Осы редакция 30.06.2011 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды.
Паспорттар, жеке куәлiктер мен азаматтық хал актiлерiндегi Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлты туралы жазбаны өзгерту Ережелерiн бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 17 тамыз 1992 ж. N 684
Қазақстан Республикасының "Қазақ КСР Неке және үйелмен туралы Кодексiнiң 63-бабын толықтыру туралы" 1992 жылғы 26 маусымда қабылдаған Заңына байланысты Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Паспорттар, жеке куәлiктер мен азаматтық хал актiлерiндегi Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлты туралы жазбаны өзгертудiң ұсынылған Ережесi бекiтiлсiн.
2. Азаматтардың паспортындағы және жеке куәлiгіндегi ұлты туралы жазбаны өзгертудi олардың жазбаша өтiнiштерi бойынша берiлген арызының негiздiлiгiн растайтын тууы туралы куәлiк пен басқа құжаттардың негiзiнде әдiлет органдары бiр рет жасайтын болып белгiленсiн.
Азаматтық хал актiлерiндегi ұлты туралы жазбаны өзгертудi АХАТ органдары азаматтың өтiнiшi негiзiнде ол қажеттi құжаттарын бергеннен кейiн жүргiзедi.
2-1. "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегi Заңына сәйкес берілетiн ақтау туралы анықтамалар негiзiнде Қазақстан Республикасының аумағына қуғын-сүргiн кезеңiнде күштеп қоныс аударылған Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттарындағы, жеке куәлiктерi мен азаматтық хал актiлерiндегi ұлты туралы жазбаны өзгертуге ерекше түрде рұқсат етiлсiн.
3. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi, Әдiлет министрлiгi қолданылып жүрген ведомстволық актiлердi осы қаулымен сәйкестендiретiн болсын.