау және су бұру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
Полная версия