Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңының 3-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына және 29-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
«Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Регламентін бекіту туралы» бұйрық жобасына құжаттама
Қараңыз: Жолдаманы Қараңыз: Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы
Жоба
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Регламентін бекіту туралы
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің регламенті бекітілсін.
2. Министрліктің Әкімшілік жұмысы департаменті Қазақстан Республикасызаңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден кейін күнтізбелік он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсындаорналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы К.Б. Сафиновке жүктелсін.
4. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күннен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Министр В. Школьник
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы « » ______ № ____ бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің регламенті
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің осы регламенті (бұдан әрі – Регламент) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүктелген функцияларды орындау процесіндегі Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі (бұдан әрі –– Министрлік) қызметінің жалпы ережелерін белгілейді .
2. Осы Регламентпен құжаттармен жұмыс істеуге қойылатын талаптар мен белгіленген мерзімдер Министрлік пен оның ведомстволарының барлық қызметкерлеріне қолданылады.
Министрліктің кадр құрамымен жұмыс істеуге жауапты Министрліктің құрылымдық бөлімшесі Министрлік пен оның ведомстволарының жаңадан қабылданған барлық қызметкерлерін міндетті түрде осы Регламентпен қолдарын қойғызып таныстыруды қамтамасыз етеді.
3. Құпия емес іс жүргізуді ұйымдастыру мен жүргізу, хат-хабарларды қабылдау, өңдеу мен бөлу, оның ішінде электрондық құжат айналымын жүргізу осы Регламентпен, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы, «Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27 қарашадағы № 107, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы, «Электрондық құжат айналымы және электрондық сандық қол қою туралы» 2003 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 желтоқсандағы № 1570 Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік қағидаларына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес белгіленеді.
Полная версия

