Осы Заң азаматтардың бірлесу бостандығына, кәсіптік одақтарды құруға, олардың қызметіне, оларды қайта ұйымдастыруға және таратуға конституциялық құқығын іске асыру нәтижесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Кәсiптiк одақтар туралы Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 27 маусымдағы № 211-V Заңы
Редакция 20.08.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аумақтық кәсіподақтар бірлестігі – аудан, қала, облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі кәсіподақтар бірлестігі;
2) әлеуметтік әріптестік – жұмыскерлер (жұмыскерлердің өкілдері), жұмыс берушілер (жұмыс берушілердің өкілдері), мемлекеттік органдар арасындағы еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша олардың мүдделерін келісуді қамтамасыз етуге бағытталған, тең құқықты ынтымақтастыққа негізделген өзара қатынастар жүйесі;
2-тармақша өзгертілді ҚР 04.05.2020 жылғы № 321- VІ Заңымен (11.07.2017 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 16.05.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
3) бастауыш кәсіподақ ұйымы – кәсіподақтың тікелей ұйымдағы және осы ұйым қызметкерлері болып табылатын кәсіподақ мүшелерінен тұратын құрылымдық бөлімшесі;
4) жергілікті кәсіподақ – ортақ еңбек, өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысты, бір немесе бірнеше ұйым қызметкерлерінің ерікті бірлестігі;
5) кәсіподақ мүшесі – кәсіподақтың құрамына кіруге ерікті түрде ниет білдірген және кірген оның жарғысын мойындайтын және сақтайтын, мүшелік кәсіподақ жарналарын төлейтін жеке тұлға;
6) кәсiптiк одақ (кәсіподақ) – Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек, өндірістік-кәсiптiк мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде өз мүшелерiнiң еңбек және әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшін ерiктi түрде құрылатын, тiркелген мүшелiгi бар қоғамдық бiрлестiк;
7) кәсіподақ органы – кәсіподақ жарғысына сәйкес құрылған басқарушы орган;
8) мүшелік ұйым – кәсіподақтар, қатысушылар ретінде кәсіподақтың, осы Заңда айқындалған тәртіппен әлеуметтік әріптестіктің тиісті деңгейінде олардың бірлестіктерінің құрамына кіретін, олардың жарғыларын мойындайтын және сақтайтын олардың бірлестіктері;
9) республикалық кәсіподақтар бірлестігі – облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі салалық кәсіподақтардың, аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің бірлестігі;
10) салалық кәсіподақ – ортақ еңбек, өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысты қызметтің (экономикалық қызмет түрлерінің немесе кіші түрлерінің) бір саласы және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің, жергілікті кәсіподақтардың бірлестігі.
2-бап. Қазақстан Республикасының кәсiподақтар туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның адамдардың жекелеген санаттары үшін қолданылу ерекшелiктерi
Полная версия