2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Су кодексінің 37-бабы 1-тармағының 28-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Бөгеттердің қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталатын ұйымдарға қойылатын талаптарды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 19-2/1053 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 желтоқсанда № 12635 болып тіркелді
1. Бөгеттердің қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталатын ұйымдарға қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң, бірақ 2016 жылғы 1 қаңтардан кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков
«КЕЛІСІЛГЕН» Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі ___________ Е. Досаев 2015 жылғы 25 желтоқсан
«КЕЛІСІЛГЕН» Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі ___________ Қ. Қасымов 2015 жылғы 8 желтоқсан
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінiң 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 19-2/1053 бұйрығымен бекітілген
Бөгеттердің қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталатын ұйымдарға қойылатын талаптар
1. Пайдалануға берілген кемінде I класты екі бөгет, (немесе) II класты бес бөгет, (немесе) III класты он бөгет құрылысының жобаларын әзірлеу тәжірибесінің, сондай-ақ, гидротехникалық құрылыстарды жобалау, салу, жөндеу және реконструкциялау, пайдалануда жұмыс тәжірибесінің болуы.
2. Штатта техникалық ғылымдар (гидротехникалық құрылыстарды салу және пайдалану, гидрогеология, геодезия, геология, гидрология, гидромелиорация), ауыл шаруашылығы ғылымдары (су ресурстары және суды пайдалану), жаратылыстану ғылымдары (гидрология) саласында жоғары кәсіптік білімі бар мамандардың, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды жобалау, салу, жөндеу және реконструкциялау, пайдалануда аттестаттары, сертификаттары, жұмыс тәжірибесі бар, еңбек өтілі 3 жылдан кем емес салааралық мамандардың болуы.
3. Бөгеттерді жобалау, салу және пайдалану саласындағы нормативтік-техникалық құжаттаманың (ҚР ҚНжЕ 3.04-01-2008 «Гидротехникалық құрылыстар. Жобалаудың негізгі ережелері», ҚР ҚНжЕ 3.04-02-2008 «Топырақты материалдардан тұратын бөгеттер», ҚР ҚНжЕ 3.04-03-2008 «Бетонды және темірбетонды бөгеттер»), сондай-ақ бөгеттердің қауіпсіздігі саласында сараптама жүргізуді регламенттейтін басқа да құжаттардың болуы.
Полная версия