Близость слов: Окончание:





«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» және «Қазақстан Pecпубликасының кейбір заңнамалық актілерiне төлемдер және төлем жүйелері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2014 жылғы 14 тамыздағы № 8620 сараптамалық қорытындысы
Қазақстан Республикасы
Әділет министрлігі
2014 жылғы 25 маусымдағы
№ 8-4-6/И-2033 хатқа
САРАПТАМАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» және «Қазақстан Pecпубликасының кейбір заңнамалық актілерiне төлемдер және төлем жүйелері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобалары Тұжырымдамаларын қарап, келесіні хабарлаймыз.
 «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Тұжырымдамасында (бұдан әрі – заң жобасы) лимиттің нақты мөлшерін көрсетусіз заңсыз алынған ақша қаражатының қолма-қол айналымын шектеу көзделген. Қолма-қол ақшасыз айналымды ынталандыру қажет деп есептейміз, алайда, заң жобасында ұсынылған 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қолма-қол қаражат алу лимитін енгізуді (22-бап) және осы деңгейден жоғары қолма-қол төлемдерге тыйым салуды (9-бап) қолдамаймыз. Біздің ойымызша, бұл лимиттер көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша шара ретінде қолданыла алмайды. Себебі бұл шараны қабылдау қарама-қарсы әсерге әкелуі мүмкін: екінші деңгейдегі банктерден депозиттердің жаппай жылыстауы, ақшаларды сейф ұяшықтарына немесе шетелдік мемлекеттердің қаржы ұйымдарына аудару. Бұл отандық банк жүйесіне деген сенімді жояды, банктердің ресурстық базаларын азайту есебінен экономиканы кредиттеу үшін жағдайды нашарлатады және ақша қаражатының көлеңкелі айналымын күшейтеді. Мерзімдер бойынша және санаттар бойынша шектеу шараларын кезең-кезеңмен енгізу мақсатқа сай деп санаймыз. Мысалы, лимит мөлшерін жылдар бойынша кезең-кезеңмен шектеу, сондай-ақ оларды алдымен заңды тұлғалар үшін, кейін жеке тұлғалар үшін енгізу. Мұндай түбегейлі шектеу шараларын енгізу алдында қаржы мониторингі жүйесінің әрекетіне талдау жүргізу қажет.
 Төлем жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша заң жобасында төлемдер мен ақша аударымдарының түпкіліктілігі, аяқталуы және қайтарып алынбайтындығы туралы нормаларды бекіту шамаланады. Заң жобасын «төлемнің немесе ақша аударымының аяқталуы (түпкіліктілігі)» деген ұғыммен толықтыру мақсатқа сай емес деп есептейміз, себебі заң жобасында іс жүзінде бұл ұғым қолданылмайды, сонымен бірге 3-баптың 19-тармағында осыған ұқсас «түпкілікті төлем немесе ақша аударымы» деген ұғым бар.
 Төлем қызметтері нарығын реттеу мәселелері бойынша заң жобасында агенттерді тарту арқылы төлем қызметтері жеткізушілерінің төлем қызметтерінің белгілі бір тізбесін көрсету мүмкіндігін, үшінші тұлғалар арқылы төлем қызметтерін көрсету тәртібіне қойылатын талаптарды және олардың қызметін реттеу тәртібін бекіту болжанады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне төлем агенттері мен қосалқы агенттердің және төлем ұйымдарының жауапкершілігін енгізу қажет деп есептейміз. Себебі заң жобасына сәйкес бұл тұлғалар төлемдер мен аударымдар жүйесінің субъектілеріне айналады, ал төлем ұйымдары ҚР ҰБ-да есептік тіркеуден өтіп, банктермен бірдей төлемдер мен аударымдар жүргізудің уақтылылығы үшін, жүргізілген төлемдердің толықтығы үшін жауапкершілікте болуға міндетті. Төлемдерді жүзеге асыру үшін мұндай ұйымдар өз шоттарында жеткілікті соманың болуын қамтамасыз етуге міндетті, және де бұл олардың жауапкершілігі болып табылады.
 Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ескертулері мен ұсыныстарын ескеруді сұраймыз. Сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен келіспеу себептерінің негіздемесі бар жауап жіберуді сұраймыз.
Полная версия
ИС BestProfi