Осы Заңды қабылдау мақсаты мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің негізгі ұғымдарын, қағидаттарын, түрлерін бекіту, сондай-ақ Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті одан әрі дамыту үшін қажетті құқықтық негіз жасау болып табылады.
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заң жобасына құжаттама
Қараңыз: Жолдаманы Қараңыз: Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы
Жоба
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы Қазақстан Республикасының заңы
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – мемлекеттік және өзге де қоғамдық маңызды міндеттерді шешу мақсатында ресурстарды (ақша қаражатын және (немесе) өзге мүлікті, өзге де білімді, тәжірибені, дағдыларды, машықтарды) біріктіруге және тәуекелдерді (оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік объектілеріне немесе тиісті жария қызметтерге және соларға байланысты тәуекелдерге қатысты қаржыландыру, құрылыс, қолжетімділікті немесе сұранысты қамтамасыз ету тәуекелдерін) бөлісуге негізделген, конкурстық рәсімдер нәтижелері бойынша жасалған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісімнің негізінде жүзеге асырылатын, күрделі салымдарды және (немесе) ғылыми-зерттеу жұмыстарын және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік объектілерін құруға, реконструкциялауға және (немесе) пайдалануға бағытталған мемлекет пен жеке кәсіпкерлік субъектілері арасындағы әріптестік нысаны;
2) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тараптары – мемлекеттік әріптес пен жекеменшік әріптес мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тараптары болып табылады;
3) мемлекеттік әріптес – Қазақстан Республикасы, оның атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган, сондай-ақ олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісім жасасуға уәкілеттік берген мемлекеттік органдар немесе мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер;
4) жекеменшік әріптес – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға және (немесе) мемлекеттік мекемелерді; мемлекеттік кәсіпорындарды; коммерциялық емес ұйымдарды; мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді; өз атынан (консорциумнан (бірлескен қызмет туралы шарттан, жай серіктестіктен) тыс) өкілдік ететін, мемлекет үстем емес үлеспен қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қоспағанда, оның ішінде қызметін бірлескен қызмет туралы шарт негізінде (жай серіктестік, консорциум) жүзеге асыратын заңды тұлға;
5) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік объектілері – қамтамасыз етілуі заңнамалық тұрғыдан мемлекеттік органдарға жүктелген қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін пайдаланылатын объектілер, объектілер кешендері;
6) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган – бюджетті атқару, республикалық бюджеттiң және өз құзыретi шегiнде жергiлiктi бюджеттердiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң есебi негiзiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының атқарылуы бойынша бухгалтерлiк есепке алуды, бюджеттiк есепке алу мен бюджеттiк есептiлiктi жүргiзу саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган – стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
8) концессия – концессия объектілерін құруға (реконструкциялауға) және пайдалануға бағытталған, концессионердiң қаражаты есебiнен немесе концеденттiң қоса қаржыландыруы шарттарымен жүзеге асырылатын қызмет;
9) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісім – конкурстық рәсімдер нәтижелері бойынша мемлекеттік және жәкешелік әріптестер арасында жасалатын, тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын іске асырудың өзге де талаптарын айқындайтын жазбаша шарт;
10) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – жарғылық капиталындағы акционерлік қоғам акцияларының бақылау пакеті немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына қатысудың бақылау үлесі мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Акционерлік қоғам акцияларының бақылау пакеті немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына қатысудың бақылау үлесі тиісінше акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының елу пайызынан астамы немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына қатысу үлесінің елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі екенін білдіреді;
11) мемлекет үстем емес үлеспен қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – осы баптың 10) тармақшасында көрсетілген белгілері жоқ акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер.
12) инновация – экономикалық тиімділікті арттыру мақсатында, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ескере отырып, жаңа немесе жетілдірілген өндірістер, технологиялар, тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер, техникалық, өндірістік, әкімшілік, коммерциялық сипаттағы ұйымдастырушылық шешімдер, сондай-ақ өзге де қоғамдық пайдасы бар нәтиже түрінде іс жүзінде асырылған жеке және (немесе) заңды тұлғалар қызметінің нәтижесі;
Полная версия

