Близость слов: Окончание:





ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСУ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ
Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2015 жылғы 30 қараша
Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар!
Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. 
Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырады. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. 
Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бүгін жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын Қазақстан халқына Жолдауымды жария етпекпін.
Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар!
Бірнеше күннен кейін тарих ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығының есебін бастайды. Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты. Біз бәріміз бірге көптеген сынақтарға төтеп бердік, шынықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік. Біздің халқымыз бұған дейін ешқашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес. Біз көп нәрселерге қол жеткіздік. 
Қазір әлем шапшаң қарқынмен өзгеруде. Басқаша дәуір туып келеді. Біздің көз алдымызда өзгеше мүмкіндіктері мен тәуекелдері бар жаңа жаһандық нақты ахуал пайда болуда. Бүгінде Қазақстан экономикасына әлемдік рыноктардағы құлдырау туындатқан бірқатар сыртқы факторлар теріс әсерін тигізуде. Жаһандық дағдарыстардың шығу төркіні біздерге байланысты емес. Жаһандық дағдарыстар ықпалынан ешкім де сақтанып қала алмайды.
І. Жаңа жаһандық нақты ахуалдың сын-қатерлері
Бүгінде бізге де әлем дамуының бүкіл сын-қатерлерін көре білудің маңызы зор. 
Біріншіден, қазіргі жаһандық дағдарыс жаппай қамту сипатына ие. Іс жүзінде барлық әлемдік рыноктар – қаржы, көмірсутегі, металдар, азық-түлік және басқа да рыноктар тұрақсыз. Біздің экспорттық өнімдерімізге сұраныстың төмендеуінің негізгі себебі де осында. 
Екіншіден, әлемнің барлық экономикаларында да экономикалық өсімнің баяулауы байқалуда. Бүгінде жаһандық ІЖӨ өсімінің үнемі төмендеуі жөніндегі болжамдар ешкімді де таңқалдырмайды. 2011 жылдың күзінен бастап Халықаралық валюта қоры оларды 5-тен 3 пайызға дейін төмендете отырып, болжамдық көрсеткіштерді 6 рет қайта қарады. Және, шамасы, бұл да шек емес сияқты. 
Үшіншіден, бүгінде мұнайдан түсетін супертабыстар жоқ. 
Төртіншіден, жаһандық экономика саяси факторлардың қысымын сезінуде. Әлем тұрақсыз бола түсті. Жетекші державалар бір-біріне қарсы санкциялар енгізді. Олардың арасындағы сенім күрт төмендеп кетті. Таяу және Орта Шығыс, Солтүстік және Орталық Африка өңіріндегі тұрақсыздық пен дау-жанжалдар кең ауқымды босқындар ағынына апарып соқтырды. Әрбір күн террорлық актілер мен ондаған адамдардың қаза тапқандары туралы хабарлар жеткізуде. Бүгінде халықаралық терроризм әлемге елеулі қатер төндіріп тұр. Бұл тәуелсіз мемлекеттердің ішкі істеріне сыртқы күштердің араласуы жолымен мемлекеттіліктің күйреуінің нәтижесі. 
Әлемнің дамуы күштердің әлемдік және өңірлік орталықтарының арасындағы қатаң бәсекелестік аясында жүретін болады. Жаңа жаһандық өмір шындығының сын-қатерлеріне біз өзіміздің нақты мүмкіндіктеріміз негізіндегі біртұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек.
ІІ. Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері
Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналды. Іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Алғашқы онжылдықта – Тәуелсіздіктің қалыптасуының ең қиын кезеңінде – біз негізінен «мұнайсыз» өмір сүрдік. Тәуелсіз Қазақстан әр кезде де сыртқы экономикалық стихияларға кереғар дамып отырды. Біз Тәуелсіздігімізді жариялаған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндіріс тоқтап, адамдар жұмыссыз және өмір сүруге қажетті қаржысыз қалды. Біз лайықты түрде, әрбір қадам сайын ол дағдарысты еңсере білдік. Біздің еліміз өзгерістердің алғашқы нәтижелерін енді ғана сезіне бастаған сәтте 1997-1998 жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаржы дағдарысы келіп жетті. 
Сол уақыттары қабылданған стратегиялық шешімдер мен іс-қимылдар маңызды оң сипатты мәнге ие болды. Ол кең ауқымды жекешелендіру мен біздің экономикамызға көптеген трансұлттық компаниялардың келуі. Сол кезеңде біз жаңа елордамыз – Астананың құрылысын қолға алдық, Каспий құбырлы өткізгіш консорциумы жұмыс істей бастады, «Қазақстан-2030» Стратегиясы бастау алды. 2007-2009 жылдардағы дүниежүзілік қаржы дағдарысы туындаған кезде Ұлттық қор құру туралы шешімнің маңыздылығы мейлінше айқын бола түсті. 20 миллиард доллардай – Қазақстан ІЖӨ-сінің 14 пайызы – жұмыспен қамтуды қолдауға, жолдарды жөндеуге және салуға, қалалар мен ауылдарды көріктендіруге бөлінді. Банк секторы, шаруа қожалықтары, шағын және орта бизнес көмекке қол жеткізді. Арам ниетті құрылыс салушыларға алданған мыңдаған үлестік құрылысқа қатысушылар мемлекеттің ізгілікті ерік-жігерінің арқасында жаңа тұрғын үйлер алып шықты. 
Біз дағдарысқа қарсы екі жоспарды әзірлеп, дәйектілікпен жүзеге асырдық. Бұл біздің экономикалық қиындықтарды еңсерудегі зор да табысты тәжірибеміз. Қазіргі жаһандық дағдарыс біздің басымызға күтпеген жерден келіп түскен жоқ. Мен жаңа толқынның қайткенде де келіп соғатынын талай рет айтқанмын. Бұл жолы Қазақстан дағдарысқа қарсы алдын алу стратегиясын алғаш рет қолданып отыр. 
Біріншіден, біз қазірдің өзінде индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын бастадық, яғни шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз. 
Полная версия
ИС BestProfi