• Мое избранное
Внимание! Недействующая редакция документа. Посмотреть действующую редакцию

Отправить по почте

Осы редакция 01.01.2013 жылы енгізілген өзгерістерге  дейін қолданылды.
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы N 212 Кодексі
ЖАЛПЫ БӨЛIМ
1-БӨЛIМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) атмосфераға ластаушы заттарды шығарудың жылжымалы көзі - әр түрлі отынмен жұмыс істейтін, ішкі жану қозғалтқыштарымен жарақтандырылған көлік құралдары, техника және өзге де жылжымалы құралдар мен қондырғылар;
2) байқау пункті - қоршаған ортаның метеорологиялық, агрометеорологиялық және гидрологиялық сипаттамаларын байқаудың стационарлық немесе жылжымалы пункті;
3) белгіленген мөлшер - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша міндеттемелер шеңберінде айқындалған парниктік газдар сіңірулері ескерілген, парниктік газдар шығарындыларының жалпы көлемі;
4) белгіленген мөлшер бірлігі - Қазақстан Республикасының климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасы үшін парниктік газдар шығарындыларының көлемін айқындауға пайдаланылатын көміртегі бірлігі;
5) биологиялық әртүрлiлiк - бiр түр аясындағы, түрлер арасындағы және экологиялық жүйелердегi өсімдіктер мен жануарлар дүниесi объектiлерiнiң әртүрлiлiгi;
6) биологиялық ресурстар - генетикалық ресурстар, организмдер немесе олардың бөлiктерi, популяциялар немесе экологиялық жүйелердiң адамзат үшiн нақты немесе ықтимал пайдасы немесе құндылығы бар кез келген басқа да биотикалық компоненттерi;
7) бірлесіп жүзеге асыру тетігі - парниктік газдар шығарындыларын шектеу және (немесе) азайту бойынша сандық міндеттемелері бар елдердің заңды тұлғалары арасында көміртегі бірліктерін беруге мүмкіндік беретін, Қазақстан Республикасының бірлесіп жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі халықаралық шарттарында көзделген рәсім;
8) валидация (детерминация) - аккредиттелген тәуелсіз ұйым жүзеге асыратын, парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіру жөніндегі жобаларды әзірлеу шеңберінде жобалық шешімдер мен құжаттамалардың әдістемелерін пайдаланудың және оларды дайындау тәртібінің Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру;
9) верификация - парниктік газдар шығарындыларын азайту саласында қабылданған ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген тәуелсіз ұйым жүзеге асыратын, парниктік газдар шығарындыларының көлемін азайтуға қатысты деректерді растау процесі;
10) генетикалық түрлендiрiлген организмдер - тұқым қуалайтын генетикалық материалдың өсiмiн молайтуға немесе оларды беруге қабiлеттi, табиғи организмдерден ерекшеленетін, гендiк инженерия әдiстерi қолданыла отырып алынған және құрамында гендiк-инженерлiк материал (гендер, олардың фрагменттерi немесе гендер комбинациясы) бар организмдер;
11) генетикалық түрлендiрiлген өнiмдер - құрамында жансыз генетикалық түрлендiрiлген организмдер немесе олардың компоненттерi бар, гендiк инженерия әдiстерi пайдаланыла отырып, өсiмдiктерден және (немесе) жануарлардан алынған өнiмдер;
12) ең озық қолжетiмдi технологиялар - қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерiн қамтамасыз етуге дейiн шаруашылық қызметтiң қоршаған ортаға терiс әсерiнiң деңгейiн азайтуға бағытталған, ұйымдастыру және басқару шараларын қамтамасыз ететiн, пайдаланылатын және жоспарланатын салалық технологиялар, техника мен жабдық;
13) жойылуы қиын органикалық ластауыштар - ыдырауға төзімді, биожинақтағыштығымен сипатталатын және ауа, су және көшпелі түрлері арқылы трансшекаралық таралу объектісі болып табылатын, сондай-ақ құрлық экожүйелерінде және су экожүйелерінде жинақтала келіп, өздерінің шығарынды көздерінен алыс қашықтықта шөгетін, тірі организмдердің иммундық, эндокриндік жүйесінің бұзылуына және онкологиялық ауруларды қоса алғанда, түрлі ауруларға алып келетін неғұрлым қауіпті органикалық қосылыстар;
14) квота бірлігі - квота көлемін есептеу үшін қолданылатын көміртегі бірлігі;
15) коммуналдық қалдықтар - елдi мекендерде, оның iшiнде адамның тiршiлiк әрекетi нәтижесiнде түзілген тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы мен түзілу сипаты жағынан осыларға ұқсас өндiрiс қалдықтары;
16) коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган – коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
17) көміртегі бірлігі - көміртегі қостотығының бір тоннасына тең келетін есептік бірлік;
18) көміртегі бірліктері мемлекеттік тізілімінің операторы - көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін жүргізуді жүзеге асыратын ұйым;
19) көміртегі бірліктерінің қайталама айналымы - парниктік газдар шығарындылары нарығы субъектілерінің арасында көміртегі бірліктерін беру, сату және басқа да айналымы процесінде қалыптасатын құқықтық қатынастар;
20) көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі - көміртегі бірліктерін айналымға енгізуге, сақтауға, беруге, сатып алуға, резервке қоюға, жоюға, айналымнан шығаруға байланысты операцияларды есепке алу жүйесі;
21) қалдықтарды есепке алу - қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамалары және олармен жұмыс iстеу тәсiлдерi туралы ақпаратты жинау және беру жүйесi;
22) қалдықтарды жою - қалдықтарды көму және жою жөнiндегi операциялар;
23) қалдықтарды залалсыздандыру - механикалық, физикалық-химиялық немесе биологиялық өңдеу арқылы қалдықтардың қауiптi қасиеттерiн азайту немесе жою;
24) қалдықтарды кәдеге жарату - қалдықтарды қайталама материалдық немесе энергетикалық ресурстар ретiнде пайдалану;
25) қалдықтарды көму - қалдықтарды қауiпсiз сақтау үшiн арнайы белгiленген орындарда шектеусiз мерзiм iшiнде жинап қою;
26) қалдықтардың түрi - шығу көзiне, қасиеттерiне және жұмыс iстеу технологиясына сәйкес ортақ белгiлерi бар, қалдықтар сыныптауышы негiзiнде айқындалатын қалдықтар жиынтығы;
27) қалдықтарды орналастыру - өндiрiс және тұтыну қалдықтарын сақтау немесе көму;
28) қалдықтарды өңдеу - сұрыптауды қоса алғанда, қалдықтардан кейіннен тауарларды немесе өзге де өнімдерді өндіру (дайындау) үшін пайдаланылатын шикізат және (немесе) өзге де материалдар алуға, сондай-ақ қалдықтармен жұмыс iстеудi жеңiлдету, олардың көлемiн немесе қауiптi қасиеттерiн азайту мақсатында қалдықтардың қасиеттерін өзгертуге бағытталған физикалық, химиялық немесе биологиялық процестер;
29) қалдықтарды сақтау - қалдықтарды кейiннен кәдеге жарату, қайта өңдеу және (немесе) жою үшін арнайы белгіленген орындарда жинап қою;
30) қалдықтарды сыныптау - қалдықтардың қоршаған ортаға және адам денсаулығына қауiптiлiгiне сәйкес оларды деңгейге жатқызу тәртiбi;
31) қалдықтармен жұмыс iстеу - қалдықтардың түзілуінің алдын алуды және оларды барынша азайтуды, қалдықтарды есепке алу мен бақылауды, олардың жиналып қалуын, сондай-ақ қалдықтарды жинауды, қайта өңдеудi, кәдеге жаратуды, залалсыздандыруды, тасымалдауды, сақтауды (жинап қоюды) және жоюды қоса алғанда, қалдықтармен байланысты қызмет түрлерi;
32) қалдықтар сыныптауышы - қалдықтарды сыныптау нәтижелерi қамтылған, қолданбалы сипаттағы ақпараттық-анықтамалық құжат;
33) қауiптi емес қалдықтар - қауiптi қасиеті жоқ қалдықтар;
34) қауiптi қалдықтар - құрамында қауiптi қасиеттерi (уыттылығы, жарылыс қаупi, радиоактивтiлiгi, өрт қаупi, жоғары реакциялық қабiлетi) бар зиянды заттарды қамтитын және дербес немесе басқа заттармен қосылған кезде қоршаған ортаға және адамның денсаулығына тiкелей немесе ықтимал қауiп төндiретiн қалдықтар;
35) қауiптi қалдықтар паспорты - қалдықтардың шығу көзi бойынша пайда болу процестерiнiң, олардың сандық және сапалық көрсеткiштерiнiң, олармен жұмыс iстеу қағидаларының, оларды бақылау әдiстерiнiң, осы қалдықтардың қоршаған ортаға, адам денсаулығына және (немесе) тұлғалар мүлкiне зиянды әсер ету түрлерiнiң стандартталған сипаттамасы, қалдықтарды шығарушылар, меншiгiнде қалдықтар бар өзге де тұлғалар туралы мәлiметтер қамтылған құжат;
36) қауіпті химиялық заттар - адам денсаулығына және қоршаған ортаға тікелей немесе ықтимал зиянды әсер ете алатын қасиеттері бар заттар;
37) қолайлы қоршаған орта - жай-күйi экологиялық қауiпсiздiктi және халықтың денсаулығын сақтауды, биологиялық әртүрлiлiктi сақтауды, ластануды болғызбауды, экологиялық жүйелердiң тұрақты жұмыс iстеуiн, табиғи ресурстарды молықтыруды және тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ететiн қоршаған орта;
38) қондырғы - парниктік газдар шығарындыларының нақты көзі;
39) қондырғы операторы - жұмыс істеуі парниктік газдар шығарындыларын көздейтін, Қазақстан Республикасы аумағында меншігінде немесе заңды пайдалануында қондырғысы бар заңды тұлға;
40) қондырғы паспорты - парниктік газдар шығарындыларын жүзеге асыратын қондырғының географиялық орналасқан жері туралы деректерді, пайдаланылатын технологияның қызмет түрлері мен сипаттамаларын, шығарындылардың базалық көлемі мен оларды есептеу әдістемесін, сондай-ақ мониторинг жоспары мен қондырғыларды есепке алу үшін қажетті өзге де мәліметтерді қамтитын құжат;
41) қоршаған орта - атмосфералық ауаны, Жердiң озон қабатын, жер бетiндегi және жер астындағы суларды, жердi, жер қойнауын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесiн, сондай-ақ олардың өзара іс-әрекетiнен туындайтын климатты қоса алғанда, табиғи және жасанды объектiлердiң жиынтығы;
42) қоршаған ортаға келтiрiлетiн залал - табиғи ресурстардың жұтаңдануы мен сарқылуын немесе тiрi организмдердiң қырылуын туындатқан немесе туындататындай етiп қоршаған ортаны ластау немесе табиғи ресурстарды белгiленген нормативтерден артық алу;
43) қоршаған ортаға эмиссиялар - ластаушы заттардың шығарындылары, төгiндiлерi, қоршаған ортада өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастыру, зиянды физикалық әсер ету, күкіртті қоршаған ортада ашық түрде орналастыру және сақтау;