Осы Заң Қазақстан Республикасында төлем жүйелерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі, төлем жүйелерін реттеу және оларды қадағалау (оверсайт), төлем қызметтері нарығын реттеу және оларды бақылау, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Төлемдер және төлем жүйелері туралы Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 26 шілдедегі № 11-VІ Заңы
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР 22.11.2024 № 138-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 24.05.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 04.12.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ағымдағы шот – банктік шот шарты негізінде банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ашатын банктік шот;
2) ақпараттық көрсетілетін банктік қызметтер – клиенттің банктік шотына қызмет ұсынатын көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің бұйрық бойынша және клиенттің келісімімен оның банктік шоты бойынша ақша қалдықтары және (немесе) қозғалысы туралы, осы шот бойынша жүзеге асырылған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы ақпаратты және клиенттің сұратуы бойынша не клиент пен көрсетілетін төлем қызметтерін беруші арасында жасалған шарт бойынша өзге де ақпаратты клиентке немесе үшінші тұлғаға ұсынуы жөнінде көрсетілетін қызметтері;
3) ақша аударымдары жүйесі – банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін келісім жасасқан төлем жүйесі операторының бағдарламалық қамтамасыз етуі пайдаланыла отырып, ақша аударымдары жүзеге асырылатын төлем жүйесі;
4) ақша аударымы – көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің төлемді жүзеге асыруға немесе өзге де мақсаттарға байланысты клиенттің ақша беру туралы нұсқауын дәйектілікпен орындауы;
5) ақша жөнелтуші – төлем және (немесе) ақша аударымы өз есебінен жүзеге асырылатын тұлға;
6) ақша жөнелтушінің банкі – ақша жөнелтушіге қызмет көрсететін банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
7) ақша жөнелтушінің тұрақты өкімі – ақша жөнелтушінің осы тапсырмада көрсетілген шарттар мен деректемелерге сәйкес өз атынан бір немесе бірнеше бенефициардың пайдасына тұрақты төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру туралы ақша жөнелтушінің банкіне тапсырмасы;
7-1) «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысушы банк – «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында депозиттер қабылдау және (немесе) банктік шоттар ашу және жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынуға «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің лицензиясы бар «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысушы;
1-бап 7-1-тармақшамен толықтырылды ҚР 12.07.2022 жылғы № 138-VII Заңына сәйкес (өзгерту 12.09.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
7-2) алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы – алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы клиенттің ақшасын жымқыруға бағытталған үшінші бір тұлғалардың әрекеттері нәтижесінде жүзеге асырылған төлем және (немесе) ақша аударымы (осындай төлемді және (немесе) ақша аударымын жасауға әрекеттенуді, орындалу процесіндегі төлемді және (немесе) ақша аударымын қоса алғанда);
1-бап 7-2-тармақшамен толықтырылды ҚР 21.05.2024 № 86-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 22.07.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
7-3) алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығы (бұдан әрі – антифрод-орталық) – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын болғызбауға бағытталған шараларды жүзеге асыратын заңды тұлғасы;
1-бап 7-3-тармақшамен толықтырылды ҚР 21.05.2024 № 86-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 22.07.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
8) аутсорсинг – көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің көрсетілетін төлем қызметтерін ұсынуды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпараттық-технологиялық функцияларды орындауды көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің көрсетілетін қызметтерді өтеулі ұсыну туралы шарттың (аутсорсинг туралы шарт) негізінде үшінші тұлғаларға беруі;
9) банкаралық ақша аударымдары жүйесі – қатысушылары арасында төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған корреспонденттік шоттардағы ақшаны пайдалана отырып, қатысушысының әрбір нұсқауын операциялық күн ішінде ақша аударымдарын аяқтай отырып жеке орындау арқылы жүзеге асыруға арналған төлем жүйесі;
10) банкаралық клиринг жүйесі – жүйеге қатысушы банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арасында төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын қатысушылар нұсқауларының көпжақты клирингі арқылы жүзеге асыруға арналған төлем жүйесі;
11) банктік шот – клиенттің банктегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы ақшасының қозғалысын, сондай-ақ клиентке банк қызметін көрсету бойынша клиент пен банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым арасындағы шарттық қатынастарды көрсету және есепке алу тәсілі;
Полная версия