Toggle Dropdown
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының тәуелсiз егемендi мемлекет ретiнде дамуының басты шарты болып табылады.
Отправить по почте
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiгi туралы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы N 233 Заңы
Осы Заң күшін жойды 27.01.2012 жылдан бастап ҚР 06.01.2012 жылғы № 527-IV Заңына сәйкес
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының тәуелсiз егемендi мемлекет ретiнде дамуының басты шарты болып табылады.
Осы Заң мемлекеттiк органдардың, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың және азаматтардың ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы құқықтық қатынастарын реттейдi, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң мақсатын, жүйесi мен бағыттарын белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) азық-түлік қауіпсіздігі - тұтынудың физиологиялық нормаларын және демографиялық өсуді қанағаттандыру үшін жеткілікті болатын сапалы азық-түлік тауарларына халықтың нақты және экономикалық қол жеткізуін қамтамасыз етуге мемлекеттің қабілетті екендігін білдіретін экономиканың жай-күйі;
2) ақпараттық қауіпсіздік - мемлекеттік ақпараттық ресурстардың, сондай-ақ ақпарат саласында жеке адамның құқықтары мен қоғам мүдделері қорғалуының жай-күйі;
3) әскери қауіпсіздік - елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына әскери сипатта төнген нақты және ықтимал қауіп-қатерлер мен қол сұғушылықтан Қазақстан Республикасы қорғалуының жай-күйі;
4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі (бұдан әрі - ұлттық қауіпсіздік) - елдің ұлттық мүдделерінің нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі;
5) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері (бұдан әрі - ұлттық мүдделер) - іске асырылуына мемлекеттің адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын, Қазақстан қоғамының құндылықтарын, негіз қалаушы мемлекеттік институттарды қорғауды қамтамасыз ету қабілеті байланысты болатын Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық әлеуметтік және басқа да қажеттерінің жиынтығы;
6) қоғамдық қауіпсіздік - Қазақстан Республикасының азаматтары өмірінің, денсаулығының және игілігінің, сондай-ақ Қазақстан қоғамы құндылықтарының нұқсан келтіруге қабілетті ықтимал қауіптер мен қатерлерден саяси-құқықтық, рухани-адамгершілік, әлеуметтік жағынан қорғалуы;
7) сыртқы қауіпсіздік - Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделерінің шет мемлекеттер, шетелдік ұйымдар мен азаматтар тарапынан туындайтын қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі;
8) ұлттық қауіпсіздік объектілері - жеке адам, оның құқықтары мен бостандықтары, қоғам, оның материалдық және рухани құндылықтары, мемлекет, оның конституциялық құрылысы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы;
9) ұлттық қауіпсіздік субъектілері - өз өкілеттігін биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарының органдары арқылы жүзеге асыратын мемлекет, азаматтар мен ұйымдар;
10) ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатер - ұлттық мүдделерді іске асыруға кедергі жасайтын немесе оларға қауіп төндіретін жағдайлардың, процестер мен факторлардың жиынтығы;
11) ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасы - жеке адам мен азаматтардың конституциялық құқықтарын, Қазақстан қоғамының құндылықтарын, негіз қалаушы мемлекеттік институттарды қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі ресми қабылданған көзқарастар мен шаралар жүйесі;
12) экологиялық қауіпсіздік - жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделері мен құқықтарының қоршаған ортаға антропогендік және табиғи әсерлер салдарынан туындайтын қатерлерден қорғалуының жай-күйі;
13) экономикалық қауіпсіздік - Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының тұрақты дамуы мен экономикалық тәуелсіздігіне қатер төндіретін ішкі және сыртқы жағдайлардан, процестер мен факторлардан қорғалуының жай-күйі.
1-бап жаңа редакцияда ҚР 11.12.2009 № 229-IV (10.07.2009 жылғы редакцияны қараңыз) Заңымен.(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз)
2-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдары
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
3-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету принциптерi
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң принциптерi:
1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру кезiнде заңдылықты сақтау;
2) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiнiң бiр-бiрiне жедел хабардар етiп отыруы және келiсiлген iс-қимыл жасауы;
3) ұлттық қауiпсiздiктiң барлық түрлерiнiң бiрлiгi, өзара байланысы және теңестiрiлгендiгi;
4) саяси, экономикалық және ақпараттық шаралардың басымдығы;
5) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң өзара жауапкершiлiгi;
6) ұлттық қауiпсiздiктi қорғау жөнiндегi iс-әрекеттiң күллi жиынтығын iске асыруды бақылау болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi:
1) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету;
2) елде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты сақтау;
3) Қазақстанның бүкiл халқының игiлiгi үшiн экономикалық даму;
4) қазақстандық патриотизмдi тәрбиелеу және Қазақстан халқының бiрлiгiн нығайту;
5) Қазақстан қоғамының материалдық және рухани құндылықтарын сақтау мен еселей түсу;
6) Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының, оның iшiнде мемлекеттiк тәуелсiздiгiнiң, бiрегей құрылысы мен президенттiк басқару нысанының, тұтастығының, мемлекеттiк шекарасына қол сұғылмаушылық пен ел аумағының бөлiнбестiгiнiң бұлжымас берiктiгi;
7) мемлекеттiк институттардың тұрақты жұмыс iстеуi, оларды нығайту және қызметiнiң пәрмендiлiгiн арттыру;
8) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларының жарақталуы мен жауынгерлiк әзiрлiгiн қамтамасыз ету;
9) заңдарды бұлжытпай орындау және құқық тәртiбiн сақтау;
10) әрiптестiк негiзiнде халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
11) отандық агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің азық-түлік қауіпсіздігін толығынан қамтамасыз ететіндей тиянақты жұмыс істеуі және дамуы болып табылады.
4-бап өзгертілді ҚР 11.12.2009 № 229-IV Заңымен (10.07.2009 жылғы редакцияны қараңыз).(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз)
5-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне төнетiн қауiп-қатер
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне төнетiн қауiп-қатерлер мыналар:
1) заңдылық пен құқық тәртiбiнiң әлсiреуi, оның iшiнде ұйымдасқан нысандарын қоса алғанда қылмыстылықтың өсуi, мемлекеттiк органдардың қылмыстық құрылымдармен астасуы, лауазымды адамдардың капиталдың заңсыз айналымына сүйеушi болуы, сыбайлас жемқорлық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қорғалу дәрежесi төмендеуiне ықпал ететiн қару мен есiрткi заттардың заңсыз айналысы;
2) конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған iс-әрекет, оның iшiнде Қазақстан Республикасының бiрегей құрылысына, тұтастығына, қол сұғылмаушылығына, аумағының бөлiнбестiгiне қиянат келтiретiн iс-әрекет;
3) елдiң қорғаныс қабiлетiнiң әлсiреуi, мемлекеттiк шекараның қол сұғылмаушылығына төнген қауiп-қатер, Қазақстан Республикасына қатысты күш қолдану, оған қарсы агрессия;
4) шет мемлекеттердiң арнаулы қызметтерi мен ұйымдарының, сондай-ақ жеке адамдардың Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге бағытталған барлаушылық, террорлық, диверсиялық және өзге де iс-әрекеттерi;
5) мемлекеттiк органдардың қызметiне iрiткi салу, олардың iркiлiссiз жұмыс iстеуiн бұзу, елдiң басқарылу дәрежесiн төмендету;
6) кез келген нысандағы саяси экстремизм, оның iшiнде әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты немесе алаусыздықты қоздыру;