Близость слов: Окончание:





Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі № 302-III Заңы
Редакция 08.06.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында адамның өмірі мен денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны және тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін химиялық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін белгілейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ескертпелік таңбаланым - химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес өнімге және (немесе) орамаға жапсырылатын химиялық өнімнің қауіпті қасиеттері туралы және онымен жұмыс істеу кезеңдеріндегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат;
2) қатерді бағалау - химиялық өнімнің адам денсаулығы мен өміріне, қоршаған ортаға мүмкін болатын әсерін анықтауға бағытталған, қауіп деңгейін, дозасын (концентрациясын) айқындауды қамтитын шаралар кешені;
3) қауіпті химиялық өнім - осы Заңның 5-бабының 4-тармағында тізіп көрсетілген санаттардың біріне жатқызылған, құрамына кемінде бір химиялық зат кіретін химиялық өнім;
4) орама - химиялық өнімді және қоршаған ортаны бүліну мен ысырап болудан қорғауды қамтамасыз ететін, сондай-ақ химиялық өнімнің тасымалдануын, сақталуын және өткізілуін жеңілдететін құрал немесе құралдар кешені;
5) өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) - химиялық өнімді белгіленген тәртіппен тіркеуді және олардың сәйкестігін растауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
6) техникалық құжаттама - қатерді бағалау үшін қажетті ақпарат жазылған, барлық қолжетімді тиісті деректері бар, соның ішінде зерттеудің әдістері мен нәтижелері толық сипатталып көрсетілген немесе оларға библиографиялық сілтеме жасалған құжаттар;
7) химиялық зат - табиғатта бар немесе технологиялық операциялардың нәтижесінде алынған элемент немесе түзілім;
8) химиялық өнім - табиғи ресурстардан бөлінудің және (немесе) химиялық реакцияларды пайдалана отырып, шикізатты түрлендірудің технологиялық сатыларынан өткен және адамның қажетін қанағаттандыруға немесе дайындаушы кәсіпорын шығарған күйінде өндіріске пайдалануға жарамды өнім;
9) химиялық өнімді жіктеу - химиялық өнімді адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиянды әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін қасиеттерін анықтау үшін химиялық заттардың қауіптілік түрлері және санаттары бойынша бөлу;
10) химиялық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті органдар (бұдан әрі - уәкілетті органдар) - химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын берілген өкілеттіктер шегінде қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар;
11) химиялық өнімнің қауіпсіздік паспорты - химиялық өнімнің сипаттамалары және онымен жұмыс істеудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы мәліметтер қамтылған құжат;
12) химиялық өнімнің өмірлік циклі - химиялық өнімді өндіру, қолдану, сақтау, тасымалдау, өткізу, жою және кәдеге жарату процестері;
13) ыдыс - ашық немесе тұйық қуыс корпус түрінде жасалған, химиялық өнімді орналастыруға арналған бұйым болып табылатын ораманың элементі.
2-бап. Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы заңнамасы
Полная версия
ИС BestProfi