«Жол жүрісі туралы» 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 8) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Внимание! Документ утратил силу с 01.01.2024
Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 19 ақпандағы № 74 қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды 2024 жылғы 1 қантардан бастап ҚР Үкіметінің 15.12.2023 жылғы № 1128 Қаулысына сәйкес
Редакция 21.10.2022 жылғы жағдай бойынша өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса беріліп отырған Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 19 ақпандағы № 74 қаулысымен бекітілген
Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Жол жүрісі туралы» 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) айрықша мақсаттағы автомобиль – күзетілетін адамдарды тасымалдауға және (немесе) олармен бірге ілесіп жүруге арналған көлік құралы;
2) әскерлер колоннасы – көк түсті немесе көк және қызыл түсті жарқылдауық шамдары қосылып тұрған бас көлік құралының бастауымен фарасын үнемі қосып, бір қозғалыс жолағымен бірінің артынан бірі тікелей жүріп келе жатқан және әскери тасымалдарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік, арнаулы мемлекеттік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер және әскери құрылымдарының үш және одан көп механикалық көліктік құралдарының тобы;
3) жол – жайластырылған немесе ыңғайластырылған және көлiк құралдарының жүруі үшін пайдаланылатын жердің барлық бөлінген жолағы не жасанды құрылыстың үстi (жол бiр немесе бiрнеше жүру бөлiктерiн, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиектерiн және олар болған кезде бөлу жолақтарын қамтиды);
4) жол жүрісі – жолдар шегінде көлiк құралдары арқылы немесе оларсыз адамдардың және жүктердiң орын ауыстыру процесінде туындайтын қоғамдық қатынастардың жиынтығы;
5) жол жүрісі қауiпсiздiгi – қатысушыларының жол-көлiк оқиғалары мен олардың зардаптарынан, сондай-ақ жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың денсаулығына теріс әсерінен қорғалу дәрежесiн көрсететiн жол жүрiсiнiң жай-күйi;
6) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жол-көлік оқиғаларын, жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың денсаулығына теріс әсерін болғызбауға, олардың зардаптарының ауырлығын азайтуға, сондай-ақ осындай зардаптарды жоюға бағытталған қызмет;
7) жол жүрiсiн ұйымдастыру – жол жүрiсін басқару жөніндегі ұйымдық-құқықтық, нормативтік-әдістемелік, жобалау-іздестіру, ұйымдық-техникалық, бақылау-қадағалау, өкімдік және басқа да іс-шаралар кешенi;
8) жол жүрісіне қатысушы – жол жүрісі процесіне жаяу жүргінші, жолаушы немесе жүргізуші ретінде тікелей қатысатын адам;
9) жол иелері – жолдың меншік иелері болып табылатын немесе шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында жолдарды басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
10) жол-көлiк оқиғасы (бұдан әрі – ЖКО) – көлiк құралының жолда жүруі процесiнде және оның қатысуымен туындаған, адамның денсаулығына зиян келтіруге, өліміне, көлік құралдарының, құрылыстардың, жүктердің бүлінуіне не өзге де материалдық залалға әкеп соққан оқиға;
11) көлік құралы – адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты жолдармен тасымалдауға арналған құрылғы.
3. Жолдарда немесе жекелеген жол учаскелерінде жол жүрісін уақытша шектеу немесе оған тыйым салу:
1) жол жүрісі қауіпсіздігіне, оның ішінде жеке адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төнген;
2) жолдардың сақталуына қатер төнген;
3) ЖКО;
4) атмосфералық ауа химиялық және өзге де заттар концентраттарының жол берілетін шекті нормативтерінен артық ластанған;
5) дүлей зілзалалар, қолайсыз жол-климат жағдайлары;
6) бұқаралық, спорттық және өзге де іс-шаралар өткізгенде көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жүруі үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында не көлік құралдарын пайдалану жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндірген;
7) егер теміржол өтпелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сай келмеген;
8) жолдарда жөндеу-құрылыс және басқа да жұмыстар жүргізілген;
9) терроризмге қарсы операциялар және (немесе) күзет іс-шаралары жүргізілген;
10) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың зардаптарын болдырмау және (немесе) жою жөніндегі іс-шаралар жүргізілген;
11) жолдардың конструктивтік элементтері жай-күйінің көрсеткіштері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің техникалық нормаларына сәйкес келмеген;
12) мыналар:
жолдардың нормативтік өткізу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында ақылы қолжетімділікті қамтамасыз ету;
белгіленген уақытта көлік құралдарының белгілі бір санаттарының кіруіне шектеу қою немесе тыйым салу;
жүк және транзиттік көлік құралдарының жүруін шектеу арқылы нормативтен артық жүктеме болған;
13) мынадай:
айрықша мақсаттағы автомобильдермен ілесіп жүрген кезде;
ұйымдастырылған автобус колонналарының;
әскерлер колонналарының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жүргізілген жағдайларда енгізіледі.
2. Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу тәртібі
4. Осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген жағдайлар орын алған кезде жолдарда көлік құралдарының жүрісін уақытша тоқтату немесе оған уақытша шектеу енгізу туралы шешімді жол иелері уәкілетті органдармен бірлесе отырып, өз құзыреті шегінде қабылдайды.
5. Жол иелері осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген жағдайлар орын алған кезде бұл туралы жол жүрісіне қатысушыларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлай отырып, жолдарда немесе жекелеген жол учаскелерінде жол жүрісін уақытша шектеу немесе тоқтату, оны ұйымдастыруды өзгерту жөнінде шұғыл шаралар қолданады.
6. Осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген жағдайлар орын алған кезде жол иелері хабарламаларды қабылдауды жүзеге асырады, жолдарда бекеттерді ұйымдастыру мен белгілерді орнатуды жүргізетін жол жүрісі қатысушыларына және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне көлік құралдарының жүрісін уақытша тоқтату немесе оны шектеу туралы хабарлауды қамтамасыз етеді.
7. Осы Қағидалардың 3-тармағының 1), 2), 4), 5) және 11) тармақшаларында көзделген жағдайлар орын алған кезде мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
7-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 06.10.2022 жылғы № 793 Қаулысына сәйкес (19.02.2015 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 21.10.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1) жол иелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп жолдар немесе жолдардың жекелеген учаскелері бойынша көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу туралы шешім қабылдайды;
2) жол иелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп көлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеудің салдарының алдын алу және оларды жою бойынша жедел шаралар қолдануы және көрсетуі үшін кейіннен ол қалпына келтіргенге немесе алып тастағанға дейін ақпарат бере отырып, автовокзалдардың, көлік ұйымдарының, сондай-ақ жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың көрші облыстардағы аумақтық бөлімшелерінің кезекші-диспетчерлік қызметтерін, шекаралас мемлекеттердің төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік органдарын хабардар етеді;
3) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган жол иелерімен бірлесіп, көлік құралдары мен адамдардың жолдың жабық бөлігіне жүріп өтуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды, сондай-ақ көлік құралдарының қауіпсіз және кедергісіз жүріп өтуі үшін жағдайды қамтамасыз етеді;
4) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган көлік құралдарының жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына, шаруашылық автомобиль жолдарына, сондай-ақ елді мекендердің көшелеріне шығуына жол бермеу мақсатында уақытша полиция бекеттерін қояды. Бұдан басқа жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның құқықтық актілеріне сәйкес республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орналасқан жеріне сәйкес патрульдік полиция нарядтары қойылады;
5) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның заңды талаптарына бағынбау фактілері анықталған жағдайларда, көлік құралдарының жүргізушілеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 667-бабына сәйкес шаралар қабылданады.
8. Осы Қағидалардың 3-тармағының 3), 7) тармақшаларында және 13) тармақшасының үшінші және төртінші абзацтарында көзделген жағдайлар орын алған кезде мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
1) жол иелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, жолдар немесе жолдардың жекелеген учаскелері бойынша көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу туралы шешім қабылдайды;
2) жол иелері оқиға болған жерге жол, авариялық-құтқару, өрт сөндіру және медициналық қызметтердің, құқық қорғау мен арнайы мемлекеттік органдардың көлік құралдарының кедергісіз жүріп өтуін қамтамасыз етеді.
9. Осы Қағидалардың 3-тармағының 6) тармақшасында көзделген іс-шаралар өткізілген жағдайда мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
1) іс-шараларды өткізуге жауапты мемлекеттік орган іс-шара өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күні ішінде жол иелері мен жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне хабарлайды;
2) жол иелері мен жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері іс-шараларды өткізуге жауапты мемлекеттік орган іс-шараларды өткізу мерзімі мен тиісті сызбаларды ұсынған кезде осы іс-шараларды жазбаша түрде келіседі.
10. Жол иелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде тиісті жол белгілерін орнатып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ол туралы жергілікті атқарушы органдарды және автомобиль жолдарын пайдаланушыларды хабардар ету арқылы көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе жабу құқығына ие.
Осы Қағидалардың 3-тармағының 8) тармақшасында көзделген жағдайлар орын алған кезде жол иелері уақытша айналма жол салу бойынша жұмыстар жүргізеді.
11. Осы Қағидалардың 3-тармағының 9) тармақшасында көзделген жағдай орын алған кезде көлік құралдарының жүрісін тоқтатуды немесе уақытша шектеуді терроризмге қарсы операцияларды және (немесе) қорғау іс-шараларын өткізу аймағында терроризмге қарсы операцияларға қатысушы лауазымды адамдар жүзеге асырады.
Айрықша мақсаттағы автомобильдердің қауіпсіз жүрісін қамтамасыз ету мақсатында көлік құралдарының жүрісін тоқтатуды немесе уақытша шектеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғау қызметінің және ұлттық қауіпсіздік органдарының шешімі бойынша лауазымды адамдар жүзеге асырады.
Қорғау іс-шараларын жүргізу кезінде арнайы трассаларда және оларға іргелес аумақтар мен акваторияларда жөндеу, құрылыс, монтаж және өзге жұмыстардың барлық түрінің өндірісі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғау қызметінің келісімі бойынша жүзеге асырылады. Қорғау іс-шараларын жүргізу кезеңінде арнайы трассаларда жөндеу, құрылыс, монтаж және өзге жұмыстардың барлық түрі тоқтатылуы мүмкін.
Терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақта терроризмге қарсы операцияға қатысушы адамдар жеке адамдарды жергілікті жердің жекелеген учаскелерінен және объектілерден шығару, көлік құралдарының, оның ішінде дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің көлік құралдарының жол жүрісін, оларды сүйреп әкетуді қоса алғанда, уақытша шектеу немесе тыйым салу бойынша іс-шаралар өткізеді.
12. Осы Қағидалардың 3-тармағының 10) тармақшасында көзделген жағдай орын алған кезде мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
1) жол иелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, жолдар немесе жолдардың жекелеген учаскелері бойынша көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу туралы шешім қабылдайды;
2) жол иелері және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері автовокзалдардың, көліктік ұйымдардың кезекші-диспетчерлік қызметтеріне, сондай-ақ жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның көрші облыстардағы аумақтық бөлімшелеріне және шекаралас мемлекеттердің төтенше жағдайлар бойынша мемлекеттік органдарға, оның салдарының алдын алу және оларды жою бойынша жедел шараларды қолдану және көмек көрсету үшін хабарлайды;
3) құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін жол иелері оқиға болған жерге жол, авариялық-құтқару, өрт сөндіру және медициналық қызметтердің көліктік құралдарының кедергісіз жүріп өтуін қамтамасыз етеді;
4) жай-күйі автомобиль жолдары саласындағы уәкілетті ораган бекіткен «Автомобиль жолдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары» техникалық регламентінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын жол иелері жүргізеді.
13. Осы Қағидалардың 3-тармағының 12) тармақшасында көзделген жағдай орын алған кезде жол иелері жолдар немесе жолдардың жекелеген учаскелері бойынша көлік құралдарының жүрісін уақытша шектеу туралы шешім қабылдайды және жол жүрісі қатысушыларына жол белгілерін орнату арқылы шектеу мерзімін көрсете отырып, хабарлауды қамтамасыз етеді.
14. Шекаралық кеңістік шегінде шекаралық іздеулерді және операцияларды, өзге де іздеу іс-қимылдарын жүргізу кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарында іс-шараларды өткізу уақытында бақылау бекеттерін орнатады.
15. Көлік құралдарының қозғалысын тоқтату немесе уақытша шектеу туралы ақпаратты жол жүрісіне қатысушыларға хабарлау телерадио хабарларын таратуды техникалық сүйемелдеу саласындағы уәкілетті орган бекіткен Адамдардың өміріне, денсаулығына төнген қауіп-қатер және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы халықты хабардар ету, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау мүдделерінде телерадио хабарларын тарату желілерін пайдалану қағидаларына сәйкес жүргізеді.
16. Осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген жағдайларды жою бойынша өткізілген іс-шаралардан кейін жол иелері уәкілетті органдармен олардың құзыреті шегінде бірлесіп, көлік құралдарының жүрісін қалпына келтіру немесе уақытша шектеуді алып тастау туралы шешім қабылдайды.
16-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 06.10.2022 жылғы № 793 Қаулысына сәйкес (19.02.2015 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 21.10.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Полная версия