Өткен жылғы Елбасы сайлауы экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолына түскен елімізде орныққан ұлтаралық татулық пен тұрақтылыққа негізделген саясатты барша қазақстандықтардың жаппай қолдайтындығын айқын дәлелдеді. 4 желтоқсанда біздің халқымыз өзінің болашағы үшін дауыс берді, бұл болашақтың формуласы өте қарапайым: тұрақтылық пен жаңарудан - өркендеуге. Қазірдің өзінде көп нәрсеге қол жеткізіп, біз тағы бір стратегиялық міндетті - таяудағы он жылда Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына шығару міндетін қойдық.
Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі, 2006 жылғы 18 қаңтар
Құрметті депутаттар! Ханымдар мен мырзалар!
Бұл стратегияның негізіне ұлттық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен Қазақстанның халықаралық рыноктарға шығуы үшін өңірлік және жаһандық экономиканың артықшылықтарын пайдалану алынған.
Ұсынылып отырған бағыт Қазақстанды 2030 жылға дейін дамыту қағидаттарына негізделеді, оларды бүгінгі күннің нақтылығын ескере отырып тереңдетеді. Жаңа Үкімет үшін басымдықтар мен міндеттер мынадай.
І басымдық: Қазақстан экономикасын жаңарту және оған серпінді сипат беру, олар өзара байланысты міндеттер кешенін шешуді көздейді
Бірінші. Фискалдық саясат.
Салық және тариф саясатын реформалау сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюға және кәсіпкерлікті, бизнес пен халықаралық сауданы дамытуды ынталандыруға мүмкіндік береді.
Біз салықтардың жиналуын ұлғайтуға, салық салу құрылымын жеңілдетуге және салықтар санын шектеуге тиіспіз. Бизнес мүддесі тұрғысынан жеке тұлғалар үшін табыс салығының белгіленген ставкасын енгізу және Салық кодексін жеңілдету мүмкіндігін зерттеу керек.
Екінші. Несие-ақша саясаты.
Инфляциямен күрес - несие-ақша саясатының басты мақсаты. Біз өзіміздің шетелдегі әріптестеріміздің бұған дейін байқап көрілген ұсыныстары мен кеңестеріне арқа сүйей отырып, валюта саясатын басқарылатын ырықтандыру есебімен инфляция өсуінің келеңсіз салдарын барынша төмендету мақсатында нақты айырбас бағамының қажетті икемділігін қамтамасыз етуге тиіспіз.
Үшінші. Экономиканың отын-энергетика және өндіруші секторлары тиімділігінің жаңа деңгейін ұйымдастыру.
Мұнай-газ кешенімен тікелей байланысты, қосылған құн дәрежесі жоғары салалардың озық дамуына жағдайлар туғызу керек.
Әрбір кен орны тұрмыстық қызмет саласынан бастап ең осы заманғы бағдарламалық қамтамасыз етуге дейінгі кәсіпкерлікті дамытудың әлеуетті базасы ретінде қарастырылуы тиіс.
Біз мұнай мен газды өндіріп қана қоймай, Норвегияның үлгісі бойынша елді мұнай-сервистік кластерге айналдыруға тиіспіз.
Мемлекет елде және шетелде біздің мұнай компанияларымыздың қызметін кеңейтуіне қолдау білдіруі тиіс.
Төртінші. Экономиканың өсуін қамтамасыз етудің жаңа бағыттарын қалыптастыру.
Мемлекет экономикадағы сұранысты ынталандыратын жағдайлар жасай алады және жасауға міндетті, бірақ та өндірісті өзі ұйымдастыруға немесе бақылауға тиіс емес. Мұны рынок істейді.
Экономиканың салауатты жеке сұраныс бар салаларында мемлекет бәсекелес ортасын дамыту және рынокты монополияландыруға жол бермеу үшін қажетті реттеуші рөлін ғана атқаруға, ал ондай сұраныс жоқ жерлерде оны жасауға жәрдемдесуі тиіс.
Бесінші. Кәсіпкерлікке кең ауқымды мемлекетті қолдау.
Полная версия