"Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Внимание! Документ утратил силу с 10.08.2015
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды есепке алуды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 10 қарашадағы N 1795 Қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 10 тамыздан бастап ҚР Үкіметінің 16.07.2015 жылғы № 542 Қаулысына сәйкес «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды есепке алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ұлттық экономика министрінің 03.12.2014 жылғы № 124 Бұйрығын қараңыз
1. Қоса беріліп отырған Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды есепке алуды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 10 қарашадағы N 1795 қаулысымен бекітілген
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды есепке алуды жүзеге асыру ережесі
Жалпы ережелер
1. Осы Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды есепке алуды жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды есепке алуды жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
2. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды (бұдан әрі - Шарт), оған енгізілетін өзгерістерді есепке алу дегеніміз құрылыс салушы, жобалау компаниясы және үлескер туралы жүйеленген, дүркін-дүркін толықтырылатын және нақтыланатын мәліметтер тізбесін білдіреді.
3. Шарттың міндетті талаптары:
1) пайдалануға беруге рұқсат алғаннан кейін жобалау компаниясы үлескерге беруге тиіс оның тұрғын үйдегі (тұрғын үй ғимаратындағы) үлесін жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына сәйкес үлескер үшін айқындау;
2) жобалау компаниясының үлескерге тұрғын үйдегі (тұрғын үй ғимаратындағы) үлесті беру мерзімі;
3) Шарттың бағасы, яғни тұрғын және (немесе) тұрғын емес үй-жайдың жалпы алаңының бір шаршы метрі үшін есептемені негізге ала отырып, үлескердің банк шотының шарты бойынша үлескер депозитіне енгізілуге тиіс ақша сомасы;
4) Шарт бойынша салынған тұрғын үй ғимаратына кепілдікті мерзім;
5) сәулеттік жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының тұрғын үй-жайдағы үлескерге берілуге тиіс тұрғын үй-жайға қатысты бөлігін (тұрғын үй-жайдың салыну жоспарлары, қабаттылығы) Шартқа міндетті түрде қоса тіркеу;
6) үлескерге тұрғын үйдегі (тұрғын үй ғимаратындағы) үлесін берудің Шартта көзделген мерзімін жобалау компаниясы бұзған жағдайда, тұрақсыздық айыбының (өсімпұлдың) мөлшерін көрсету;
7) үлескер Шартта белгіленген төлемді енгізу мерзімін бұзған жағдайда, тұрақсыздық айыбының (өсімпұлдың) мөлшерін көрсету;
8) үлескердің ақшасын банк-агенттің жобалау компаниясына беру тәртібі мен мерзімдері;
9) банк шотының шарты бойынша үлескер депозитінде Шарт бағасының кемінде он бес пайызы мөлшерінде бастапқы жарнаның болу қажеттігі туралы көрсету болып табылады.
4. Шартта осы Ереженің 3-тармағында көзделген талаптар болмаған жағдайда, Шартты есепке қоюға болмайды.
5. Жобалау компаниялары Шарт немесе қосымша келісім жасалған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде салынып жатқан тұрғын үйдегі үлес алаңы мен оның тұрған орнын көрсете отырып, шартты есепке қоюды жүзеге асыру үшін құжаттарды облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына ұсынады.
6. Есепке алуды жүзеге асыру:
тіркеу журналына тиісті жазба енгізу жолымен Шартты тіркеуді;
уәкілетті және өзге де органдарға, сондай-ақ үлескерлерге ақпараттық қызмет көрсетуді;
есепке алуды жандандыруды, оның ішінде күнін және есептен шығарудың себебін корсете отырып, Шартты есептен шығаруды қамтиды.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды есепке алуды жүзеге асыру тәртібі
7. Шарттарды есепке алуды жүзеге асыру үшін жобалау компаниясы уәкілетті органға құжаттарды, оның ішінде мынадай мәліметтерді:
1) жобалау компаниясының атауы туралы деректерді, заңды мекен-жайын, телефонын, банктік деректемелерін, СТН-ін;
2) бірінші басшының тегін, атын, әкесінің атын;
3) құрылыс объектісінің атауын;
4) осы құрылыс объектісіндегі пәтерлердің санын;
5) құрылысқа немесе оның кезеңіне рұқсатты;
6) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуы үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі бірінші кезеңге лицензияны қамтитын құжаттарды ұсынады.
8. Шартты есепке қою облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына құжаттар берілген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде ресімделеді.
9. Тіркеу журналына мәліметтерді енгізгеннен кейін облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы жобалау компаниясына Шартты есепке алу жазбасы туралы тиісті үзіндіні береді.
10. Жобалау компаниясы Шарт облыстың (республикалық маңызы бар қаланың астананың) жергілікті атқарушы органында есепке алынғаннан кейін он жұмыс күні ішінде оны есепке алу жазбасы туралы үзіндіні үлескерге және банк-агентке табыс етеді.
11. Шарттарды, оған енгізілетін өзгерістерді, сондай-ақ Шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруді есепке алу кезінде үшінші тұлғалардың бұрын есепке қойылған үлеске құқықтарының болуы мәніне міндетті тексеру жүргізіледі. Мұндай құқықтар болған кезде, Шартты есепке алудан бас тартылады.
12. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі уәкілетті органға ай сайын есепке алынған Шарттардың саны туралы ақпарат береді.
13. Үлескерге салынған тұрғын үй ғимаратындағы оның үлесін беру туралы актіге қол қойылғаннан кейін облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды тіркеу журналына Шартты есептен шығару туралы жазба енгізеді.
14. Шарттарды есептен шығару жөніндегі ақпарат құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі уәкілетті органға тапсырылуға тиіс.
15. Шартты орындаудан бір жақты бас тартылған жағдайда, бастамашы тарап уәкілетті органға Шартты орындаудан бір жақты бас тартуды есепке алу туралы өтініш ұсынады. Бұл ретте бастамашы тарап өтініш берілген күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде басқа тарапты Шартты орындаудан бір жақты бас тарту туралы жазбаша хабардар етуге міндетті.
16. Тараптар бастамашы тараптан Шартты орындаудан бір жақты бас тарту туралы жазбаша хабарлама алынғаннан кейін он күнтізбелік күн ішінде өзара келісім бойынша кейіннен Шартты есептен шығару үшін облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына бір-біріне кінәраттарының жоқ екенін көрсете отырып, жазбаша түрде хабарлайды.
Тараптар өзара келісім бойынша Шартты бұзудан бас тартқан жағдайда, оны бұзу азаматтық заңнамаға сәйкес жүргізіледі.
Полная версия