«Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 55-21) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Қазақстан Республикасының теңіз көлігі кемелеріндегі қызмет жарғысын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 73 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 мамырда № 11114 тіркелді
Редакция 14.05.2018 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының теңіз көлігі кемелеріндегі қызмет жарғысы бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін, оның көшірмесін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн он жұмыс күні iшiнде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәлiметтердi Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң Заң департаментiне ұсынуды қамтамасыз етсiн.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Ә. Исекешев «КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму минист ________________ Т. Дүйсенова 2015 жылғы 4 сәуір «КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі ________________ Е. Ыдырысов 2015 жылғы 15 сәуір
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 73 бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасының теңіз көлігі кемелеріндегі қызмет жарғысы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының теңіз көлігі кемелеріндегі қызмет жарғысы (бұдан әрі - Жарғы) «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 55-21) тармақшасына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының теңіз көлігі кемелеріндегі (бұдан әрі - кемелер) қызметті ұйымдастырудың негізгі ережелерін айқындайды.
2. Осы Жарғы типіне, мақсатына және меншік нысанына қарамастан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзуді жүзеге асыратын барлық теңіз кемелеріне қолданылады. Осы Жарғы Қазақстан Республикасының Әскери-Теңіз Күштерінің және шекаралық қызметтің теңіз бөлімдерінің туын көтеріп жүзетін кемелерге қолданылмайды.
3. Осы Жарғының талаптары кеме экипажы мүшелеріне олар кемеде болған кезде де, жағада қызметтік міндеттерді орындау кезінде де, сондай-ақ уақытша болған және кемеде қызметтік міндеттері мен жұмысын орындап жүрген тұлғаларға да міндетті болады.
4. Экипаж еңбегін кеме капитаны 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, Заңға және осы Жарғыға сәйкес ұйымдастырады.
4-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Инвестициялар және даму министрінің 04.11.2016 жылғы № 772 Бұйрығына сәйкес (30.01.2015 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 27.01.2017 жылы "ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі" ақпараттық жүйесінде жарияланды
5. Осы Жарғыға кірмеген экипаж мүшелерінің лауазымдық міндеттері кеме капитанымен келісім бойынша кеме иесінің лауазымдық нұсқаулығында анықталады.
Полная версия