1. Осы «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде банктердің микроқаржы ұйымдарына берген кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әзірленді және банктердің кредиттері бойынша микроқаржы ұйымдарының міндеттемелерін орындауын ішінара қамтамасыз ету ретінде кепілдік беру тетігі мен шарттарын айқындайды.
Внимание! Документ утратил силу с 25.08.2018
«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде банктердің микроқаржы ұйымдарына берген кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру қағидалары
Қағидалар жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 23.06.2016 жылғы № 370 Қаулысына сәйкес (31.07.2015 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 02.07.2016 жылы № 126 (28854) Егемен Қазақстан Республикалық газетінде жарияланды Осы Қағидалар күшін жойды ҚР Үкіметінің 25.08.2018 жылғы № 522 Қаулысына сәйкес
Редакция 31.07.2017 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Жалпы ережелер
2. Микроқаржы ұйымдарының кредиттері бойынша кепілдік беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 168 қаулысымен бекітілген «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) шеңберінде жүзеге асырылады.
3. Кепілдік беру үшін көзделген қаражатты кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган мен қаржы агенттігі арасында жасалған «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде микрокредит беру бойынша субсидиялау және кепілдік беру туралы шарттың негізінде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган аударады. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде микрокредит беру бойынша субсидиялау және кепілдік беру туралы шарттың үлгілік нысанын кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
2. Терминдер мен анықтамалар
4. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) банктік кредит (бұдан әрі – кредит) – мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз ету және нысаналы пайдалану шарттарында микроқаржы ұйымының банктік қарыз шартының негізінде банк беретін ақша сомасы. Банктік кредитке кредиттік желі де жатады.
2) кепілдік беру – микроқаржы ұйымын мемлекеттік қолдаудың Бағдарламада, осы Қағидаларда және кепілдік шартында айқындалған талаптармен микроқаржы ұйымының кредиті бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету ретінде кепілдік беру түрінде пайдаланылатын нысаны;
3) мемлекеттік даму институттары – ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, акцияларының бақылау пакеттері экономиканың түрлі салаларында мемлекеттік қолдау шараларын көрсететін ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық холдингке тиесілі акционерлік қоғамдар;
4) кепілдік шарты – уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша қаржы агенттігі, банк және микроқаржы ұйымының арасында жасалған кепілдік беру туралы жазбаша келісім;
5) Бағдарламаның жергілікті үйлестірушісі – облыс әкімі айқындайтын Бағдарламаны қалада немесе аудандық деңгейде іске асыруға жауапты қаланың/ауданның құрылымдық бөлімшесі;
6) микроқаржы ұйымы (бұдан әрі – МҚҰ) – коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелу және есептік тіркеуден өту арқылы айқындалатын, микрокредиттер беру жөніндегі қызметті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында рұқсат етілген қызметтің қосымша түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға;
7) микрокредит – микроқаржы ұйымы кәсіпкерге мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз ету және нысаналы пайдалану шарттарында беретін кредит;
8) кәсіпкер – өз жобаларын ауылдық елді мекендерде, шағын қалаларда және моноқалаларда салалық шектеулерсіз іске асыратын және (немесе) іске асыруды жоспарлап отырған жеке кәсіпкерлік субъектісі;
9) Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі – облыс (астана, республикалық маңызы бар қала) әкімі айқындайтын облыстық (астана, республикалық маңызы бар қала) деңгейде Бағдарламаның іске асырылуына жауапты жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;
10) өңірлік үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – ӨҮК) – облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері құратын және басқаратын, жалпы санының кемінде 50 %-ы бизнес-қоғамдастықтардың өкілдерінен тұратын консультативтік-кеңесші орган;
11) қаржы агенттігі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы;
Полная версия