Близость слов: Окончание:





Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы
Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегі № 2143-XII Заңы
Редакция 08.06.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi жаппай саяси қуғын-сүргiндерге ұшыраған адамдарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге батыл бел байлап, осы қуғын-сүргiндердiң барлық құрбандарын ақтау, оларға тигiзген моральдық және материалдық залалды қазiргi уақытта барынша мүмкiн болатын өтеудi қамтамасыз ету мақсатында осы Заңды қабылдайды.
1-бап. Осы Заңда саяси қуғын-сүргiндер ретiнде мемлекеттiк органдар немесе олардың өкiлi болып табылатын лауазымды адамдары саяси себептер бойынша күзетпен қамауға алуды және психиатриялық мекемелерде күштеп емдеудi қоса алғанда өмiрiн жою немесе бас бостандығынан айыру, елден қуып жiберу және азаматтығынан айыру, өмiр сүрген жерлерiнен немесе мекендi аудандарынан аластау (айдау немесе жер аудару), арнайы қоныс аударуға жiберу, бостандығын шектей отырып ықтиярсыз еңбекке тарту түрiнде (соның iшiнде "еңбек армияларында", "iшкi iстер халық комиссариатының жұмысшы колонналарында" деп аталатындарға) жүзеге асырылатын көндiру шаралары, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн нақақтан айыптаумен, не саяси сенiмдерiнiң белгiлерiне, таптық, әлеуметтiк, ұлттық, дiни немесе басқа тегiне қарап, сот, соттан тыс не әкiмшiлiк тәртiбiнде әлеуметтiк қауiптi адамдар ретiнде қудалаумен ұштасқан басқа да құқықтары мен бостандығынан айыру немесе шектеу танылады.
Осы Заңда адамды сот тәртiбiнде немесе заңмен белгiленген басқа тәртiпте саяси қуғын-сүргiндердiң құрбаны немесе саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен деп тану, оның бұзылған құқықтарын қалпына келтiру, ол шеккен моральдық немесе материалдық залалдың орнын толтыру ақтау деп ұғынылады.
2-бап . Осы Заңның күшi бұрынғы КСР Одағы аумағында саяси қуғын-сүргiндерге тiкелей ұшыраған және қазiргi уақытта Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын адамдардың бәрiне қолданылады.
2-бап өзгертілді ҚР 22.07.1999 жылғы №169 Заңымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізілуі тиіс)
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдармен қатар саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiнде Қазақстан Республикасының қазiргi аумағында өздерiне қуғын-сүргiндер қолданылғанға дейiн тұрақты өмiр сүрген адамдар мына төмендегi жағдайларда танылады:
а) бұрынғы КСР Одағынан тысқары жерлерде қуғын-сүргiндердi кеңес соттары мен басқа да органдардың қолдануы;
б) екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде (жай адамдар мен әскери қызметшiлердi) тұрақты армия әскери трибуналдарының айыптауы;
в) Қазақстаннан тысқары жерлерде әскери қызмет атқару үшiн шақырылғаннан кейiн қуғын-сүргiндердiң қолдануы;
г) қуғын-сүргiндердi орталық одақтық органдар: КСРО Жоғарғы Соты мен оның сот алқаларының, СКРО Айрықша бас саяси Басқарма алқасының, КСРО Iшкi iстер халық комиссариаты - Мемлекет Қауiпсiздiгi министрлiгi - Iшкi iстер министрлiгi жанындағы айрықша кеңестiң, КСРО Прокуратурасы мен КСРО iшкi iстер халық комиссариатының Тергеу Iстерi жөнiндегi комиссиясының және басқа органдар шешiмдерi бойынша қолдануы;
г-тармақша өзгертілді ҚР 30.11.2000 жылғы №108 Заңымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізілуі тиіс)
д) Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндердің қолданылуы жағдайларында танылады.
2-бап д-тармақшамен толықтырылды ҚР 30.11.2000жылғы № 108 Заңына сәйкес(алғашқы ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізілуі тиіс)
Саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiнде сондай-ақ КСР Одағы мемлекеттiк өкiметтiң жоғары органдарының құжаттары негiзiнде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуға ұшыраған адамдар да танылады.
Осы Заңда саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккендер ретiнде ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары танылады.
2-баптың төртінші бөлігі өзгертілді ҚР 02.07.2018 жылғы № 165-VІ Заңымен (08.04.2010 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 03.07.2018 жылы „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды
3-бап . Саяси себептер бойынша елден аласталған, тұрған жерлерiнен немесе мекендi аудандарынан аулақтатылған (айдауға немесе жер аударуға жiберiлген), арнайы қоныс аударылған, бостандығын шектеп еңбекке ықтиярсыз тартылған, сондай-ақ әкiмшiлiк тәртiппен құқықтары мен бостандықтарынан айыруға немесе шектеулерге ұшыраған, әкiмшiлiк тәртiпте немесе сот емес органдар шешiмдерi бойынша психиатриялық мекемелерде емдеуге күштеп жатқызылған адамдардың бәрi ақталған адамдар деп жарияланады.
3-бап өзгертілді ҚР 22.07.1999 жылғы №169-1 Заңымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізілуі тиіс)
Елден аластату, тұратын жерлерiнен немесе мекен еткен аудандарынан аулақтатылу (айдауға немесе жер аударуға жiберу) арнайы қоныс аударуға жiберу түрiндегi саяси қуғын-сүргiндердiң қолданылғанын растайтын құжаттар болмаған жағдайда (олардың жойылып жiберiлуiне байланысты), қуғын-сүргiндердi қолдану фактiсiн тану үшiн негiз адамдардың қуғын-сүргiндер акцияларының салдарынан Қазақстанның аумағында нақты тұрғанын анықтау болып табылады.
4-бап. Мынадай айыптары үшiн сотталғандардың бәрi ақталған адамдар деп жарияланады:
а) революцияға қарсы үгiт-насихат жүргiзгенi;
б) шiркеудi мемлекеттен бөлу туралы ережелердi бұзғаны (дiни топтардың алым қаражаттарын күштеу арқылы жинағаны, дiни құрыптарды атқаруға бөгет жасағаны үшiн айыптау бойынша сотқа тарту жағдайларынан басқа реттерде), яғни 1958 жылғы 25 желтоқсандағы "Мемлекеттiк қылмыстар үшiн қылмыстық жауапкершiлiк туралы" КСРО Заңы қабылданғанға дейiн қолданылған РКФСР Қылмыстық кодексiнiң 58, 122, 123, 125, 126-баптары бойынша;
Полная версия
ИС BestProfi