«Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 10-бабы 7-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Жасалған концессия шарттарының және берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 133 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 наурызда № 10585 тіркелді
Редакция 06.01.2019 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса беріліп отырған Жасалған концессия шарттарының және берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімін жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаменті (К.Б. Ақжанов) заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Б. Сұлтанов
«КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі _______________ Е. Досаев 2015 жылғы 26 ақпан
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 133 бұйрығымен бекітілген
Жасалған концессия шарттарының және берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімін жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Жасалған концессия шарттарының және берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімі концессия шарттары бойынша жасалған концессия шарттарын және берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін мемлекеттік есепке алудың ақпараттық жүйелерінің кешенін білдіреді.
2. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган концессия шарттары бойынша берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімін жүргізеді.
3. Республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша жасалған концессия шарттарының тізілімін жүргізеді.
4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары коммуналдық меншікке жататын концессия объектілері бойынша жасалған концессия шарттарының тізілімін жүргізеді.
4-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Қаржы министрінің 12.12.2018 жылғы № 1073 Бұйрығына сәйкес (26.02.2015 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 06.01.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2. Тізілімдерді жүргізу тәртібі
5. Республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша және коммуналдық меншікке жататын концессия объектілері бойынша жасалған концессия шарттарының (бұдан әрі - концессия шарттары) тізілімдеріне мынадай мәліметтер енгізіледі:
1) концедент пен концессионердің атауы және деректемелері;
2) концессия объектісі;
3) концессия шартының жасалған күні, қолданылу мерзімі және тіркеу нөмірі;
4) концессия шартының мәтіні;
5) концессиялық жобаның бағасы;
6) концессия шартының тізілімге енгізілген күні.
6. Концессия шарттары бойынша берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізіліміне мынадай мәліметтер енгізіледі:
1) қарыз алушы (концессионердің) мен қарыз берушінің атауы және деректемелері;
2) мемлекеттік кепілдіктің (мемлекет кепілгерлігінің) сомасы;
3) мемлекеттік кепілдіктің (мемлекет кепілгерлігінің) берілген күні және тіркеу нөмірі;
4) мемлекеттік кепілдіктің (мемлекет кепілгерлігінің) тізілімге енгізілген күні.
7. Тізілімдерді жүргізу тізілімдерді басқаруды оңтайландыруға және ақпаратқа қол жеткізуді әкімшілдендіруге мүмкіндік беретін, деректердің сенімділігі мен сақталуын қамтамасыз ететін мамандырылған бағдарламалық-техникалық кешендердің базасында ақпаратты жинаудың, өңдеудің және сақтаудың электрондық жүйелері құралдарының көмегімен жүзеге асырылады.
8. Осы Ереженің 5 және 6-тармақтарында көрсетілген мәліметтер концессия шарты жасалған сәттен немесе мемлекеттік кепілдік (мемлекет кепілгерлігі) берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде электронды түрдегі тізілімдерге енгізілуге тиіс.
9. Республикалық меншіктің жұмыс істеп тұрған объектілері бойынша немесе құрылысы мен пайдаланылуы концессия шарттарының негізінде жүзеге асырылатын республикалық меншік объектілері бойынша жасалған концессия шарттарына қатысты тиісті саланың мемлекеттік органы (бұдан әрі - басқару органы) тиісті шарт жасалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген мәліметтерді заңнамада белгіленген тәртіппен басқару органының мөрімен расталған немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған баспа және электронды түрде республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жібереді.
10. Қажет болған кезде республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган басқару органынан тізілімді жүргізу үшін қажетті басқа да қосымша мәліметтерді немесе құжаттарды сұратуға құқылы.
11. Жасалған концессия шартына және мемлекеттік кепілдік (мемлекет кепілгерлігі) шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда тізілімдерге сондай-ақ осы тарауда көзделген тәртіппен осы Ереженің 5 және 6-тармақтарында көрсетілген мәліметтерге ұқсас енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәліметтер енгізіледі.
12. Тізілімдер қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
13. Осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген «аса маңызды», «өте құпия», «құпия» деген белгісі бар концессия шарттарының мәтіндері немесе шарттың жария етуге жатпайтын құпия мәліметтерді қамтитын бөлімдері мен бөліктері тізілімге енгізілмеуге тиіс.
14. Тізілімдерді жүргізу жүктелетін уәкілетті органдар тізілімдердегі мәліметтерді тұрақты талдау мен қорытуды жүзеге асырады.
3. Қорытынды ережелер
15. Тізілімдерді жүргізудің ұйымдастырушылық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етілуін оларды жүргізу жүктелетін уәкілетті органдар тиісті қаржы жылына бөлінген бюджет қаражаты шеңберінде жүзеге асырады.
16. Мүдделі мемлекеттік органдардың сұрау салулары мен заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша тізілімдерді жүргізу жүктелетін уәкілетті органдар тізілімдерден сұратылған мәліметтерді береді.
Сұратылған мәліметтерді беру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесін пайдалана отырып жүзеге асырылуы мүмкін.
Полная версия