Близость слов: Окончание:





«Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополиларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ережесін бекіту туралы» бұйрық жобасына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2014 жылғы 17 қазандағы № 11445 сараптамалық қорытындысы
Қазақстан Республикасы
 Ұлттық экономика министрлігінің
 Табиғи монополияларды реттеу
 және бәсекелестікті қорғау комитеті
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
«Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополиларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ережесін бекіту туралы » Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрық жобасын (бұдан әрі – бұйрық жобасы) қарап, келесіні хабарлаймыз.
   Бұйрық жобасына жалпы сипаттағы ескертулер    
Бұйрық жобасымен Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің (бұдан әрі - Комитет) 10 міндеті, 83 функциясы айқындалған. Бұл ретте, функцияларды баяндаудың логикалық және тақырыптық реттілігі жоқ.  
  Қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына уәкілетті орган әзірлеген (ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 30 мамырдағы № 585 қаулысы) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы, сондай-ақ «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде депутаттардың ұсыныстары енгізілді.    
    Осыған орай, бұйрық жобасының 2-бөлімі 16-тармағының 14), 15), 19), 21), 22) – 24), 28) – 30), 33), 40), 50), 51) және 58) тармақшаларын алып тастап, бұйрық жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауындағы Заңға ұсынылатын түзетулерге сәйкес келтіруді ұсынамыз.    
Бұйрық жобасының нақты тармақтары бойынша ескертулер мен ұсыныстар  
    1-тармақта Комитет Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу саласындағы бақылау және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады деп белгіленген.    
Алайда, Комитет өзінің бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу саласындағы функцияларын қандай нақты «тиісті тауар нарықтарында» жүзеге асыратындығы түсініксіз. Бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу кез келген тауар нарықтарында қамтамасыз етілуі тиіс деп санаймыз, осыған байланысты 1-тармақтағы «тиісті» деген сөзді алып тастауды ұсынамыз.  
2-бөлім. Комитеттің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері.  
15-тармақтың 4) тармақшасында Комитеттің міндеттерінің бірі «табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау» болып табылады деп белгіленген.  
Алайда, неге нақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау Комитеттің міндеті болып табылатындығы түсініксіз, табиғи монополиялар субъектілерінің (бұдан әрі - ТМС) және, жалпы алғанда, табиғи монополиялар, реттелетін нарықтар, бәсекелес нарықтар салаларындағы кез келген нарыққа барлық қатысушылардың құқықтары тең дәрежеде қорғалуы тиіс деп санаймыз.  
Осыған байланысты 15-тармақтың 4) тармақшасын алып тастауды ұсынамыз.  
15-тармақтың 5) тармақшасында Комитеттің міндеттерінің бірі «табиғи монополиялар субъектілерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету» болып табылады деп белгіленген.  
Алайда, неге нақ ТМС жұмыс істеуін қамтамасыз ету Комитеттің міндеті болып табылатындығы түсініксіз, дегенмен тиімді жұмыс істеу ТМС көрсетілетін қызметтер тұтынушыларына да, реттелетін нарықтар субъектілеріне де тең дәрежеде қамтамасыз етілуі тиіс.  
Осыған байланысты, 15-тармақтың 5) тармақшасын алып тастауды ұсынамыз.  
   «Бәсекелестік туралы» және «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Заңдарына сәйкес «Комитеттің қарамағындағы мемлекеттік басқару аяларындағы (салаларындағы) мемлекеттік саясатты қалыптастыру» және «Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді қамтамасыз ету»    мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді салааралық және өңіраралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік органның құзыретіне жататындығына байланысты, 1) тармақшадағы «қалыптастыру және» деген сөздерді және 16-тармақтың 3) тармақшасын алып тастауды ұсынамыз.  
Қолжетімділік пен ашықтықты арттыру мақсатында 16-тармақтың 5) тармақшасын талдау нәтижелерін жариялау бөлігінде функциямен толықтырып, мынадай редакцияда жазуды ұсынамыз:  
«5. табиғи монополиялар салаларына табиғи монополиялар субъектілері ұсынатын қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) осы сала шеңберінде реттеліп көрсетілетіндерге жатқызу мәніне талдау жүргізу.  
Табиғи монополиялар салаларына жүргізілген талдау нәтижелерін Комитеттің интернет-ресурсына орналастыру».  
16-тармақтың 7) тармақшасында Комитеттің функцияларының бірі «табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарлаламалары мен инвестициялық жобаларын іске асыру тиімділігінің мониторингі» болып табылады деп белгіленген.  
Алайда, «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 13-бабы 1-тармағының 4-3) тармақшасына сәйкес табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) ТМС инвестициялық бағдарламалардың (жобалардың) орындалуы туралы ақпаратына талдау жүргізеді. Бұл туралы бұйрық жобасының 2-бөлімі 16-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген.  
Осыған байланысты 16-тармақтың 7) тармақшасын алып тастауды ұсынамыз.  
Заңның 14-1-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес бұйрық жобасының 16-тармағының 13) тармақшасы алынып тасталсын және бұйрық жобасының 17-тармағы Комитеттің мынадай міндетімен толықтырылсын:  
«табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерін бекітуге арналған өтінімдерін қарау кезінде жария тыңдауларды өткізеді».  
16-тармақтың 18) тармақшасында Комитеттің функцияларының бірі «табиғи монополиялар субъектiлерi үшін тарифтердің (бағалардың, алымдар ставкаларының) құрамына кіретін қолданысқа енгізілген активтердiң реттелетiн базасына арналған пайда (таза табыс) ставкасын есептеу» болып табылады деп белгіленген.  
    Бірақ Заңда уәкілетті органның осындай функцияны жүзеге асыруына сілтеме жоқ. Заңның 15-1-бабының 2-тармағына сәйкес уәкiлеттi орган    тарифтi        немесе оның шектi деңгейiн бекiткен кезде шығындарды қалыптастырудың       тарифке (бағаға, алым ставкасына) немесе оның шектi деңгейiне енгiзiлетiн пайданы шектеудi көздейтiн ерекше тәртiбiн қолданады, сондай-ақ Заңға сәйкес ТМС тарифтерді есептеген кезде қолданатын, ТМС қолданысқа енгізілген активтерінiң реттелетiн базасына арналған пайда ставкасын есептеу жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді.  
Осыған байланысты 16-тармақтың 18) тармақшасын алып тастауды ұсынамыз.  
16-тармақтың 20) тармақшасында Комитеттің функцияларының бірі «орталық аппаратқа реттеліп көрсетілетін қызметтермен, (тауарлармен, жұмыстармен) технологиялық жағынан байланысты қызмет түрлері бойынша ұсыныстарды енгізу» болып табылады деп белгіленген.  
    Заңның 18-1-бабының 1-1-тармағына сәйкес уәкiлеттi орган тиiстi мемлекеттiк басқару саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын тиiстi мемлекеттiк органмен бiрлесiп  реттелiп көрсетiлетiн қызметтермен технологиялық жағынан байланысты қызмет түрлерiнiң тiзбесiн    бекiтедi    .  
Осыған байланысты 16-тармақтың 20) тармақшасын мынадай редакцияда жазу мақсатқа сай деп санаймыз:  
   «20.    мемлекеттiк басқару саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын тиiстi мемлекеттiк органмен бiрлесiп  табиғи монополиялар субъектілерінің реттелiп көрсетiлетiн қызметтерімен технологиялық жағынан байланысты қызмет түрлерiнiң тiзбесiн    бекiту    ».  
16-тармақтың 26) тармақшасында Комитеттің функцияларының бірі «Облыс орталықтарында, Астана, Алматы, Семей және Жезқазған қалаларында реттелетін көрсетілетін қызметтерді ұсынатын және олардың экономикасына мультипликативтік әсер беретін табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін көтеру туралы аумақтық департаменттің шешімінің жобасын Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тариф қалыптастырудың әлеуметтік-экономикалық тарифтерін ескере отырып қарау» болып табылады деп белгіленген.  
    Заңда уәкілетті органның осындай функциясы жоқ. Бұдан басқа, уәкілетті органның ТМС тарифтерін көтеру туралы аумақтық департаменттің шешімінің жобасын қарау нәтижесі не болып табылатындығы түсініксіз, «тариф қалыптастырудың әлеуметтік-экономикалық факторлары» деген ұғымның анықтамасы және ТМС тарифтерін көтеру туралы шешім жобасын қарау кезінде осындай факторларды есепке алу әдістемесі, сондай-ақ тарифтердің көтерілуінен экономикаға мультипликативтік әсерді анықтау әдістемесі жоқ.    
10. 16-тармақтың 43) тармақшасында Комитеттің функцияларының бірі «өз құзыретінің шегінде жұмылдыру жұмысы мен мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз ету».  
ҚР заңнамасында «жұмылдыру жұмысы» деген ұғым жоқ, уәкілетті органның немесе монополияға қарсы органның ұқсас функциясы не «Бәсекелестік туралы» ҚР Заңында, не Заңда, не салалық заңнамалық актілерде көзделмеген.  
   Осыған байланысты 16-тармақтың 43) тармақшасында «жұмылдыру жұмысы» деген сөздерді алып тастауды ұсынамыз.    
11. Заңның 14-1-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес бұйрық жобасының 16-тармағы 44) тармақшасы алып тасталсын және бұйрық жобасының 17-тармағы Комитеттің мынадай міндетімен толықтырылсын:  
«бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы Заңның бұзылу жағдайлары және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту туралы ақпараттандыру».  
12. «Бәсекелестік туралы» ҚР Заңының 39-тармағына сәйкес келтіру мақсатында 60, 61 және 64-тармақшаларды мынадай редакцияда жазуды ұсынамыз:  
«60) тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайдың алдын алу, анықтау және жолын кесу;  
   61) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдерін және келісілген іс-әрекеттерінің,    жосықсыз бәсекелестіктің алдын алу, анықтау және жолын кесу  
   64) тауарларын реттелетін нарықтарда өткізетін нарық субъектілерін қоспағанда,    үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген монополиялық жоғары, монополиялық төмен және монопсониялық төмен бағаларды айқындау».  
13. Қолжетімділік пен ашықтықты арттыру мақсатында 16-тармақтың 62) тармақшасын талдау нәтижелерін жариялау бөлігінде функциямен толықтырып, мынадай редакцияда жазуды ұсынамыз:  
«62) тауар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйін талдауды және бағалауды жүзеге асыру.  
   Тауар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау нәтижелерін Комитеттің интернет-ресурсында орналастыру».    
   14. Бұйрық жобасында «Функциялар» деген 16-тармақтың 66), 67) және 74) тармақшалары «Құқықтары мен міндеттері» деген 17-тармақтың тиісінше 1), 3) және 11) тармақшаларын қайталайды.    
Осыған байланысты 17-тармақтың 1), 3) және 11) тармақшаларын алып тастау мақсатқа сай деп санаймыз.  
15. Заңның 14-1-бабы 1-тармағының 3) және 4-1) тармақшаларына сәйкес 17-тармақ Комитеттің мынадай міндеттерімен толықтырылсын:  
«тұтынушыларды коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтері барынан басқа, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу мәселелері бойынша қабылданған шешімдермен таныстыру;  
ол белгілеген тәртіппен тәуелсіз сарапшыларды, мемлекеттік органдарды тарта отырып, қаржылық және (немесе) техникалық сараптама жүргізу».  
   Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Б.Т. Сұлтановтың атына 2014 жылғы 21 қаңтардағы № 443 хатында Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – ҚР ҰКП) табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) Басқармасының құрамына ҚР ҰКП-ның үш өкілін енгізуді ұсынған.    
   Үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес табиғи монополиялар саласында реттеуді жүзеге асыратын ведомстволардың алқалы органдары мемлекеттік органдары өкілдерінен, табиғи монополия субъектілерінен және ғалымдардан тұрады. Мысалы, Ұлыбританияның Газ және электр энергетикалық нарықтар жөніндегі қызметі Басқармасының құрамына он бір адам кіреді, оның ішінде тоғыз адам қызметтің әртүрлі салаларының өкілдері: үш мүше - табиғи монополиялар субъектілерінің өкілдері, төрт мүше - табиғи монополиялар салаларындағы ғалымдар, біреуі - бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі. Бұл Ұлыбританияның Реттеуші басқармасының құрамында бизнес пен ғылыми қоғамдастықтың өкілдігінің 80%-н қамтамасыз етеді.    
   ҚР ҰКП және уәкілетті орган бірнеше кездесулер мен кеңес берулерді өткізді, оларды өткізу нәтижесінде ҚР ҰКП мекенжайына ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінен (бұдан әрі – ТМРжБҚК) хат келіп түсті, хатта (11.09.2014 жылғы № 08-8-04-10/2551) уәкілетті орган басқармасының құрамына ҚР ҰКП өкілдерін қосу бойынша ҚР ҰКП ұсынысы ТМРжБҚК туралы Ереженің жобасын әзірлеу кезінде қаралып ескерілетіні хабарланды.    
Осыған байланысты, Сізден бекітілуі бұйрық жобасының 24-тармағында көзделген ТМРжБҚК Басқармасының құрамын және өкілеттіктерін бекіту туралы бұйрық жобасын әзірлеу және ҚР Ұлттық экономика министрінің қарауына енгізу кезінде ҚР ҰКП ұсынысын ескеруді сұраймыз, сондай-ақ «Бәсекелестік туралы» ҚР Заңының 40-бабының ережелеріне келіспеушіліктердің туындауын болдырмау үшін «Бәсекелестік туралы» ҚР Заңының 40-бабының 3-тармағы алып тасталсын.  
   Баяндалғанды ескере отырып, ҚР ҰКП ұсыныстарын қарауды сұраймыз. Сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, ҚР қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен дәлелденген жауап жіберуді сұраймыз.    
Қазақстанның кәсіпкерлік саласын қолдауыңыз үшін алғысымызды білдіреміз.  
Полная версия
ИС BestProfi