2014 жылғы 14 тамыздағы №04-09/3256-и хатқа
«Байланыс саласындағы жеке кәсіпкерлік аясында тексеру парақтарының нысандарын бекіту туралы» бұйрық жобасына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2014 жылғы 11 қыркүйектегі № 9775 сараптамалық қорытындысы
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі
САРАПТАМАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
«Байланыс саласындағы жеке кәсіпкерлік аясында тексеру парақтарының нысандарын бекіту туралы» бұйрық жобасын (бұдан әрі-Бұйрық жобасы) қарап, келесіні хабарлаймыз.
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» ҚР Заңының 5-бабының 2 тармағына сәйкес тексеру парағы тексерілетін субъектілердің қызметіне қойылатын талаптардың толық тізбесін қамтиды.
«Байланыс саласындағы жеке кәсіпкерлік аясында тексеру парағының» 4, 5, 6, 12-тармақтарындағы талаптар тізбесіне: Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларының (4-тармақ); Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою қағидаларының (5-тармақ); Телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасауының және оларды орталықтан басқарудың бірыңғай қағидаларының (6-тармақ); Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау органдарының мұқтаждары үшiн жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiлерiн, бiртұтас телекоммуникациялар желiлерiнiң ресурстарын дайындау мен пайдаланудың ережесi (12-тармақ) сақталуы енгізілген.
Тексеру парағының бір тармағында көрсетілген Қағидалардың барлық талаптарын қамту қарастырылған.
Мысалы, Байланыс қызметтерін көрсету қағидалары, өз кезегінде, үш Қағидадан тұрады: Телефон байланысы қызметтерін көрсету қағидалары, Ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидалары, Интернет желісіне қол жеткізу қызметтерін көрсету қағидалары. Осы Қағидалардағы тармақтардың жалпы саны 171, талаптар саны 100-ден аса.
Тексеру парағының бір тармағында Қағидалармен реттелген талаптардың көп санын қамту мүмкін емес деп есептейміз.
Осыған байланысты, тексерілетін субъектілер қызметіне қойылатын талаптардың толық тізбесін, көрсетілген Қағидалардың әрқайсысы бойынша осы Тексеру парағының жекелеген тармақтары түрінде шығаруды ұсынамыз.
Осы ұсыныс кәсіпкерлерге ыңғайлы болады және Тексеру парағының талаптарын түсінуді жеңілдетеді деп санаймыз.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, бұйрық жобасын пысықтау барысында көрсетілген ұсыныстарды ескеруді сұраймыз. «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 5-тармағына сәйкес мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне келіспеу себептерінің негіздемесі бар жауап жібереді.
Басқарма мүшесі Р. Ошакбаев
Полная версия

