Близость слов: Окончание:





Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2005 жылғы 18 ақпан
Бiздiң өмiрiмiздi түбегейлi өзгертiп, Қазақстан тәуелсiздiкке ие болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының тарихқа озғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Сана мен сезiмнің шиеленiсi мен ширығуы жағынан бұл ерекше жылдар болды. Бұл бiздің мемлекетімiздің алдағы жүрер жолын айқындайтын аса маңызды шешiмдер қабылданған жылдар болды, сол кезде қабылданған бiр ғана бұрыс шешiм елiмiздiң жүрер жолының бағыт-бағдарын елеулi өзгерiске ұшыратуы әбден ықтимал еді. Осы уақыттың iшiнде халық менің елiмiзге басшылық етуiме өзiнiң шынайы сенiмiн білдiрдi. Мен болсам, Сiздердің сенiмдерiңiздi ақтауға тырысып, бiздің стратегиялық бағытымыздың негiзгi бағдарларын әр жыл сайын өздерiңiзбен бiрге саралап келемiн.
Мiне, бүгiн, араға он бес жылдай уақыт салып, мен сiздердi бiздiң бiрлесе атқарған жұмысымыздың қорытындысын шығаруға шақырып отырмын. Бiздiң мақтан тұтарлық iстерiміз жеткiлiктi.
Бiз неден бастадық, жол басында қолымызда не болды, сол кездегi бiздiң нақты мүмкiндiктерiмiз қандай едi?
Әлеуметтiк-экономикалық және саяси ахуал шын мәнiнде сын көтермес күйде еді . Қазақстанның экономикалық және саяси мүмкiндiктерi сырттан осылай бағаланды: экономикасы әлжуаз, қазынасы бос, саяси жүйесi балаң, Кеңестер Одағы заманының Конституциясы бойынша өмiр сүрiп жатқан, одан бар болғаны белгілi бiр әскери әлеует қана еншiлеген ел саналдық.
Былайғы дүние бiздi көзге де iлген жоқ, әлемдiк қоғамдастықты бiздiң ядролық қару-жарағымыз ғана алаңдатты.
Ендi 20-25 жылдан кейiн мемлекеттiк басқарушылардың жаңа ұрпағы "Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму Стратегиясының" қорытындысын шығарып, бiздiң әуел бастағы әлеуетiмiздi және өзгерiстердің нәтижесiн елеп-екшер болса: "Шынымен, солай болды ма екен", - деп таң-тамаша қалары анық.
Сонда олардың бiзге қызыға қарарына көзім әбден жетедi. Бiздiң батылдығымызға, жiгерiмiзге, қабiлетiмiзге, сайып келгенде, еркiндiгiмiзге қайран қалары анық. Өйткенi, бүгiнгi күнi бiз жасаған дүниені рухы күштi жандар ғана жасай алатын едi.
Бiз алдымызға анық та айқын мақсат қойдық: бiз жақсы өмiр сүргiмiз келдi, бiз еркiндiкке ұмтылдық, бiз бәрiнен де бұрын балаларымыз бен немерелерiмiздің лайықты өмiр сүруiн қаладық . Бұған сiздер мен бiздер өз ғұмырымыздың бiраз жылдарын арнадық. Еңбегiмiз еш кеткен жоқ, бiз бүгiнгiдей биiкке көтерiлдiк .
Өзiмiздiң төл теңгемiз айналысқа енген, экономикалық тәуелсiздiгiмiз аныққа шыққан 10 жыл кезеңдi алайықшы. Бұл 10 жыл - елiмiздi тұрақты еткен, экономикамызды өркендеткен төл Конституциямыздың да мүшелдi мерекесi.
2. Бiз жалпы iшкi өнiмдi екi есе ұлғайтып, бiрлесiп тағы да бiр Қазақстан орнататындай межеге жақындадық
2.1. Бiз ойдағыдай жұмыс iстеп жатқан нарық экономикасын құрдық
Экономиканы түпкiлiктi реформалауға бағыт ұстап, бiз қысқа мерзiмнiң iшiнде нарықтық реформаларды жүргiзе бiлдiк, тиiстi заңнамамызды жасауға қол жеткiздiк . Бүгiнгi таңда Қазақстанда нақтылы жұмыс iстеп тұрған нарықтық экономика бар.
Егер осыдан он жыл бұрын жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмiмiз жетi жүз доллардан сәл ғана асса, 2004 жылдың соңында ол екi мың жетi жүз долларға жеттi, ендеше биылғы жылы бiздiң жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмiмiз ендi үш мың доллардай болады деген болжамымыз бар.
Мен 2010 жылы жан басына шаққанда жалпы iшкi өнiмдi 5800 АҚШ долларынан асатын мөлшерге, яғни Чехия, Венгрия, Польша, Малайзия сияқты елдердiң бүгiнгi деңгейiне, ал 2015 жылы шамамен 9000 АҚШ доллары мөлшерiне жеткiзуге күшiмiз жетедi деп санаймын. Жалпы, сатып алу қабiлетiнiң шамасы жағынан бұл цифрларға бiз қазiрдiң өзiнде жақынбыз.
Бiз елiмiздің жалпы iшкi өнiмiн 2000 жылмен салыстырғанда 2010 жылы екi есе ұлғайтуды жоспарласақ та, бұл көрсеткiшке 2008 жылы-ақ жететiнiмiзге сенiмiмiз мол.
Бүгiн экономикалық өсудің негiзгi көзi елдің шикiзат әлеуетiн пайдалану болып отыр. Көмiрсутегi шикiзатын өндiру көлемiн 1985 жылмен салыстырғанда бiз 225 пайыз ұлғайтуға қол жеткiздiк, ал былайғы дүниеде ол небәрi 1,3 есе шамасында ғана өстi.
Полная версия
ИС BestProfi