Близость слов: Окончание:





Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының негізгі ережелерін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 желтоқсандағы № 1434 қаулысы
Редакция 12.05.2017 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 42-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының негізгі ережелері бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1434 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының негізгі ережелері
Ережелер жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 12.05.2017 жылғы № 256 Қаулысына сәйкес (05.02.2015 ж. редакцияны қараңыз)
"Қазақстан – 2050": қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" стратегиясы  және Қазақстан Республикасының мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларының, мемлекеттік органдарының стратегиялық жоспарларының түзетілуі ескеріліп өзектілендірілген Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының негізгі ережелері (бұдан әрі – Негізгі ережелер) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың өзектілендірілген бас схемасы (бұдан әрі – Бас схема) шеңберіндегі жобалаудың аралық (2020 жыл), есептік (2030 жыл) және болжамды (2050 жыл) мерзімдеріне арналған Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастыру жөніндегі басты жобалық ұсыныстар мен шешімдердің қысқаша мазмұны болып табылады.
Бас схема – елдің аумақтық бәсекелік артықшылықтарын іске асыру және тұрақты дамуына қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді кеңістікте дамуының пайымын және аумақты оңтайлы ұйымдастыру жүйесін қамтитын қала құрылысы жобасы.
Бас схема қоныстандыру жүйесінің және өндіргіш күштерді орналастырудың мемлекеттік реттелуін қамтамасыз ету, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын ескере отырып, аумақтарды пайдаланудың мәртебесін, мақсаты мен сипатын белгілеу, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру арқылы әлеуметтік-экономикалық және шаруашылық даму бойынша өңіраралық және салааралық мемлекеттік мүдделерді үйлестіру, сондай-ақ электр энергетикалық қуаттар мен ағындарды және Қазақстан өңірлері арасындағы көлік артериялары мен жүк ағындарын бөлу схемаларын ұйымдастыру үшін әзірленуде және мынадай сатылардағы қала құрылысы құжаттамасын: аумақты дамытудың өңіраралық схемаларын, аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын, елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу үшін негіз болып табылады.
Бас схема Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына, құжаттардың нұсқаулық ережелеріне және еліміздің аумағын ұйымдастыру мен орналастырудың экологиялық, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленеді.
1. Қоныстандыру және өндіргіш күштерді орналастыру жүйесі
Халықты қоныстандыру жүйесін дамытудың негізгі бағыттары
Қазақстан Республикасының халқын қоныстандыру жүйесі өзара инженерлік-көлік инфрақұрылымымен байланысатын және тұтас алғанда, қоныстандырудың тірек қаңқасын құрайтын қалалық және ауылдық елді мекендерден тұратын өңірлік және жергілікті құралымдарды білдіреді.
Қазақстан Республикасы Еуразия құрлығының орталығында көлемі 2,37 млн. шаршы км кең аумақты алып жатыр. 2014 жылдың басында халықтың орналасу тығыздығы 1 шаршы км 6,3 адамды құрады.
Қазақстан аумағында 87 қала (оның ішінде 2 – республикалық, 40 – облыстық және 45 – аудандық маңызы бар қала), 31 кент және 6828 ауылдық елді мекен бар (осы Негізгі ережелерге 1-қосымша ).
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің (бұдан әрі – Статистика комитеті) деректері бойынша 2014 жылғы 1 қаңтарда республикада 17160,8 мың адам тұрды. Соңғы он жылда Қазақстан халқының саны 14 %-ға (абсолюттік мәнде – 2086,0 мың адамға) ұлғайды.
Полная версия
ИС BestProfi