Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында төрелік қызмет процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ Қазақстанда төрелік шешімдерді танудың және орындаудың тәртібі мен шарттарын реттейді.
Төрелік туралы Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 488-V Заңы
Осы Заңға 01.01.2023 жылдан бастап өзгерістер енгізу көзделген ҚР 05.11.2022 жылғы № 157-VII ҚРЗ Заңына сәйкес
Редакция 01.07.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қолданылу аясы
Осы Заң, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, дау субъектілерінің мемлекет ішінде немесе оның шегінен тысқары жердегі тұрғылықты жеріне немесе орналасқан жеріне қарамастан, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қатысуымен болатын азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған, төрелік шешетін дауларға қатысты қолданылады.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасының жария тәртібі – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекітілген құқық тәртібінің негіздері;
2) сот – Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес бірінші саты бойынша азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар туралы істерді қарауға уәкілетті Қазақстан Республикасы сот жүйесінің соты;
3) төрелік – нақты дауды қарау үшін арнайы құрылған төрелік немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік;
4) төрелік келісім – азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған немесе туындауы мүмкін дауды төрелікте қарауға беру туралы тараптардың жазбаша келісімі;
5) төрелік регламенті – тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметін ұйымдастыру тәртібі және төрелік талқылау қағидалары;
6) төрелік талқылау – дауды қарау процесі;
7) төрелік талқылаудың тараптары (бұдан әрі – тараптар) – араларында төрелік келісім жасалған талап қоюшы мен жауапкер;
8) төрелік шешім – төрелік шығарған шешім;
9) төреші – дауды шешу үшін тараптар сайлаған немесе осы Заңға және (немесе) тиісті төреліктің регламентіне сәйкес тағайындалған жеке тұлға;
10) іскерлік айналымның дағдылары – қандай да бір құжатта тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан қолданылатын құқыққа қайшы келмейтін, азаматтық-құқықтық қатынастар саласында қалыптасқан және кеңінен қолданылатын ұстаным қағидалары.
10-тармақша өзгертілді ҚР 21.01.2019 жылғы № 217-VІ Заңымен (27.02.2017 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 03.02.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
3-бап. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Полная версия

