Близость слов: Окончание:





"Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты
Қазақстан Республикасының Президенті - елбасы Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2012 жылғы 14 желтоқсан
Қадірлі қазақстандықтар! Қымбатты отандастар!
Біз бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында жиналып отырмыз. 
Міне, біз 20 жыл бойы осы ұлы мерекені мақтанышпен атап өтіп келеміз. 
1991 жылғы 16 желтоқсанда біз – Қазақстан халқы – егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгінгі күні осы құндылықтар біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды. 
Сол кездері, сапарымыздың басында бәрі басқаша болды. Енді біздің ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында ел танымастай болып өзгерді. 
Біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз. 
Біздің алғы шепті алуымыз қымбатқа түсті. 
Ел 20 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды. 
Қазақстан ХХІ ғасырдың басында тәуелсіз әрі өзіне сенімді болып отыр. 
Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. 
Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. 
Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ. Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады.
Дәл осы себептен де Тәуелсіздік күні қарсаңында, қымбатты менің отандастарым, мен сіздерге жаңа Жолдау  ұсынып отырмын. 
Бұл – еліміздің даму перспективаларына жасаған өзіндік пайымдауым. 
І. ҚАЛЫПТАСҚАН ҚАЗАҚСТАН – мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы
Дәл 15 жыл бұрын біз Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясын қабылдадық. 
Бұл 1997 жыл – кеңестік кезеңнен кейінгі бей-берекеттік түбегейлі еңсерілмеген, дағдарыс Оңтүстік-Шығыс Азияны және басқа да кейбір нарықтарды сансыратқан кезең болатын. Бізге де аса қиын соқты. 
Осы жылдар ішінде біздің Стратегиямыз басты мақсатымыздан ауытқымай, шамшырақ сияқты біздің жолымызға сәуле шашып, алға басуға жігерлендірді. 
Полная версия
ИС BestProfi