Отправить по почте
Осы редакция 23.06.2009 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды.
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы N 212 Кодексі
ЖАЛПЫ БӨЛIМ
1-БӨЛIМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) биологиялық әртүрлiлiк - бiр түр аясында, түрлер арасындағы және экологиялық жүйелердегi жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi объектiлерiнiң әртүрлiлiгi;
2) биологиялық ресурстар - генетикалық ресурстар, организмдер немесе олардың бөлiктерi, популяциялар немесе экологиялық жүйелердiң адамзат үшiн нақты немесе ықтимал пайдасы немесе құндылығы бар кез келген басқа да биотикалық компоненттерi;
3) генетикалық түрлендiрiлген организмдер - өсiмiн молайтуға немесе тұқым қуалайтын генетикалық материалды беруге қабiлеттi, табиғи организмдерден ерекше, гендiк инженерия әдiстерi қолданыла отырып алынған және құрамында гендiк-инженерлiк материал (гендер, олардың фрагменттерi немесе гендер комбинациясы) бар организмдер;
4) генетикалық түрлендiрiлген өнiмдер - гендiк инженерия әдiстерi пайдаланыла отырып алынған, құрамында жансыз генетикалық түрлендiрiлген организмдер немесе солардың компоненттерi бар өсiмдiктен және (немесе) жануарлардан алынатын өнiмдер;
5) ең озық қолжетiмдi технологиялар - пайдаланылатын және жоспарланатын салалық технологиялар, шаруашылық қызметтiң қоршаған ортаға терiс әсерiнiң деңгейiн қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерi қамтамасыз етiлетiндей деңгейге дейiн азайтуға бағытталған, ұйымдастыру және басқару шараларын қамтамасыз ететiн техника және жабдық;
6) инерттi қалдықтар - елеулi физикалық, химиялық немесе биологиялық өзгерiстерге ұшырамайтын әрi қоршаған ортаға және адамның денсаулығына қолайсыз әсер етпейтiн қалдықтар;
7) коммуналдық қалдықтар - елдi мекендерде, оның iшiнде адамның тiршiлiк әрекетi нәтижесiнде пайда болған тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы және жиналу сипаты жағынан осыларға ұқсас өндiрiс қалдықтары;
8) қалдықтар сыныптауышы - қалдықтарды сыныптау нәтижелерi қамтылған, қолданбалы сипаттағы ақпараттық-анықтамалық құжат;
9) қалдықтарды есепке алу - қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамалары және олармен жұмыс iстеу тәсiлдерi туралы ақпаратты жинау және беру жүйесi;
10) қалдықтарды жою - қалдықтарды көму және жою жөнiндегi операциялар;
11) қалдықтарды залалсыздандыру - механикалық, физикалық-химиялық немесе биологиялық өңдеу жолымен қалдықтардың қауiптi қасиеттерiн азайту немесе жою;
12) қалдықтарды кәдеге жарату - қалдықтарды қайталама материалдық немесе энергетикалық ресурстар ретiнде пайдалану;
13) қалдықтарды көму - қалдықтарды шектеусiз мерзiм iшiнде қауiпсiз сақтау үшiн арнайы белгiленген орындарға жинап қою;
14) қалдықтарды өңдеу - қалдықтардың көлемiн немесе қауiптi қасиеттерiн азайту үшiн олардың сипатын өзгертетiн, олармен жұмыс iстеудi жеңiлдететiн немесе оларды кәдеге жаратуды жақсартатын сұрыптауды қоса алғанда, физикалық, жылу, химиялық немесе биологиялық процестер;
15) қауiптi қалдықтар паспорты - қалдықтардың шығу көзi бойынша пайда болу процестерiнiң, олардың сандық және сапалық көрсеткiштерiнiң, мұндай қалдықтармен жұмыс iстеу ережелерiнiң, оларды бақылау әдiстерiнiң, бұл қалдықтардың қоршаған ортаға, адам денсаулығына және (немесе) тұлғалар мүлкiне зиянды әсер ету түрлерiнiң стандартталған сипаттамасы, қалдықтарды шығарушылар, меншiгiнде қалдықтар бар өзге де тұлғалар туралы мәлiметтер қамтылған құжат;
16) қалдықтарды орналастыру - өндiрiс және тұтыну қалдықтарын сақтау немесе көму;
17) қалдықтарды сақтау - қалдықтарды кейiннен қауiпсiз жою мақсатында оларды арнайы бөлiнген жерлерде жинап қою;
18) қалдықтарды сыныптау - қалдықтардың қоршаған ортаға және адам денсаулығына қауiптiлiгiне сәйкес оларды жiктеуге жатқызу тәртiбi;
19) қалдықтардың түрi - шығу көзiне, қасиеттерiне және жұмыс iстеу технологиясына сәйкес жалпы белгiлерi бар, қалдықтар жiктеуiшi негiзiнде айқындалатын қалдықтар жиынтығы;
20) қалдықтармен жұмыс iстеу - қалдықтардың пайда болуының алдын алуды және оларды азайтуды, есепке алу мен бақылауды, қалдықтардың жиналып қалуын, сондай-ақ қалдықтарды жинауды, өңдеудi, кәдеге жаратуды, залалсыздандыруды, тасымалдауды, сақтауды (жинап қоюды) және жоюды қоса алғанда, қалдықтармен байланысты қызмет түрлерi;
21) қауiптi қалдықтар - құрамында қауiптi қасиеттерi (уыттылығы, жарылыс қаупi, радиоактивтiлiгi, өрт қаупi, жоғары реакциялық қабiлетi) бар зиянды заттар болатын, дербес немесе басқа заттармен байланысқа түскен кезде қоршаған ортаға және адам денсаулығына тiкелей немесе ықтимал қауiп төндiретiн қалдықтар;
22) қауiптi емес қалдықтар - қауiптi және инерттi қалдықтарға жатпайтын қалдықтар;
23) қолайлы қоршаған орта - жай-күйi экологиялық қауiпсiздiктi және халықтың денсаулығын сақтауды, биоәртүрлiлiктi сақтауды, ластануды болғызбауды, экологиялық жүйелердiң тұрақты жұмыс iстеуiн, табиғи ресурстарды молықтыруды және тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ететiн қоршаған орта;
24) қоршаған орта - атмосфералық ауаны, Жердiң озон қабатын, жер бетiндегi және жер астындағы суларды, жердi, жер қойнауын, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн, сондай-ақ осылардың өзара әрекетiнен туындайтын климатты қоса алғанда, табиғи және жасанды объектiлердiң жиынтығы;
25) қоршаған ортаға келтiрiлетiн залал - табиғи ресурстардың жұтаңдауы мен сарқылуын немесе тiрi организмдердiң қырылуын туындатып немесе туындататындай етiп қоршаған ортаны ластау немесе табиғи ресурстарды белгiленген нормативтерден артық алу;
26) қоршаған ортаға эмиссиялар - ластағыш заттардың шығарындылары, төгіндiлері, қоршаған ортада өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастыру, зиянды физикалық әсер ету;
27) қоршаған ортаға эмиссияларға арналған квота - нақты табиғат пайдаланушыға белгiлi бiр мерзiмге бөлiнген қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттiң бiр бөлiгi;
28) қоршаған ортаға эмиссияларға арналған лимиттер - белгiлi бiр мерзiмге арнап белгiленетiн қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтiк көлемi;
29) қоршаған орта сапасының нормативтерi - қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы жай-күйiн сипаттайтын көрсеткiштер;
30) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерi - қоршаған ортаның сапасын бiртiндеп жақсарту қажеттiгi ескерiле отырып, қоршаған ортаның белгiлi бiр уақыт кезеңiне арнап нормаланатын параметрлерiнiң шектi деңгейiн сипаттайтын көрсеткiштер;
31) қоршаған ортаны қорғау - қоршаған ортаны сақтау мен қалпына келтiруге, шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған ортаға терiс әсерiн болғызбауға және оның зардаптарын жоюға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi;
32) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган - қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеу мен iске асыру мәселелерi бойынша басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары;
33) қоршаған ортаның авариялық ластануы - жеке және (немесе) заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптi түрлерiн жүзеге асыруы кезiнде болған авариядан туындаған және зиянды заттарды атмосфераға шығару және (немесе) суға ағызу салдары немесе жер бетi учаскесiнде, жер қойнауында қатты, сұйық немесе газ түрiндегi ластағыш заттардың жайылуы немесе иiстiң, шудың, тербелiстiң, радиацияның пайда болуы немесе сол уақыттағы жол берiлетiн деңгейден асатын электромагниттiк, температуралық әсер ету, жарықтың әсерi немесе өзге де физикалық, химиялық, биологиялық зиянды әсер ету арқылы қоршаған ортаны кенеттен абайсызда ластауы;
34) қоршаған ортаны ластау - қоршаған ортаға ластағыш заттардың, радиоактивтi материалдардың, өндiрiс және тұтыну қалдықтарының түсуi, сондай-ақ шудың, тербелiстердiң, магнит өрiстерiнiң және өзге де зиянды физикалық әсерлердiң қоршаған ортаға ықпалы;
35) қоршаған ортаның ластану учаскелерi - жер бетiнiң және су объектiлерiнiң қауiптi химиялық заттармен белгiленген нормативтерден артық ластанған шектеулi учаскелерi;
36) қоршаған ортаның сапасы - қоршаған ортаның құрамы мен қасиеттерiнiң сипаттамасы;
37) тiршiлiк ету ортасы - қандай да бiр организмнiң немесе популяцияның табиғи мекендейтiн жерiнiң типi немесе орны;
38) мемлекеттiк экологиялық бақылау - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының, қоршаған орта сапасы нормативтерiнiң және экологиялық талаптардың сақталуын бақылау жөнiндегi қызметi;
39) өндiрiс және тұтыну қалдықтары (қалдықтар) - шикiзаттың, материалдардың, өзге де бұйымдар мен өнiмдердiң өндiрiс немесе тұтыну процесiнде пайда болған қалдықтары, сондай-ақ өзiнiң тұтынушылық қасиеттерiн жоғалтқан тауарлар (өнiмдер);
40) өндiрiс пен тұтынудың тұрақты моделi - қайта жаңартылмайтын ресурстарды тұтынуды азайту, қайта жаңартылатын ресурстарды қалпына келтiру және қоршаған ортаның антропогендiк ластануын азайту кезiнде өндiрiстiң өсуiмен сипатталатын әлеуметтiк-экономикалық модель;
41) радиоактивтi қалдықтар - мөлшерi мен шоғырлануы Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасында белгiленген радиоактивтi заттар үшiн регламенттелген мәндерден асатын радиоактивтi заттары бар қалдықтар;
42) сараптама объектiсiн iске асыру - жоспарлау алдындағы, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасында көзделген шешiмдерге сәйкес өнеркәсiптiк және өзге де объектiлердi салу, пайдалану, жою, қызметтер көрсету, бұйымдар мен технологиялардың шаруашылық айналымға түсуi жөнiндегi жұмыстардың басталуы мен барысы, сондай-ақ нормативтiк-құқықтық актiнiң қолданысқа енгiзiлуi, сараптама объектiсiнiң өзге де нақты жүзеге асырылуы;
43) сарқынды сулар - адамның шаруашылық қызметi нәтижесiнде немесе ластанған аумақта пайда болатын, табиғи немесе жасанды су объектiлерiне немесе жергiлiктi жер рельефiне ағызылатын сулар;
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |