Близость слов: Окончание:





«Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалы металдар мен асыл тастар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2014 жылғы 19 тамыздағы № 8847 сараптамалық қорытындысы
Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрлігі
САРАПТАМАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ
 Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  
Қайта ұсынылған «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын (бұдан әрі – Заң жобасы) және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалы металдар мен асыл тастар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ілеспе жобасын (бұдан әрі – Заңның ілеспе жобасы) қарап, келесіні хабарлаймыз.
«Бағалы металдар» (Заң жобасының 1-бабы 1) т.) және «шикізат тауарлары» (Заң жобасының 1-бабы 27) тармақшасы) анықтамалары Евразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 16 тамыздағы № 134 шешімінде көрсетілген ұқсас ұғымдарға сәйкес келмейді.
Осы Заң нормаларын түсіндіру кезінде келіспеушіліктерді болдырмау, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік құқықтық актілерімен қарама-қайшылықтарды болдырмау мақсатында ұғымдық анықтаманы бірыңғайлау қажет. 
Осыған байланысты, Заң жобасының 1-бабы 1 және 27-тармақтарын мынадай редакцияда жазуды ұсынамыз:  
- «1. «Бағалы металдар» - Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауарлық номенклатурасының кодтары және Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдеріне сәйкес және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасымен анықталған атаулар бойынша алтын, күміс, платина және платина тобының металдары (палладий, иридий, родий, рутений, осмий);  
- «27. «Құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарлары – Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауарлық номенклатурасының кодтары және Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдеріне сәйкес және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасымен анықталған атаулар бойынша өңделмеген бағалы металдар (оның ішінде құйма түріндегі Доре қорытпасы, катодты металл және мырыш тұнбасы) және құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтар, бағалы металдардың кендері мен концентраттары, түсті металдардың кендері, концентраттары мен күлі, құрамында бағалы металдар бар түсті металдар өндірісінің жартылай өнімі».
Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың нормаларына сәйкес келтіру мақсатында 3 және 4-баптың 1-тармағының, 5-баптың 1 және 7-тармақтарының редакциясын «құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын» сөздерімен толықтыру қажет.  
Заң жобасының 1-бабының 22) тармақшасында «инвестициялық алтын» ұғымына мынадай анықтама беріледі:
«инвестициялық алтын - мынадай талаптарға ... сәйкес келетін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген сәйкестікті растау жөніндегі орган немесе сынақ зертханасы берген, мұндай алтынның ұлттық немесе халықаралық сапа стандартына сәйкестігін растау жөніндегі сертификаты немесе өзге де құжаты бар аффиниирленген алтын.»  
Сәйкестікті растау жөніндегі орган жұмысының қорытындысы - сәйкестік сертификаты, сынақ зертханасының – сынақ хаттамасы болып табылады. Осыған байланысты «инвестициялық алтын» анықтамасын бір мағынада түсіну мақсатында Заң жобасының 1-бабының 22) тармақшасында өзге де құжат деп не тұспалданып тұрғанын нақтылауды орынды деп санаймыз.
3. «Техникалық реттеу туралы» ҚР Заңында ұлттық немесе халықаралық сапа стандарттары деген құжаттар санаты жоқ.
Осы Заң жобасының ерекшелігін ескеріп, халықаралық сапа стандарттары - Лондонның бағалы металдар нарығына қатысушылар қауымдастығымен (The London Bullion Market Association, LBMA) бекітілген «London Good Delivery» стандарты.
Бұл жағдайда «Техникалық реттеу туралы» ҚР Заңының ережелеріне сәйкес Лондонның бағалы металдар нарығына қатысушылар қауымдастығының «London Good Delivery» стандарты халықаралық стандарт санатына жатпайды.
Анықтама: «Техникалық ретту туралы» ҚР Заңының 1-бабының 51) және 54) тармақшалары сәйкесінше:  
51) ұлттық стандарт – уәкiлеттi орган бекiткен және тұтынушылардың қалың көпшiлiгiне қолжетiмдi стандарт;
54) халықаралық стандарт - стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың көпшiлiгi қол жеткiзе алатын стандарт.
Осылайша, «Техникалық реттеу туралы» ҚР Заңымен қарама-қайшылықтарды болдырмау мақсатында Заң жобасының мәтіні бойынша «ұлттық сапа стандарты» ұғымын «ұлттық стандарт» деп жазуды ұсынамыз, «халықаралық сапа стандарты» - «шетелдік мемлекеттің стандарттау бойынша нормативтік құжаты» немесе «Лондон бағалы металдар нарығының қауымдастығымен қабылданған және осы қауымдастықтың құжаттарында «Лондондық сапалы жеткізілім» («London good delivery») стандарты деп көрсетілген стандарт».
4. Евразиялық экономикалық комиссияның 2012 жылғы 16 тамыздағы №134 шешімінің 29-тармағына сәйкес 134-шешімнің 29-тармағында көрсетілген тауарлардың кез келген әкелуі – барлық кедендік режимдерде (транзит пен реэкспорттан басқа) мамандандырылған кедендік бекеттер арқылы жүргізіледі.
Осыны негізге ала отырып, 8-баптың 2-тармағында «Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында қайта өңдеу үшін бағалы металдар мен құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын әкелуді қоспағанда» сөздерін алып тастап, мынадай редакцияда жазу қажет:
- «2. «Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына бағалы металдарды, өңделмеген бағалы металдарды, бағалы металдардың кендері мен концентраттары, құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды әкелген кезде кедендік декларациялауды жүргізгенге дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мамандандырылған кеден бекеттері арқылы мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады».
5. Заң жобасының 9-бабында бағалы металдарды аффинаждауға мемлекеттің басым құқығы қарастырылған.
Осы бапқа сәйкес қазақстандық алтын өндіруші кәсіпорындар сатып алушыны өз бетінше, соның ішінде Еуразиялық одақ шеңберінде таңдау құқығынан айырылады. Бұл норма нарықтық экономика қағидаттарына қарама-қайшы келеді, өйткені өндірушілерді контрагенттерді таңдауда шектейді және қазақстандық алтын өндіруші кәсіпорындар мен қайта өңдеушілердің мүдделер теңгерімін қамтамасыз етпейді.
Сонымен қатар, бұл шара Одақ ішінде тауар айналымын шектейді, бұл тауарлармен еркін сауда жасау туралы Еуразиялық экономикалық одақтың қағидаттарына қарама-қайшы келеді (Еуразиялық экономикалық одақтың Мемлекетаралық Кеңесінің 2009 жылғы 27 қарашадағы №19 Шешімінің  9-тармағы).
Сонымен қатар, ұсынылып отырған шектеу құрамында алтын бар шикізаттың барлық түрлеріне қолданылады. Бұл ретте, Қазақстанда құрамында алтын бар шикізаттың алуан түрлері өндіріледі және шығарылады, ал шетел өңдеушілерімен салыстырғанда отандық кәсіпорындардың технологиялық мүмкіндіктерінің бәсекелестікке қабілеті төмен болып келетінін ескеру қажет.
Анықтама: Алтын өндіруші кәсіпорындардың ақпараты бойынша «Тау-Кен Алтын» АҚ жаңа аффинаждық зауытында шығарылатын өнімді ұсынылған тарифтер бойынша қайта өңдеу алтын өндіруші компаниялар үшін шығынды болып келеді және жоспарланған өндіріс көлемінде шығындар 2 - 2,5 есе жоғары.  
Осыған байланысты, әкімшілік шаралардың орнына экономикалық тетіктерді енгізу арқылы алтын өндіруші компаниялардың өздерінің өнімдерін ішкі нарыққа жеткізуін ынталандыру орынды болады.
Баяндалғанның негізінде 9-бапты қайта қарауды ұсынамыз.
6. Заң жобасының 10-бабында «қайта өңдеу нәтижесінде» деген сөздер дұрыс қолданбаған. Қайта өңдеу өзінен өзі меншік құқығының ауысуын болдырмайды. Алып тастауды ұсынамыз.
10-баптың 5-тармағында «көлік шығыстары, өткізуге шығыстар» сөздерін алып тастауды ұсынамыз. Бұл норма нарықтық экономика қағидаттарына қарама-қайшы келеді және қазақстандық кәсіпкерлердің құқығына нұқсан келтіреді, өйткені өнімнің бағасына негізсіз жеңілдік қолданылады.  
7. Заң жобасының 14-бабының 8) тармақшасында уәкілетті ұйымдар Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілетін асыл тастар, оның ішінде өңделмеген табиғи алмас, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар сараптамасын (идентификациялауды) жүргізу қағидаларының және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды таңбалау қағидаларының талаптары сақталмауына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады деп көрсетілген.
Сонымен қатар, бұл норма қандай нормативтік-құқықтық актілер негізінде қолданылатыны түсініксіз, өйткені қолданыстағы заңнамамен бұл норма қарастырылмаған.  
Баяндалғанды ескере отырып, көрсетілген ескертуді, пысықтауды ұсынамыз.
8. Заң жобасының 16-бабының 2) тармақшасына сәйкес атаулы таңба уәкілетті ұйымда міндетті тіркелуге тиіс, бұл ретте уәкілетті ұйым тіркелген атаулы таңбалар туралы мәліметтерді уәкілетті органға тоқсан сайын береді.
Сонымен қатар, уәкілетті ұйымда тіркелуді жүргізу және тіркелген атаулы таңбалар туралы мәліметтерді уәкілетті органға тоқсан сайын беру тәртібіне қатысты сұрақ туындайды, өйткені жоба тиісті ережелерді қамтымайды.  
Осыған орай, көрсетілген ескертуді пысықтауды ұсынамыз.
9. Заңның ілеспе жобасының алғашқы редакциясында ҚР Қылмыстық кодексіне бағалы металдар айналымы және ҚР алтын өндіруші кәсіпорындарының мүдделерін қорғау саласында заңсыз әрекеттердің жолын кесуге бағытталған, бағалы металдарды заңсыз өндіру үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеу бөлігінде өзгерістер енгізуді қарастыратын норма болған. Көрсетілген норманы Заңның ілеспе жобасының өзекті редакциясына енгізуді ұсынамыз.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Заң жобасы көрсетілген ескертулер мен ұсыныстарды есепке ала отырып, пысықтауды қажет етеді деп санайды.
«Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 5-тармағына сәйкес, жоғарыда баяндалған ескертулермен келіспеген жағдайда, келіспеу себептерінің негіздемесі бар жауап жіберуді сұраймыз.
Басқарма мүшесі – Басқарма Төрағасының орынбасары М. Дұзбаев
Полная версия
ИС BestProfi