Осы редакция 01.09.2011 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды.
Орман қорының мемлекеттiк есебiн жүргiзу ережесiн бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 қарашадағы N 1182 қаулысы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шiлдедегi Орман кодексiнiң 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Орман қорының мемлекеттiк есебiн жүргiзу ережесi бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2003 жылғы 26 қарашадағы
N 1182 қаулысымен
бекiтiлген
Орман қорының мемлекеттiк есебiн жүргiзу ережесi
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Орман кодексiне сәйкес әзiрлендi және орман қорының мемлекеттiк есебiн ұйымдастыру мен жүргiзудiң тәртiбiн регламенттейдi (бұдан әрi - Ереже).
2. Орман қорының мемлекеттiк есебi (бұдан әрi - есеп) орман қорының күзетiлуi мен қорғалуын, ормандардың молықтырылуы мен орман өсiрудi, орманның пайдаланылу мөлшерiн анықтауды, орман қорының сандық және сапалық өзгерiстерiне жүйелi бақылау жасауды ұйымдастыру және мемлекеттiк органдарды, мүдделi жеке және заңды тұлғаларды орман қоры туралы ақпаратпен қамтамасыз ету үшiн жүргiзiледi.
3. Ескерiлетiн көрсеткiштерiне қарай есепке алу жыл сайынғы және кезеңдiк есептер болып бөлiнедi, олар есептi жылдан кейiнгi 1 қаңтардағы жағдай бойынша жүргiзiледi.
4. Жыл сайынғы есептi жүргiзу кезiнде аудандар, қалалар, облыстар және республика бойынша:
1) мемлекеттiк орман қоры санаттарының бөлiнiсiнде мемлекеттiк орман қоры алқаптарының алаңдары (мемлекеттiк орман иеленушiлер бойынша);
2) жекеше орман қорының алаңдары (жекеше орман иеленушiлер бойынша) ескерiледi.
5. Кезеңдiк есеп бес жылда бiр рет жүргiзiледi.