Близость слов: Окончание:





Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт
(Астана қ., 2014 жылғы 29 мамырда)
ҚР 14.10.2014 жылғы № 240-V 3аңымен ратификацияланды
Редакция 10.10.2014 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық интеграция туралы декларацияны негізге ала отырып,
мемлекеттердің егемен теңдігі қағидаттарын, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі қағидатын сөзсіз сақтау қажеттігін басшылыққа ала отырып,
өз халықтарының арасында олардың тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеу арқылы ниеттестікті нығайтуға және ынтымақтастықты тереңдетуге тілек білдіре отырып,
Еуразиялық экономикалық интеграцияны одан әрі дамыту Тараптардың ұлттық мүдделеріне сай келетіндігіне сенім білдіре отырып,
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикасын нығайтуға және олардың үйлесімді дамуы мен жақындасуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ іскерлік белсенділіктің орнықты өсуіне, теңдестірілген сауда мен адал бәсекелестікке кепілдік беруге деген ұмтылысымен ілгерілей отырып,
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің алдында тұрған, жаһандық экономика шеңберінде орнықты экономикалық даму, жан-жақты жаңғырту және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілікті күшейту жөніндегі ортақ міндеттерді шешуге бағытталған бірлескен іс-қимылдар жолымен экономикалық өрлеуді қамтамасыз ете отырып,
басқа елдермен, сондай-ақ халықаралық интеграциялық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен экономикалық өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ұмтылысты растай отырып,
Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларын, қағидалары мен қағидаттарын назарға ала отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына, сондай-ақ басқа да халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына өздерінің шынайы берілгендігін растай отырып,
БІРІНШІ БӨЛІК
 ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫ ҚҰРУ
 І бөлім
 ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап
 Еуразиялық экономикалық одақты құру. Құқық субъектілігі
1. Тараптар осы Шартпен Еуразиялық экономикалық одақты (бұдан әрі - Одақ, ЕАЭО) құрады, оның шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы, осы Шартпен және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттармен айқындалған экономика салаларында үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі.
2. Одақ халықаралық құқық субъектілігіне ие, өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы болып табылады.
Осы Шарттың мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
«заңнамаларды үйлестіру» - мүше мемлекеттердің жекелеген салаларда ұқсас (салыстырмалы) нормативтік құқықтық реттеуді белгілеуге бағытталған заңнамаларын жақындастыру;
Полная версия
ИС BestProfi